ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, ЖАҢА ЖЫЛДАН ҮМІТ КӨП

74

0

Міне, Жылқы жылын шығарып салып, Қой жылымен қауыштық. Ескі жылды шығарып салып тұрып, әрбір адам баласы өткенге барлау жасап, істеген ісіне баға береді. Осы орайда тарих қойнауына тапсырған 2014 жыл несімен есте қалды, есігімізден енген 2015 жылдан не күтесіз деген сауалдармен бірнеше азаматтарды әңгімеге тартқан едік.

 

Нұрмұрат
Ерманов, облыстық мәслихат депутаты:


Жылқы жылы біздің облысымыз үшін табыс­ты жыл болды десек, қателеспейміз. 2014
жылы облыстық бюджетті ең жоғары деңгейде, яғни, 172 млрд. теңгемен орындадық.
Бұл бұрынғы жылдарға қарағанда шамамен 20 пайызға артық деген сөз. Өткен жылы
көптеген құрылыс нысандары пайдалануға берілді. 12 апатты мектептің алтауы бас­тап
салынуда, қалған алтауы биыл қолға алынады. Өңірімізде үш аусымды мектептер
жойылды, республикада алғаш болып біздің облыс балаларды мектепке дейінгі
тәрбиемен, яғни, балабақшамен қамту бойынша ең жоғары көрсеткішке жеттік.
Нақтырақ айтқанда, бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың 93 пайызы
балабақшамен қамтылды. Сондай-ақ, Сыр елінде бұрын болмаған зауыттар салынып,
іске қосылды. Мәселен, мия зауыты, әк зауыты. Мұнан бөлек, Еуробанкпен тұрмыс
қалдықтарын өңдейтін зауыт салу туралы күрделі келісімге қол жеткізілді. Өткен
жылы өздеріңізге белгілі, автопарк ашылып, үлкен сыйымдылықтағы 20 автобус
әкелінген болатын. Бүгінде олар тұрғындарға қызмет көрсетуде. Биыл сондай 80
автобус әкелінеді деп күтілуде. Өткен жылдың
басты жаңалығының бірі, ол әуежайдың халықаралық дәреже алуы болды.
Сонымен бірге, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі аяқталды. Оның 823
шақырымы біздің облыс үстімен өтеді. Жалпы, өткен жылы қол жеткізген
табыстарымыз көп, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Сол жұмыстар биыл да
жалғасын табатын болады. 2015 жылы «Астана-Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда» жолы
басталады деп күтілуде. Жаңа қала салу жұмыстары, яғни, сол жағалауды игеру
басталады. Иран республикасымен бірлесе шыны зауытын салу қолға алынады және
«Шалқия» кені игеріледі.

Тәнеш
Оразов, Ұлы Отан соғысының ардагері:


Халқымыз «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тілек тілейді ғой, сол
айтылғандай, өткен Жылқы жылы шынында да есіркеді, жұртқа жайлы болды.
Облысымызда көптеген ауқымды істер атқарылды деп айта аламыз. Мұны күнделікті
жаңалықтардан көріп, біліп отырмыз. Өндіріс орындары ашылды, кәсіпкерлікті
дамыту бағытындағы шаралар да көңілге қонымды. Атап айтқанда, облыс әкімінің
бастамасымен қолға алынған «Ақниет» бағдарламасы ауылдық жерлерде кәсібін
ашушыларға екі жыл қатарынан үлкен демеу болуда. Аймақта ұрпақтар сабақтастығы
бағытында көптеген істер атқарылды. Мәселен, игі жақсыларымызды еске алуға
арналған шаралар соның дәлелі. Осының негізінде Темірбек Жүргенов, Исатай
Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Мұстақым Ықсанов сынды тұлғаларымызды жастарымыздың
жадында қайта жаңғырттық. Облыс орталығынан «Ана мен бала орталығы» ашылып,
қызмет көрсетуде. Елбасы «Нұрлы жол –
болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауын жолдап, жаңа заманға бастайтын жолды
көрсетіп берді. Ал, 2015 жылдан тек жақсылықтар күтеміз, қол жеткізген
табыстарымыз еселене түссін деп тілейміз, азаматтар аман болсын. Қой жылы Ұлы
жеңістің 70 жылдығы тойланғалы отыр. Мұнан өзге Қазақстан халқы ассамблеясының
құрылғанына 20 жыл, Қазақ хандығының 550 жылдығы. Жалпы, 2015 жыл ұлт
тарихымызды ұлықтайтын жыл болғалы тұр.

 

Әлима
Әбдіхалықова, Қызылорда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрайымы:


Өткен жыл барлық сала үшін табысты болды деп ойлаймын. Облыс көлемінде жасалған
игі істерді ауыз толтырып айтуға болады. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдарды билік пен халық арасындағы алтын көпір деп
айтады. Былтыр көптеген халықаралық конференцияларға қатысып, Әзербайжанның,
Ресейдің өкілдерімен тәжірибе алмастық. Сонда байқағаным, біздің өңірдің
үкіметтік емес ұйымдарының айналысып жатқан жобалары жан-жақты әрі нәтижелі
екен. Жылқы жылы облыста отбасылық тәрбиеге, саламатты өмір салтын
қалыптастыруға байланысты атқарылған шаралар да, жетістіктер де мол болды дер
едім. Соның бірден-бір айғағы – облыс­та алғаш рет Еңбек күнінің кең ауқымда
аталып өтуі. Еңбек династиялары таныстырылып, жастарды еңбек етуге үндеген
тағылымға толы үлкен шаралар өтті. Жыл сайын миллионер мұғалімдер саны артуда.
ҮЕҰ үшін жаңа жыл жаңалықтарға толы болмақ. Жаңа мақсаттар бар. ҮЕҰ-ның жұмыс
істеу бағытына бірқатар жаңалықтар енгізілмек. Сонымен бірге заңында да
өзгерістер болады. ҮЕҰ-мен билік және кәсіпкерлік саласы үшжақты бірлікте жұмыс жасамақшы. Бұл ҮЕҰ-ның мәртебесінің
көтерілуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан жауапкершілік жүгі де арта түспек.

 

Сауалнаманы жүргізген:

А. СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз