ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, ЖАҢА ЖЫЛДАН ҮМІТ КӨП

80

0

Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, жаңа жылмен қауыштық. Халқымыз «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға береді. Осы орайда өткен Жылан жылы несімен есте қалды, төрге озған Жылқы жылынан не күтесіз деген сауалды бірнеше азаматқа қойған едік.
Амангелді Әбдібаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Жылан жылы еліміз үшін жаман болған жоқ. Қол жеткізген табыстарымыз, жетістіктеріміз жетерлік. Өткен жылдың ең бір есте қалған сәті өңірімізге Елбасының келуі еді.  Қыркүйек айындағы жұмыс сапарында Н.Назарбаев  бірнеше нысандарда болып, облыста атқарылып жатқан жұмыстарды көзімен көріп, өзінің оң бағасын бергенін білеміз. Мемлекет басшысының бұл сапары қызылордалықтарға үлкен сенім ұялатты. Азаматтардың  тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр өңірі абырой биігінен көрініп келеді. Мысалы, жақында ғана белгілі кәсіпкер бауырымыз Абзал Ераливтің Еңбек Ері атағын алуы осы сөзіміздің бір дәлелі. Былтыр өткен инвестициялық форум жұмысы да өзінің оң нәтижелерін көрсетіп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Айта берсек, өткен жылы облысымызда атқарылған жақсы істер баршылық. Жалпы, ескі жыл есіркеді деп айта аламыз. Ал, жаңа жылдан әдеттегідей тек жақсылықтар күтеміз. Өткен жылы орын алған жетістіктер биыл да өзінің игі жалғасын тапса деп тілейміз. Биыл аймақ басшысының қолдауымен жаңа автопарк салынады деп күтілуде. Жаңа автобустар пайдалануға беріледі деп отыр. Бұл қызылордалықтар куә болатын жақсылықтардың басы ғана деп білеміз.  
Гүлмира Сүлейменова, №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің директоры:
– Өткен жыл өңіріміздің әр саласы үшін табысты жыл болды десем, артық айтқаным емес. Әсіресе, өзім еңбек ететін білім саласы ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтарға толы болды. Бірқатар оң өзгерістер орын алды. Мәселен, облыс орталығынан Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылғанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл білім ордасы заман талабына сай парасатты да білімді ұрпақ тәрбиелеуде орасан зор үлес қосады деп сенеміз. Сонымен қатар, былтыр аймақтағы ұстаздар қауымының мәртебесі асқақтаған жыл болды. Яғни, Жылан жылы облыс әкімінің бастамасымен, ол кісінің тікелей қолдауымен Сыр өңірінің бір топ білікті де білімді әрі тәжірибелі ұстаздары миллионер атанды.   Мұны күндіз-түні көз майын тауысып, тынбай ізденіс үстінде жүретін, шәкірттерінің заманауи білім алуы жолында аянбайтын ұстаздар қауымы еңбегінің бағаланғаны, мұғалімдер мәртебесінің айшықталғаны деп білеміз. 
Ал, өзім еңбек етіп, басшылық жасап отырған білім ошағының жетістігіне тоқталар болсам, біздің мектептің негізі сонау 1958 жылы қаланған. Сонан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ошағы ғимаратына былтыр, яғни, Жылан жылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Шәкірттеріміздің білім көрсеткіші де жаман емес. Жалпы, өткен жылға өкпем жоқ. Жаңа жылдан да күтер жақсылығымыз көп. Білім бәйгесіне қосар сәйгүліктеріміз оза шауып, бәйге алып, ұжым абыройын асқақтатса екен деймін. Сыр елінде миллионер мұғалімдер қатары молая берсе екен деп тілеймін. Жалпы, Жылқы жылында аймағымыздың барлық саласы арғымақтай оза шауып өсіп-өркендей берсе деген тілек бар!
Дастанбек Садық,  «Ақмешіт жастары»  газетінің жауапты хатшысы:
– Мінезіміз бен өз кеңістігімізге салып, бажайлай қарасақ, өткен жылы біршама шаруаны игеріппіз. Жылан жылы жылыстап енгеннен жаңалығы мол болды. Әсіресе, жастарға қатысты жағымды жаңалықтар көп. «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» демекші, Сыр жастарының басын біріктіріп, олардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын жастар саясаты басқармасы құрылды.  Онан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен «Ақмешіт жастары» жастар газеті жарыққа шықты. Бұл басылым аймақ жастарының таным көкжиегін кеңейтіп, жастарға қатысты жаңалықтардың жаршысы, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, олардың «көзі, құлағы һәм тілі» болады деп үміттенемін.  Ал, жаңа Жылқы жылынан күтер жақсылығымыз мұнан да көп. Жалпы, Жылқы табиғатында жайлы, шаруаға оңтайлы жануар ғой, сондықтан бұл жыл иесі секілді тұрғындар үшін қолайлы, табысты болады деп сенемін.
Сауалнаманы жүргізген: Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз