ТҮЛЕКТЕРІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ТАБАТЫН КОЛЛЕДЖ

49

0

Уақыт
тегершiгi iлгерi жылжыған сайын қоғамда
кәсiптiк бiлiм беретiн мектептердiң деңгейiн көтеру, кәсiптiк-техникалық
мамандар даярлау iсi бүгiнгi күннiң басты мәселесiне айналды. Өркениетке
ұмтылған заман талабы жаңа уақыт мамандығын игергендердi көбiрек қажет етедi.
Қоғамда кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарына деген жаңа көзқарас қалыптасып,
оған жастардың айтарлықтай бет бұрғаны аңғарылады. Осының бiр айғағын Қызылорда политехникалық колледжiнiң өмiрiнен
аңғаруға болады.

Өзiнiң алғашқы
атауын өткен ғасырдың елуiншi жылдары «Десятниктер мектебi» болып бастаған оқу
орны осы кезге дейiн атауын 6 рет өзгертiптi. Алайда, ұстанған мақсаты бiр
– кәсiптiк маман даярлау. Өткен жылдың
тамыз айынан бастап №9 кәсiптiк лицей атауын «Қызылорда политехникалық
колледжiне» ауыстырған оқу орны екi сатылы бiлiм кешенiн жүзеге асыруда. Яғни,
лицей-колледж негiзiнде үздiксiз
кәсiптiк бiлiм беру жүйелi түрде жүргiзiлiп келедi. Мұндай кешендi құрудың
басты мақсаты – бiлiм беру жүйесiн заман талабына сай жақсарту және жетiлдiру,
бiр профильдi мамандықтардың бiлiм
бағдарламаларын сәйкестендiру болып табылады. Бұл күндері колледж 9 мамандық
бойынша агроөнеркәсіп кешендеріне, мұнай-газ, энергетика және көлік,
автомобиль, темір жолдары, төтенше жағдай және өрт қауіпсіздігі саласына, шағын
және орта бизнес субъектілеріне, құрылыс мамандарын дайындайды.

– ҚР-ның
«Білім туралы”, «Әлеуметтік серіктестік тура­лы” Заңдарында, Қазақстан Рес­публикасындағы білімді
дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және
Елбасының халыққа Жолдауында жастардың
сапалы білім алуы үшін оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында әлеуметтік серіктестік шеңберін кеңейту қарастырылған, оқытудың
жаңа концепциясы қабылданған, мұның бәрі қашаннан қалыптасқан оқыту әдістерін өзгертуді талап етеді,–
дейді колледж директоры Бақыт Кенбаев.–
Әлеуметтік серіктестік дегеніміз –
қызметкерлер мен жұмыс
берушілер, мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін үйлестіруге бағытталған өзара қатынастар жүйесі.

Колледж
оқушылары осында-ақ жеңіл және КамАЗ
автокөліктерінің, бір ожаулы эксковатордың оқыту-үйрету тренажерлерінде,
электро­монтер мамандығы бойынша қазіргі заманғы оқыту құрылғыларымен
жабдықталған зертханада және газэлектрмен пісіруші мамандығы бойынша оқыту
шеберханасында біліктілік пен дағдының
бастапқы әліппесін үйрену мақсатында дәріс алады. Оқушылар колледж қабырғасында
алған білімдерін әлеуметтік серіктес
мекемелердің базасында машықтану
сабақтары мен өндірістік тәжірибе барысында жетілдіріп отырады.

Бүгінгі таңда
көптеген орта, ірі өндіріс
ошақтарына біліктілігі жоғары,
кәсіби шыңдалған жұмысшы және орта буын мамандары жетіспей жатқаны мәлім. Еңбек
нарығында сұраныс бар жерде ұсыныстың міндетті түрде өз орнын табатынын
ескерсек, осынау олқылықтың орнын орта буын оқу орындары толтыратыны тағы аян.
Соған орай политехникалық колледж аймақтағы 20 ірі кәсіпорын, мекемемен тығыз
байланыс орнатты. Колледж «Вест-авто”,
«Монтажспецстрой”, «Ме­лиоратор”,
«КСМиК”, «Сыр жа­рығы”, «Қызылорда
жол­дары”, «Сырдариямұнай”, «Тор­ғай-Петролеум”, ”КАМ”, «Қаз­Гермұнай”БК ЖШС-лары мен ”Қы­зылорда су
жүйесі” МКК, мейрамхана-дәмханалармен, өзге де ұжымдармен екіжақты келісім-шарт
жасасып, оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді. Осы
келісім-шарт нәтижесінде оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі көп жеңілдеді.
Бірқатар кәсіпорындар өздеріне барған
студенттерді мамандығы бойынша білікті тәлімгерлерге бекітіп беріп, олардың
өндірістік тәжірибесінің нағыз қайнаған еңбектің ортасында өтуіне жағдай
жасайды.

Әлеуметтік
серіктестіктердің оқу орнына тигізер ықпалы
зор. Екіжақты келісім негізінде қандай және қанша маман даярлау
қажеттігін алдын ала білуге болады, болашақ маман даярлау барысында жұмыс
берушінің талаптарына орай оқу
бағдарламасына жаңа өзгерістер ендіруге болады, түлектерді дер кезінде
тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі ескеріледі. Сондықтан да білім беру жүйесі
мен өндірістің кіріктірілуі сұранысқа
ие мамандарды уақыт талабына сай дайындауға мүмкіндік жасайды. Ата-аналар
тарапынан да көмек баршылық. Бұл
бағытта өндірістік оқу шеберлерінің атқарып жатқан жұмыстарын да айта кеткен
орынды болар. Әр топтың өндірістік оқу
шебері өз тобындағы студенттің жұмыс орнында тәжірибеден қалай өтіп жүргенін
үнемі қадағалап, нәтижесін колледж әкімшілігіне хабарлайды.

«Қазақстан-2050”
даму бағытын жүзеге асыру жолында облыс әкімдігі мен облыстық білім
басқармасының бастамасымен өткен жылдан бастап колледж қабырғасында инженерлік білім беруді және техникалық
мамандықтарды дамыту қолға алынды. Бұл бір жағынан халықты еңбекпен қамту мәселесінің шешілуіне тікелей ықпал етіп отыр.
Бүгіндері әлеуметтік серіктестіктер арасында жасалған меморандумдар негізінде
колледждің өзінде-ақ білікті мамандар даярлауға жете көңіл бөлінеді. Мәселен,
осыдан екі жыл бұрын «Марсель-Петролеум” ЖШС-мен меморандумға қол қойылып,
колледждің оқу-үдерісін дамытуға 2 млн.
теңге аударылған болатын-ды. Ол қаражатқа оқу құрал-жабдықтары сатып алынды.

Колледж
бітірушілеріне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Түлектердің 90
пайызы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, оның 85 пайызының сапалы дайындалған
маман екендігі баса ай­тылып келеді. Демек, поли­тех­никалық колледжді бәсекеге
қабілетті деп айтуға толық мүмкіндік бар. Солай бола тұрғанымен де, жұмыс
берушілердің сұранысын толық қанағаттандыру мақсатында дуальды оқыту жүйесін
одан әрі жетілдіру қажеттігі туындайды. Ертеңгі өндіріске толыққанды маман
кадрларын даярлау үшін бүгінгі жұмыс берушілердің талаптары мен ұсыныстарын оқу
бағдарламасына ендіру керектігі тағы
белгілі. Оған дайындық жұмыстары
қазірден басталып кетті. Атап
айтқанда, колледж әкімшілігі әлеуметтік серік­тестіктермен бірлесіп, олардың
мүм­кіндіктерін зерттеу, зерделеу және саралау жұмыстарының негі­зінде оқу
бағдарламалары мен жос­парларын жасауды, студент­тер­дің өндірістік оқуы мен
тәжірибесін ұйым­дастыруға қажетті құжаттар топтамасын жасақтауды қолға алды. Сонымен қатар биылдан бастап
«химиялық талдау лаборанты” және «газэлектрмен пісіруші” ма­ман­­дықтарын
дуальдық жүйеге кө­шіру жоспарлануда. Әрине, колледж ұжымын алда ізденіс пен
психологиялық дайындықты қажет ететін
қызықты да қайтарымды іс күтіп тұрғаны белгілі. Олай болса, елімізді
ертеңгі жұмысшы және орта буын мамандарымен қамтамасыз ететін өзіндік орны бар оқу орнының бүгінгі ұжымына
сәттілік тілейік.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз