ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ТҰЯҒЫ

83

0

ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ТҰЯҒЫ

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен, облыс әкімдігінің қолдауымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70
жылдық мерекесіне аман-есен жеткен облыстағы 112 соғыс ардагерлері мен
мүгедектері жайлы осындай мақала барлық облыстық баспасөз бетінде жыл бойы
жарияланып, қорытындысымен көркем кітап шығарылып, соғыс ардагерлеріне сыйға
тартылатын болады.

Жоқтан бар пайда болмайды, тақыр жерге шөп те шықпайды, тексіз, қансыз
түк те болмайды.

«Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» – дегендей, біздің
Ыдырыс Қалиев ағамыздың тектілігі тереңнен тамыр тартады. Оның текаталары,
түпаталары Әлімнің алты баласының ең атақтысы Төртқарадан тараған, қарадан
шығып хан болған, сегіз қырлы, бір сырлы, әрі жаужүрек батыр, әрі отауызды,
орақтілді шешен, қажылыққа үш рет барған, аты әлемге жайылған белгілі әулие
сегіз жүйелі Сейітқұл, Самарқанды қырық жыл билеген, Орта Азияның соңғы
жолбарысы Жалаңтөс баһадүр, бүкіл қазақтың қамын жеген, ел сенімін ақтаған,
жоғын жоқтаған, мұңын мұңлаған, 19 жыл хан кеңесінің мүшесі болған Әйтеке би.

Әбіш Кекілбаев: «Ана жағы Бұхара мен Самарқан, мына жағы Елек пен
Торғай арасын алып жатқан ұлан-ғайыр ұлыста олардың бетіне қарсы келер кісі
жоқ-ты. Оларды көргенде көшпендісі түгілі отырықшысы да жайылып төсек, иіліп
жастық болады. Мақұлы түгілі тентегі мен телісі тілін қайтармас-ты. Оның себебі
Төртқара түгілі Әлімнің, Әлім түгілі Алшынның, Алшын түгілі Алаштың атын
шығарғандардың бірі Сейтқұл болатын».

Міне, осындай ұлылардың тікелей ұрпағы, тұлпарлардың тұяғы,
сұңқарлардың қанаты, алтынның сынығы, Жалаңтөс баһадүрдің 8-ші ұрпағы Ыдырыс
Қалиевтің елдің бесігіне сыйғанмен төріне сия бермейтін қазақтың қадірлі,
қастерлі азаматы болуы кездейсоқтық емес табиғи заңдылық, тарихи қажеттілік,
тағдырлық жазмыш.

ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ТҰЯҒЫАмандық болса, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен
тұспа-тұс мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің абыз ақсақалы Ыдырыс Қалиев
90 жасқа келеді. Адамның бірінші байлығы да, бақыты да жасаған жасы, тоқсан
жасқа екінің бірі, егіздің сыңары емес, он мыңдаған адамның бірі ғана келеді.
Ол – Алланың ерекше сүйген жанына ғана төрелеп
беретін сыбағасы, басқалардан бөлекшелеу, ерекшелеу сыйы.

Облысымызда Ұлы Отан соғысы арда­гер­лері жеңістен кейін жетпіс жыл
өмір сүріп отыр. Бұл 70 жас егеменді, тәуелсіз Қа­зақ­станда, бейбіт заманда
өмір сүріп жат­қан азаматтардың орта жасы болса, соғыс ар­дагерлерінің олжа
жасы. Өкінішке орай, бұндай бақыт бұйырмағандар қаншама? Әсіресе, 1922-1923
жылы туылған жауын­гер­лердің жүзінің екеуі ғана елге аман-есен оралып, 98-і
майдан даласында қыршын кетті емес пе?

Ыдырыс Қалиұлы өзінің замандастары, тағдырластары сияқты балалықтың бал
дәуренін сүре алмаған, жігіттіктің жілік майын шағып жей алмаған, тойып тамақ
ішпеген, бүтін киім кимеген, сайын далаға сыймаған мыңғырған мал мен
құт-берекенің иесі шаруа адамына жаудай тиген кәмпеске зобалаңын, қазақты
әлемнің 40 еліне тарыдай шашыратқан
қуғын-сүргінді, қазақтың жартысын қырған қолдан жасалған ашаршылықты, қазақтың
барлық тектілері мен зиялыларының тамырына балта шапқан репрессияны, адамзат
тарихында бұрынды-соңды болмаған ғаламат-зұлмат соғысты, соғыстан кейінгі халық
шаруашылығын қалпына келтірудің барлық қиындықтарын, қияметін, қасіретін көріп
өскен ұрпақтың өзі де, көзі де бүгінгі күні арамызда жүрген өкілі, елшісі,
шырақшысы.

Ашаршылық жылдары Ыдыкеңнің әкесі қуғын-сүргіннің құрсауына түспеу үшін
Өзбекстанның Үргеніш қаласына қашып барып, бас сауғалайды. Отбасы аш, бір уыс
бидайға үйдегі бар өтетін заттарын сатып, біраз уақыт күн көреді. Сонсын сегіз
жасар Ыдырыс балық зауытының қызметкері туысынан балық алып, оны тоғыз шақырым
стансаға шанамен апарып сатып, тапқан тиын-тебеніне отбасы жүрек жалғар тамақ
әкеліп жүреді. Бір күні ол да бітіп, көн етікті суға қайнатып жеген күндері де
болған. Бұл аза бойыңды қаза қылатын неткен қанқұйлы қасірет десеңізші!
Ерік-күшін жиып, тіршілік үшін тырмысып, келешек үшін күресіп бақты. Бұл айтуға
ғана оңай. Әйтпесе…

Иә, Ыдыкең жоқ болса, жоқпын демеді, бар болса, бармын демеді, аш
болса, ашпын демеді, тоқ болса, тоқпын демеді, барына қанағат, шүкіршілік
қылды, халықпен бірге жылап, бірге күлді, бәріне көнді, бәріне сенді,
қиындықтардың бәрін де жеңді.

Замандастарын, Ыдыкеңді осыншама адам төзгісіз қиындықтар, ХХ ғасырдың
соншалықты қанды, қайғылы, қасіретті уақиғалары да езе, егілте, мойыта,
майыстыра, қайыстыра, сындыра алмады, қайта шыңдай, шынықтыра, қайрай түсті.
Қажырлы, қайратты, төзімді, шыдамды, жоқтан бар жасайтын жасампаз қайраткер
етіп қалыптастырды.

Ыдыкең 9 жасында мешіттің жанындағы мектепте бірінші, екінші, Қазалыда
үшінші, «Ақарықта» төртінші, ал «Қызыл Ту» колхозында бесінші сыныпта оқып,
әйтеуір бес мектепті жағалап жүріп, ағайынды, туыстарды сағалап жүріп
сегізжылдық білім алады. 8 сыныпты бітіргенде оқитын мектептері госпитальға
беріліп, тоғызыншы сыныптың жоқтығынан оның білімге деген құштарлығы осылайша
тоғарылады.

Он алты жасында оның еңбек жолы басталады. ФЗО-ның 6 айлық курсын 2
айда бітіріп, СУ-2 жолаушылар таситын паровозға отжағушы (кочегар) болып
орналасады. Күніне 12 тонна көмірді күрекпен пешке атқылайды. Қабырғасы
қатпаған жас бала мұндай ауыр жұмыстан әбден әбіржіп, азып-тозып кетеді. Осыны
ескерген депо басшылығы оны басқа жұмысы жеңілдеу паровозға отжағушы, 2 айдан
кейін машинистің көмекшісі қызметіне жоғарылатады.

Ыдырыс Қалиев 1943 жылы он сегіз жасында армия қатарына шақырылып,
соғыстың қайнап тұрған аласапыран кезінде эшелон Белград майданына
жақындағанда, Бас қолбасшы: «Тәжірибесі жоқ жастарды отқа салмаңдар, соғыс
өнеріне үйретіңдер» деп бұйрық береді. Осы бұйрықтың шапағатымен эшелон шығысқа
қарай бұрылып, Маньчжурияның шекарасына келіп тоқтайды. Сонымен, 1945 жылдың
тамыз айының 20-шы жұлдызында Забайкал майданының жауынгерлері 40 миллион халқы
бар Маньчжурия жерін түгелдей жаудан босатып, Квантун армиясын талқандап, Жапонияны жеңеді.

Ол өзінің Отан қорғау ісіне әлі де қажет­тілігіне байланысты
демобилицияға ілінбей, жеңістен кейін тағы да бес жыл әскерде болып, 1950 жылы
туған топырағы Қазалыға оралады.

Ыдыкең елге жеткесін өзінің бұрынғы ұжымы депоға қайта келіп, машинист
көмекшісі болып орналасады.

Көп ұзамай, Ыдыкең 8 сыныптық біліммен Қазалы теміржол бөлімшесі саяси
бөлімінің комсомол жөніндегі нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Ауданда кешкі мектептің жоқтығына
байланысты, депо басшыларының келісімімен 10 сыныпты өзінен 7-8 жас кіші
балалардың ортасында төбедей болып қатар отырып, өзінен 4-5 жас кіші
мұғалімдерден сабақ алып, бітіріп шығады.

Жоғары білімді Алматыдағы көшбасшы білім ордасы С.М.Киров атындағы
Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін сырттай оқып бітіріп
алады.

Осыдан кейін Ыдыкеңнің қызметі жоғарылап, саяси бөлім бастығының
комсомол жөніндегі көмекшісі әрі орынбасары болады. Бұл қызметке Ы.Қалиевті
Қазақстан комсомолы Орталық комитеті, теміржолдың одақтық саяси басқармасы,
министр бекітеді. Ол аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, облыстық
комсомол комитетінің Пленум мүшесі болып сайланады.

«Қос оңбай іс оңбайды», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «Бір
жақсы, бір жаман әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар», «Ерді кебенек
ішінде таны» «Кісі болар жігітті ел мақтайды, ел мақтаған жігітті қыз жақтайды»
– деген қазақтың қас­қабас қағидаларының барлығы айна-қатесіз орындалып, Ыдыкең
үйлі-баранды болады.

Ыдырыс Қалиұлы бірінші рет Қанзираны жиналыста көріп, бір бақытты сәтте
жанарлары түйісіп, сезімдері селт етіп, сөзсіз түсінісіп, ұғынысып, жандары
жарасып, әйтеуір есебін тауып кездесіп, Ыдыкең екі-ақ сұрақ қояды: «Мені
ұнатасың ба?». Қанзира: «Иә» деп ишарат білдіреді. Ыдыкең: «Маған тұрмысқа шығасың
ба?», Қанзира: «ия» деп келісімін береді. Осылай 1950 жылы Ыдыкең 25 жасында
өзінен 8 жас кіші Қанзира апаймен отбасын құрады. Бүгінгідей той-думан,
сән-салтанат, ашылу-шашылу, ырым-жырымнан ештеңе де жоқ, дастарханда бірер
түйір нан, қант, қуырылған жүгері, мінгендері ауданнан алып келген шықпа жаным
шықпа, деп тұрған ескі полуторка жүк машинасы, ол бұзылғасын, кездейсоқ
жолаушының түйесіне, сонсын жүк пойызының тамбурына мініп, 30 градустық аязда
үсіп кете жаздап, Қазалыдағы үйіне әрең жетеді.

Міне, содан бері 65 жылға жуық Ыдекең мен Қанзекең жұбы жазылмай, қол
ұстасып, тату-тәтті, мәнді-мағыналы, өнегелі өмір сүріп, біріне-бірі тек тән
серігі емес, жан серігі, тіреу, сүйеу, ақылқосар, ашубасар, демеуші, жебеуші,
біріне-бірі ұстаз да, шәкірт те болып келеді.

Алтын қамшыдай Серікжаны Ыдыкең мен Қанзираның серігі де, әулеттің
көрігі де, көзі де, өмірі де, өмірінің жалғасы да, алтын қасықтай қыздары
Фариза мен Нұргүл, немерелері, шөберелері, шөпшектерімен бірлігі мен тірлігі
жарасқан бір қауым кішігірім мәңгілік ел сияқты.

Осылайша Ыдыкең аштықты, жалаңаштықты, сауатсыздықты, тағы да басқа
кедергілер мен қиындықтарды жеңіп, он алты жасынан әлемнің әміршісі еңбектің,
бейнеттің, тердің ащы дәмін татып, бір үзім нанның, бір жұтым судың қадірін
біліп, мешітті қосқанда бес мектепті жағалап жүріп орта білім, сырттай жоғары
білім алып, мемлекет ішіндегі мемлекет, жартылай әскери тәртіптегі теміржол
саласының темірдей тәртібімен тәрбиесін бойына сіңіріп, өмірлік жарын сәтті
тауып, отбасын құрып, сол заманның, қоғамның әділетті, көрегенді кадр
саясатының арқасында қызмет бабында тұрақты түрде өсу мен өрлеудің қызық та
қиын, үлкен даңғыл жолына түсті.

Ы.Қалиұлы 1953 жылы облыстық партия комитетінің өндіріс және көлік
бөліміне нұсқаушы болып қабылданады. Қалада еврейдің бір бөлмелі үйінде пәтерде
тұрады. Обком күніне бір бөлке нан және бір мезгіл ақысыз тамақ береді. Бір
демалыста ауылдан қайнағасы келіп: «базарға барып, қыдырып қайтайық» дейді.
Ыдыкең: «бара алмаймын» – дейді, себебін қарындасынан сұраса: «жалғыз көйлегін
жуып қойып едім, үстіндегі киімнен басқа артық киімі жоқ қой» – дейді. Сонсын
жағдайды түсінген қайнағасы бір көйлек
сатып әпереді.

Көп ұзамай, Ыдырыс Қалиұлы облыстық комсомол комитетінің бірінші
хатшылығына ұсынылады. Үстінде темір жолдың кителі мен шекпені. Облыстық партия
комитетінің бірінші хатшысы: «Мәскеуге, бекуге барғанда костюм киіп, галстук
тағып бар» – дейді. Ал Ыдыкеңде костюм де, көйлек те, галстук та жоқ. Бір
нұсқаушының костюмін, бөлім меңгерушісі орынбасарының көйлегін, бөлім меңгерушісі
Смағұл Ысқақовтың галстугын сұрап алып Мәскеуге барады.

Облыс комсомол ұйымын алты жыл басқарып, 1959 жылы Ы.Қалиев Мәскеудегі
СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға кетеді.

Өмір деген күрес, жарыс, бәйге, сын-сынақ. Кіммен күрес, немен күрес?
Ең алдымен өзіңмен өзің күресесің, өзіңнің нәпсіңмен, ынсабыңмен, пиғылыңмен,
ниетіңмен, ойыңмен, іс-әрекетіңмен, тіліңмен, көзіңмен, қолыңмен, аяғыңмен
күресесің. Егер өзіңді-өзің жеңе алсаң, өзіңді-өзің басқара алсаң, өзіңді-өзің
бағындыра алсаң, өзіңді-өзің тежей алсаң, өзіңді-өзің шектей алсаң, өзіңе-өзің
ұстаз, өзіңе-өзің шәкірт бола алсаң, өзіңді-өзің тәрбиелей, жетілдіре, жетелей
алсаң, онда бәрін де жеңесің, ойлағаның орындалады, мақсат-мұратыңа жетесің,
олай болмаса беймәлім, тұңғиық теңіздің түбіне кетесің.

Ыдыкең әрдайым, бүкіл саналы, мағыналы, мақсатты ғұмырында күресте
жеңген, жарыста озған, бәйгеден келген, өмірдің бар сынынан, сынағынан сүрінбей
өткен, басына бақ қонып, қыдыр дарыған, өз бақытын адал еңбектен, бейнеттен, табан
ет, маңдай терімен тапқан Алланың назарындағы, бақыттың базарындағы азамат.

Қатардағы қарапайым кочегардан облыс басшысы дәрежесіне дейін көтерілу
көптің біріне, қолдың кіріне қона бермейтін бақ. Ыдыкеңнің басына қонған бақ
кейде кездейсоқ, әйтеуір сәті түскен, соқырдың көзіне, пұшықтың мұрнына, таздың
басына қона салатын адасқан, алжасқан, баянсыз бақ емес, нағыз адал еңбекпен,
бейнетпен, термен, қыруар қиындықтармен келген баянды бақыт.

Ыдырыс Қалиұлының паровоздың от­жағу­шысынан облыстың бірінші басшысына дейін жеткен өмірі,
қызметтік өсу-өрлеу жолы аса күрделі, қиын, соқпақты, тоқпақты, оңай қанжығаға
байлана салған олжа емес.

Ол: паровоздың отжағушысынан маши­нистің көмекшісі, Қазалы теміржол
бөлімшесі саяси бөлімінің комсомол жөніндегі нұсқаушысы, бастықтың комсомол
жөніндегі көмекші әрі орынбасары, облыстық партия комитетінің өндіріс және
құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы,
Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Арал аудандық кеңес атқару
комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің өндіріс және құрылыс
бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы, партия
комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы,
мұрағаттар басқармасының бастығы.

Не деген өнегелі өмір, бай тәжірибе, сан алуан, санқилы басшылықтың
өнер, өмір мектебі десеңізші, биліктің бірде-бір баспалдағынан аттамай,
секірмей ретімен, жөнімен, жолымен өсу-өркендеу, өз бақытын өз қолымен жасау
деген осы да.

Ыдырыс Қалиевтің осыншама жауапты жұмыстарда, ұзақ жылдар, неше түрлі
алмағайып, аумалы-төкпелі, қилы-қилы замандарда сүрінбей, жығылмай, тізесі
бүгілмей, басы иілмей, кеудесін ешкімге бастырмай, төбесіне ешкімді шығармай,
намысының туын жықпай, арына дақ түсірмеуінің сыры неде? Ол сөзсіз Ыдыкеңнің
ақылдылығы, тазалығы, төзімділігі, қанағатшылдығы, шү­кір­шілігі, сергектігі,
сезімталдығы, сақтығы, шайтанға тұзақ құрарлықтай саясаткерлігі, табандылығы,
тұрақтылығы, кеңдігі, кеші­рім­ділігі, көрегенділігі деп бағалауымыз керек.

Сондай-ақ Ыдыкеңнің батыр бабаларына ұқсап қажетті, тағдырлы, сын
сағаттарында батырлық, батылдық көрсететін жүректілігі, жігерлілігі де бар.

Мысалы: 1958 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков
Семейге бірінші хатшы болып сайланып, Қызылорда облыстық партия комитетінің
бюро мүшелерін түгел Алматыға шақырып, Орталық комитеттің екінші хатшысы Фазыл
Карибжанов жаңа бірінші хатшының кандидатурасы жөнінде пікір сұрайды. Бюро
мүшелерінің көпшілігі облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ізмұхамед
Еділбаевтың кандидатурасын ұсынады. Ыдырыс Қалиев бір өзі облыстық партия
комитетінің екінші хатшысы С.Оспанов
болсын деп жалтақтамай батыл, жігерлі, қажырлы ұсыныс жасайды. Осылайша С.Оспанов облыстық партия коми­тетінің
бірінші хатшысы болып сайланады.

Ыдырыс Қалиұлы Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы
кезінде, одақтық екпінді құрылыс ЦКЗ-ның штабын басқарады.

Бір кездері қаржының дұрыс шешіл­меуі­нен, жұмысшылар 2-3 ай айлық ала
алмай, құрылыс қарқыны төмендеп, жұмыстың берекесі кете бастайды. Сонда штаб
бастығы, ол кезде қала оңтүстік өлкеге қарайды, өлкені, республиканы аттап
тікелей Мәскеуге дабыл қаққан жеделхат жолдайды. Мәскеудің араласуымен бұл
өткір мәселе 2-3 күнде оң шешімін табады, бірақ Ыдырыс Қалиевтың бұл
«партизандығы» өлке, рес­публика басшыларына ұнамай, ол партия­дан шығып,
қызметтен босап қала жаздап, өлке, республика басшыларының кеңдігінің,
кешірімділігінің арқасында, әділеттіліктің арқасында аман қалады. Ыдыкеңнің
осы, осы тәрізді ерліктері аз болмаған.

Ыдырыс Қалиұлы қаланы, облысты басқарған кезең сол заманның талабы мен
мүмкіншіліктеріне сай аймақтың өсу, өркендеу жылдары болды. Қызылорда
плотинасы, целлюлоза-картон, силикат-кірпіш, экспериментальды жөндеу және
Рисмаш зауыттары, ТЭЦ-6, тоқылмайтын маталар фабрикасы, конструкциялық-қабырға
материалдар комбинаты, элеватор, Шалқия кен орны, Шиеліде уран өндіру өндірісі
іске қосылды. Қызылорда қаласында алғашқы көшелердің асфальтталынуы, су
құбырларының, кәріз жүйелерінің, алғашқы көп қабатты үйлердің, Гагарин, Титов,
Ақмешіт, Мерей, Оңтүстік шағын аудандардың салынуының басында Долдаш Алисов пен
Ыдырыс Қалиевтің тұрғандығы облыс халқының, қала тұрғындарының жадында мәңгі
сақталары сөзсіз.

Бірнеше құрылыс, мелиорация трестері мен бірлестігі құрылып, ондаған
өндіріс орындары ашылып, Түгіскен, оң жаға, сол жаға, Қазалы күріш массивтері
инженерлік жүйеге келтіріліп, пайдалануға берілді. Арал, Қазалы, Қызылорда
қаласында теледидар мұнаралары тұрғызылып, облыс халқы көгілдір экранды көру
мүмкіншілігін алды.

Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі мен Нартай Бекежанов атындағы
драма театрының, Ғани Мұратбаев атындағы стадионның салынуы облысымыздың мәдени
өміріндегі елдің есінде қалған елеулі уақиғалар болды.

Бір сөзбен айтқанда, облысымызда ХХ ғасырдың екінші жартысында
атқарылған барлық игілікті, ізгілікті істерде Ыдырыс Қалиевтің қолтаңбасының
барлығы баршаға аян ақиқат.

Ол қолына алған қай істің де берекесін кіргізіп, беделін көтеріп, бағын
жандыратын ұтқыр ұйымдастырушы, іскер басшы. Ол елдің бағын баптай білген, жоғын
жоқтай білген, дұрыс сөзге тоқтай білген, халықтың сенімі мен үмітін ақтай
білген, әрқашанда қара халықты жақтай білген басшы болды. Ол сондықтан да еліне
елеулі, халқына қалаулы, рухы биік, жаны да, тәні де таза, қазақтың нағыз нар
тұлғалы азаматы.

Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев
екі рет Еңбек Қызыл Ту, Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, бірнеше
медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына, алты рет Қазақстан
Компартиясы съездеріне, СОКП-ның ХХVІІ съезіне делегат болып сайланған.
Қызылорда облысының, қаласының, Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы,
облысымыздың бас батагөйі.

Ыдырыс Қалиұлы ұзақ жылдар өз елінде, өз жерінде табаны таймастан
жоғары дәрежелі лауазымдарды иеленіп, ат арқасында жүріп, облыстық партия
комитетінің он екі бірінші хатшысымен қызметтес болды. Олар: Ар­ғын­ғазы
Қайсақанов, Сағалбай Жанбаев, Мұ­хамедғали Сужиков, Сейдолла Оспанов,
Ғұбайдулла Ильясов, Сәлімгерей Тоқтамысов, Мустахим Ықсанов, Хасан Бектұрғанов,
Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков және мен.

Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде бұрынды-соңды
тұңғыш рет облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болған алты жылда
облпарткомның төрт бірін­ші хатшысының тікелей басшылығымен қаншама игілікті,
ізгілікті жұмыстар атқарды десеңізші.

Қызылордада Александр Шевцовпен, Владимир Ковалевпен, Александра
Шевченкомен, Владимир Сытниковпен, Алексей Лапшинмен, Александр Асановтармен
қалалық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы
кезінде он бес жыл қызметтес болды.

Арал ауданы, Қызылорда облысы атқару комитеттерінің төрағасы
қызметтерінде Тәкей Есетовпен ұзақ жылдар үйлесімді, үндес, жемісті еңбек етті.
Ыдырыс Қалиұлы осыншама мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, қызмет бабында
аймағымыздың басқа да қала, аудан, сала басшыларымен, халықпен әрдайым тіл
табысып, түсіністік, сыйластық, сенімділік, іскерлік қарым-қатынаста болды.

Осының өзі Ыдыкеңнің мәмлегерлік, кеңдік, кешірімділік,
адамтүсінгіштік, адамсыйлағыштық, кіммен болса да тіл табысқыштық, үйлесімділік
сияқты табиғи, адами қасиеттерінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетсе керек.

Халықта: «Мың дос көптік қылмайды, бір дұшпан аздық қылмайды»,
«Жол-жөнекей қосылған екі достан, бір дос артық ежелден көңіл қосқан», «Бір
адал досы бар адам бақытты» деген аталы сөздер бар.

Ыдырыс Қалиұлы туыстықтың, жолдас­тық­тың, достықтың, сыйластықтың,
сырлас­тықтың, қимастықтың адамы. Оның бар бай­лығы, бақыты Тәңір, тағдыр сыйлаған достары.

Олар: Владимир Ковалев, Сейдолла Оспанов, Александр Шевцов, Жанұзақ
Сандыбаев, Долдаш Алисов, Шаймерден Бакиров, Смағұл Ысқақов, Уәли Төрәлиев,
Әбдірәш Іскендіров, Қонысбек Қазантаев, Қалқабай Әбенов, Әлиасқар Пазылов,
Бименді Баймаханов, Нұрділда Уәлиев, Бөлебай Есжанов, Маңлай Тілеулиев,
Мәдімхан Жәнібеков, Орынбай Жанадилов, Үмбетов Жарылқасын және Забайкалдық 10
қандыкөйлек майдандас достары.

«Құданы құдай қосады», «Досты пай­ғамбар қосады, шайтан ажыратады» – дей­ді
атам қазақ. Ыдыкең бұл достарының еш­қайсынан ешқашан да ажыраған жоқ, қазіргі
бар 4-5-нен басқасын түгел, тіке­сінен тік тұрып, достық парызын адал орындап,
соңғы сапарға өз қолымен шығарып салды.

Ыдыкең 45 жыл мемлекетке, қоғамға қажымай, талмай, белсенді, адал еңбек
етіп, оның 35 жылында жауапты, басшы қызметтерде болды, 63 жасында өз еркімен
зейнеткерлікке шықты.

Зейнет жасында облыстық мұрағат басқар­масының басшысы болып жеті жыл
қызмет істеді.

Бұл қызметте де Ыдыкең өзінің іскер­лі­гін, жанашырлығын, жаңашылдығын
көрсе­тіп, Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Казан, Алматы мұражайларынан көптеген
құнды деректерді, жәдігерлерді келтіріп, мұрағат бас­қармасының
ғылыми-практикалық жұмы­сын белгілі бір дәрежеге, деңгейге көтерді.

Ыдыкең ешуақытта іс-әрекетсіз қо­лын қусырып отыра алмайтын, тынымсыз
бейнеткер, еңбекқор адам. Ыдыкең зей­неткерлікке шыққасын есігінің алдына
көкөніс, бақша, бау екті, мал бақты, облыс көлемінде өтетін барлық саяси,
әлеуметтік, халықтық, мемлекеттік шаралардың бәріне белсенді қатысып келеді,
сөйлейді, сұхбат, бата береді, мақала,
кітап жазады. Ол өзі және
Ә.Байшуақовпен, А.Айдосовпен, Ә.Нұртілесов, Қ.Махамбетовтермен бірігіп:
«Дарияның жағасындағы қала», «Пайғамбар сөзі», «Ұлы Жеңіске елу жыл», «Жалаңтөс
баһадүр», «Сыр өңірі тарихы», «Ұлы Жеңіс­тің 60 жылдығы – Ерлік пен
елдігіміздің мерекесі», «Қызылорда», «Ғибратты өмір жолы» кітаптарын шығарып,
еліміздің мәдени мұра­сын жаңғыртуға да өзінің ылайықты үлесін қосты.

Жалаңтөс баһадүр қорын құрып, оны 20 жылдың үстінде басқарып келеді.

Ыдыкең осы 20 жылда қажымай-талмай, шаршамай-шалдықпай Ұлы бабасының
рухын тербетумен, оны ұлықтау, ұлағаттау, атын тарихта, халықтың есінде
мәңгілік қалдырудың сан алуан шараларын ұйымдастырумен келеді.

Оның осы мәселе жөнінде президентке, үкіметке, менен бастап алты әкімге
жаз­ған хаттары, баспасөзге жариялаған, жария­латқан жүздеген мақалалары,
шығарған кітаптары бірнеше том болды. Нәтижесінде Жалаңтөс баһадүрге арналған
үш ғылыми-практикалық конференция өтіп, оның рухына арналып үш рет ас беріліп,
кітап, кино шығарылып, Қызылорда қаласында, ең көрнекті жерде, тоғыз жолдың
торабында теңдесі жоқ тамаша ескерткіш орнатылды, аты шаруашылыққа, мектепке,
Алматы және Қызылорда қаласында көшелерге берілді. Енді келешекте бабаның
ескерткішін Астанада қою мәселесін белсенді түрде көтеріп келеді.

Ыдырыс Қалиұлы соңғы жылдары елдің, халықтың жағдайы жөнінде, Жалаңтөс
баһадүр бабасының мәселесімен екі рет президенттің қабылдауында болды. Жеңістің
65 жылдығына байланысты Мәскеудегі, Пекиндегі әскери шерулерге қатысты.

Ыдыкең осылайша еліміздің төрінде, халқы­мыздың ортасында
мәнді-мағыналы, мақсатты бір әдемі жарасымды ақсақалдық, батагөйлік,
тілеуқорлық, мәмілегерлік көшті бастап
келеді.

Көшіңіз көлікті, көрікті болсын, қадірлі Ыдыке!

Ыдыкең әскер қатарында, мұрағаттар басқармасында жеті жыл, қалған
жауапты қызметтерде 4-5-6 жылдан тұрақтап, тапжылмай, табандап, абыройлы,
нәтижелі қыз­мет атқарып, елге, халыққа, мемлекетке қалай адал еңбек етудің
үлгісін көрсетті. Пайғамбар жасы 63-ке толып, өз еркімен одақтық дәрежедегі
зейнеткерлікке шығып, міне жиырма жылдай бәріміздің көз алдымызда облыс
жұртшылығына қалай қартаюдың, есеюдің, елге аға, жаға, пана, ақсақал болудың
тамаша үлгісін көрсетіп келеді.

Бұл да бір адам өміріндегі ең жауапты, ең шешуші, ең күрделі, қорытынды
сын мен сынақтың бірегейі ғой.

Ыдыкең бұл сыннан да сүрінбей, мүдірмей өтті.

«Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп,
ақсақал болу тым қиын», – дегендей, Ыдыкең ақсақал бола білді.

Ақсақал болу – үлкен абырой, үлкен атақ, шал болудан, қария болудан
гөрі әлдеқайда ауыр, нардың белін қайыстырар жүк, міндет, парыз, елдің,
халықтың алдында аса жоғары жауапкершілік.

Ыдыкең бұрын бастық болдым деп, қазір ақсақал болдым деп ешқашан,
ешқайда, еш­қан­дай артық, ретсіз, жөнсіз, жосықсыз іс-әрекетке бармайды, өзін
өсек-аяңнан, ай­қай-шудан, ұрыс-керістен, дау-дамайдан, ай­тыс-тартыстан,
бөлінуден, жарылудан, топ­шылдықтан, жікшілдіктен, қаншылдықтан, ру­­шыл­дықтан,
әсіре ұлтшылдықтан аулақ ұстайды. Ыдыкең жұрттың бәріне болсын, бәрі де оңсын
дейтін нағыз интернационалист азамат.

Кейде, тіптен кешегі күні ол кісінің кебісін қойып, кесесін әперіп,
қолын алуға зар болып жүргендердің кейбір артық, әдепсіз мінез-құлықтарына да
кешірімділікпен, кеңдікпен қарайды, ешкіммен сөз жарыстырмайды, иық
қағыстырмайды, төрге таласпайды, жаға жыртыспайды, шылбыр тартыспайды. «Кең
болсаң, кем болмайсың» деп, көп жағдайда «ит үреді, керуен көшедінің» кейпін
кешеді.

Мен Ыдыкеңді көп жылдан бері жақсы білемін, шынымды айтсам, жақсы
көремін. Сондықтан мен Жеңістің 70 жылдығы, Ыды­кеңнің 90 жылдық торқалы тойы
қарсаңында, жұрт та, ол кісі де өзін-өзі танымай қалатындай етіп жазсам деп
көптен бері ойлайтын едім. Соның сәті бүгін түскен сияқты.

Бұрын ат үстінде, қызмет бабында, ал енді соңғы 15 жылда күнде, күнара
етене араласып, бірге жүріп, бірге тұрып, тұздас, дәмдес, сырлас, сыйлас болып
бір-бірімізге тілектестік жағдайда да жүріп жатырмыз. Ептеп, сыпайы майдан қыл
тартқандай етіп, әзіл айтып қоятын да нәзік назымыз бар.

Мен Ыдыкеңе төменнен, жоғарыдан, алыстан, жақыннан, жан-жағынан сын
көзімен, ақыл көзімен, сана көзімен, көкірек көзімен мұқият қарап, ол кісінің
өмірінен, өзінен, ісінен, жүріс-тұрысынан, бүкіл болмысынан, бір сөзбен
айтқанда, тал бойынан тарыдай кемшілік таба алмай қиналып жүрген жағдайым бар
еді.

Мені бұл қиындықтан күндіз бар да, түнде жоқ деп – күннен, түнде бар
да, күндіз жоқ деп – айдан, тіптен Жамбыл мен Абайдан да кемшілік таба
алатын «Ауылдағының аузы сасық», «Қолда
барда алтынның қадірі жоқ» ауруларына шалдыққан, ешкім де, ештеңе де, тіптен,
өзіне-өзі ұнамайтын айналайын Қызылорданың «сыншысымақтары» – «Белинскийлері»
шығарды.

Олар Ыдыкеңнің өн бойынан күндіз шаммен, түнде төрт көзді дүрбімен
қарап жүріп, бір көде шөптен ине, жерден жеті қоян тапқандай бір кемшілік
тапты.

Ыдыкеңді әсіре мақтап, аспандатып алған жоқпын ба, енді оны жұмыр
жерге, ортамызға қалай түсіремін деп, салым суға кетіп, сары уайымға салынып
отырған мен де бұған ә дегенде қуанып қалдым.

Тапқан кемшіліктері: «Ыдыкең кез келген жиын, жиналыстарда көбірек сөйлейді,
жалғыз сол ғана жұмыс істегендей, атқарған жұмыстарын айта береді» – дейді.

Сонсын есімді тез жинап, ретсіз, жөнсіз, жеңіл қуанышымды ақылдың,
сананың, сабырдың салқынымен сабасына түсіріп, белді бекем байлап, білегімді
сыбанып, жайдақ атқа жалаңаяқ мініп, қолыма саяси сахнадағы бас қаруым сөз
семсерімді алып, Ыдыкеңді бұл ретсіз,
әділетсіз жаладан арашалауға бар ынта-шынтаммен кірістім.

Алғашқы айтар дәлелім мен дәйегім: қазақта «Біреу сөзіңді сөйлесе,
аузың қышып бара ма?» деген сөз бар.

– Ыдыкеңнің өнегелі өмірі, ешкімге де ұқсамайтын, аса күрделі, күрмеуі
көп, ерлікке пара-пар жасампаздық еңбек жолы жайлы ешкім жақ ашпаса, бірде-бір
сөз айтпаса;

– Оның қоғамдағы орны, мәртебесі белгіленбесе;

– Оның ақылы, ойы, білімі, зияткерлігі, жанқиярлық еңбегі еленбесе,
ескерілмесе;

– Оны моральдық, материалдық жағынан қолдау, құрметтеу,
ұлықтау-ұлағаттау дәс­­түрі, үрдісі, үлгісі біздің қоғамда қалып­таспаса;

– Оның табан ет, маңдай терімен жасалған, көзінің қарашығындай етіп
сақтаған байлығының рахатын, қызығын, игілігін, ине мен тісшұқығыш шығармай-ақ
көшеден келген кездейсоқ бала-шаға, көлденең көкаттылар, есіктен кіріп қапелімде тайраңдап бірден төрге шыққан
тексіздер көріп жатса;

– Олардың барған жеріне бара алмаса, көргендерін көре алмаса,
мінгендерін, іш­кендерін, жегендерін, кигендерін кие алмаса;

– Кеше ғана аудан, қала, сала, облыс, республика басқарған өзі сияқты
азаматтар қатардағы қарауыл мен еден жуушының зейнетақысын алып жатса…

Осының бәрін ешкім айтпаса, тіпті бұл жайлы жұмған аузын ашпаса, Ыдыкең
өзі айтпай қайтеді? Қазақта: «Еңбек ет те, міндет ет» деген сөз бар. Әрбір
Ыдыкең сияқты адал, кіршіксіз еңбек еткен азаматтың елге, халыққа, мемлекетке
міндеті, назы, өкпесі болады. Бұл тек Ыдыкеңнің ғана емес оның барлық
замандастарының, тағдыр­ластарының, әріптестерінің, баршамыздың – назымыз,
өкпеміз.

Иә, Ыдыкеңнің көбірек сөйлейтіні де рас. Ғұлама, абыз Әлкей Марғұлан
айтқан екен: «Білеміз, білгесін айтамыз да» – деп.

Ыдыкеңнің көргені көп, білгені көп, түйгені көп, оның өмірі облыстың
тарихы, шежіресі, ол облыстың бас тарихшысы, шежірешісі айтуға тұрарлық
әңгімесі болғасын айтады да, оның несі артық, оған қайсыңның ақшаң шығын болды, ағайын.

Ылайым, Ыдыкең жасай берсін, жасай берсін, айта берсін, айта берсін,
біз тыңдай берейік, деп тілейік ағайын!

Біз білетін Ыдырыс Қалиевтің бар болмысы, адами, саяси портреті
осындай. Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын.

 

Сейілбек ШАУХАМАНОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз