ТІРЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ, ТІЛЕГІМІЗ – ТЫНЫШТЫҚ

80

0

АҒАШ ТАМЫРЫМЕН, АДАМ ДОСЫМЕН МЫҚТЫ
Жуырда өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы бүгінде аса маңызды болып отырған басымдықтарды алға шығарды десем болады. Бұл, әрине, әлем мәдениеті, руханилық және келісім. Қазіргі күні барлық қажетті тетіктер мен заңдар қабылданғанын көзіміз көріп отыр. Барлық қозғалыстар адамның ішкі жан-дүниесіне, рухқа келіп тіреледі. Осы руханилықты, әлем мәдениетін іске қосу керек. Сондықтан да бұл сессия алдымызда келе жатқан бесжылдық жағдайындағы жаңа бағыттарды нақтылаумен ерекшеленіп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы бір жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы” деп жариялады. Бір жыл бойы өтетін іс-шараларды Ассамблея жұмысымен байланыстыруды да тапсырды. Міне, осы орайда Елордада Қазақстан халқы форумын өткізуді ұсынды. 
Біздің елімізде ешқандай этносқа қысым жасалмайды. Керісінше, олардың тілі мен салт-дәстүрінің дамуына барынша қолдау көрсетіледі. Өткен сессия барысында Елбасы да қысым жасаудың кез келген түріне, бейбітшілік пен келісімге қолсұғушылықтың кез келгеніне жол жоқ екенін баса айтты. 
Өзіміз күнделікті ақпарат құралдарынан естіп, көріп жүргеніміздей көрші елдердегі әлеуметтік шиеленіс, ауызбіршіліктің жоқтығы салдарынан қарапайым халық зардап шегіп, тіпті күнкөріс жағдайлары да нашарлауда. Бүгінде  әлем үлкен өзгерістер жолағына аяқ басқанын да президентіміз айтып өтті. Халықаралық қатынастар айтарлықтай дағдарысты бастан кешіп отыр. Осындай күрделі жағдайда елімізде берекелі тірліктің орнауы, ең бірінші ауызбіршіліктің арқасы деп білемін. Мұндайда, қазақ халқында айтылатын әдемі мақал бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”. Міне, сондықтан кең-байтақ қазақ даласында орнаған татулықты мәңгі ұстап тұруда өзге ұлт өкілдерінің қосар үлесі де зор. 
Сессия барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблеяның өңірлік деңгейдегі құрылымдарын күшейтуді тапсырған болатын. Барлық облыстарда кіші ассмблеяларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді баса назарға алды. Оның ішінде біздің өңірде де Достық үйінің құрылысын қадағалауды міндеттеді. Егер өңірімізде Достық үйі салынатын болса, онда сөз жоқ, жергілікті жердегі ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысы бұрынғыдан да жандана түседі. 
Алдымызда Бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетіні белгілі. Осы ретте Елбасы «Тіл туралы» заңның орындалуын талап етті. Бұл жол инфрақұрылымы, қоғамдық көліктер, көшелер мен даңғылдар және өзге  де нысандар заңнама талаптарына сәйкес, қазақ және орыс тілдерінде нұсқаулануы шарт екенін еске салды. Өйткені, үштұғырлы тіл саясатын ұстанған елдің мәдениетімен танысуға келетін миллиондаған шетелдіктер біздің де бірнеше тілден хабардар екенімізді білуі қажет. Әлем көшіне ілескен көптеген елдерде бірнеше тілді меңгеру ондағы адамдардың білімділігін, мәдениеттілігін көрсетсе керек. Алайда, ең әуелі мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуды бір сәт естен шығармаған жөн.
Сергей ГОРБАЧЕВ, 
«Славяне” ұлттық орталығы жанындағы қолданбалы өнер мектебінің шебері.
***
СВЕТЛАНА
Біздің кейіпкеріміз Светлана Крюгер көркіне парасат-пайымы сай сырбаз жан. Ол – мамандығы бойынша журналист. Тіл жанашыры. Немістің қызы, қазақтың келіні. Ақжарқын мінезі, сыпайы қылығымен ортасына да сыйлы. Қазақы ырым-жораны да терең меңгерген. Мақалдата сөйлегенде таңдайыңды қақтырады. Орысша, ағылшыншаға да жетік. Оған қоса, темір тұлпарды тізгіндеген мықты жүргізуші де. Жеңіл шетелдік көлікті ұршықша иіргенде еріксіз сүйсінесіз. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіннің нақ өзі. 
Светлана Қазалы ауданы әкім¬ді¬гінде инспектор-іс жүргізуші болып қызмет атқарады. Әкімшіліктің қарбалас жұмысына қарамастан, кө¬зі¬нің қарашығындай қос құлыны Жансая мен Жанеркенің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына уа¬қыт таба біледі. Тіл-көзден сақ¬тасын. Қос перзенті де оқу озаттары. Әйел бақыты дегеніміз осы шығар.  
Анасы Ирина ауа-райын болжау станциясында қызмет жасайды. Крюгерлер көгалдандыруға ерекше мән береді. Шағын аулада жеміс-жидектің бірнеше түрі жайқалып тұр. Мұнан біршама жыл бұрын Светлананың нағашы атасы марқұм Адольф  Арентпен тілдескенім бар-ды. Сол кезде Адольф ақсақалдан естіген қайғылы оқиға санамда жатталып қалыпты. Арент әулеті Калуга қаласын қоныстаныпты. Адольф Ұлы Отан соғысы басталғанда ойын баласы екен. Фашист ұшақтары тұрғындарға бомба тастап, қуалай атқылапты. Көптеген адам оққа ұшыпты. Көп ұзамай, әскерилер бұларды қызыл вагонға қамап, Қазақстанға жер аударыпты. Олардың жанұясы алғашқыда Қожабақы елді мекенінде тұрып, кейін Қазалы қаласына тұрақтапты. Сан бейнетті бастарынан кешіріпті. Соғыс кезіндегі немістерге деген жат көзқарас көпке дейін сейілмепті. Тәубе, енді қиын күндер артта қалды. 
Бүгінгі таңда Крюгерлердің есімі аудан жұртшылығына жақсы мәлім. Светлана мектеп қабырғасында жүріп қазақ тілі пәнінен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Облыстық, респуб¬ликалық «Мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері» байқауында дара шықты. Қазақша терең ойлап, көсіліп жазатын қаламгер. Жоғары оқу орнында мемлекеттік тілде өткен республикалық сайыста бас жүлдені иеленді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.  
Міне, жадырап көктем де жетті. Қалыптасқан үрдіспен Қазалы жұртшылығы Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуге қызу дайындалуда. Шара барысында сан ұлт өкілдерінің өнері, ас-ауқаты паш етіледі. Светлана болса айтулы мерекеде неміс ұлтының салт-дәстүрін көпшілікке ұсынбақшы. Бұл қадам «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді қайта еске салғандай. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
***
МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫ МАҚТАН ЕТЕМІН
«Бірлік болмай тірлік болмас” деген әдемі сөз бар халқымызда. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік” қағидасын ұстанған ел үшін 1-Мамыр мейрамының орны ерекше.
Біздің мемлекетімізде бұл мереке аса ұйымшылдықпен тойланады. Себебі, елімізде ең бастысы – ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын, басталуына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланады. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсысымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысуымыз керек. Өйткені біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – бүгінгі күні дүниежүзі танитын тәуелсіз Қазақстан. Бейбітшілікті ту еткен елімізде жүзден астам ұлт өкілдері мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне үлес қосуда. 
Мен өзім қаламыздағы ең әсем білім ордасы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алудамын. Бұл мектепте бізге шетелден келген және жергілікті жердің өзге ұлт өкілдері дәріс береді. Ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде түрлі тақырыпта пікір алысып, ұстаздарымыздан білмегенімізді үйренеміз. Сондықтан біздің сабағымыз қызықты өтеді. Әсіресе, сыныптың оқушылары өзге мемлекеттерден келген мұғалімдерден сол ел жайында, оның тарихы мен дәстүрлері туралы сұрақтар беруден жалықпайды. Ал, шетелдік ұстаздарымыз біздің оқушылардың осындай талантты әрі білімді екендіктеріне сүйсінеді. Меніңше, ынтымақ, бірлік, татулық бар жерде ғана еліміздің көк туы аспанға желбірей бермек. 
Балауса САРДАН,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің  7-сынып оқушысы.
***
БІР АТАНЫҢ БАЛАСЫНДАЙ
ұжымда 25 ұлттың өкілі еңбек етеді
Бір ұжымда 25-ке жуық ұлт өкілі бар десе, сенесіз бе? Қаламыздағы «СПФ Монтажспецстрой” ЖШС мекемесінде мыңнан аса адам болса, оның ішінде орыс, кәріс, неміс, түрік, әзербайжан, украин, беларусь, молдаван, татар, башқұрт, грек, өзбек, болгар, чуваш, поляк, қытай ұлтының өкілдері бар. Олардың алды осы өндірістік құрылыс фирмасында жұмыс жасағандарына жиырма жылдан асты. 
Еліміздің тәуелсіздік алған жылдары өңірдегі мұнай, газ және уран өндірістерін зерттеу және өндіру мекемелерінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған бұл мекеме сол қиын-қыстау кезде көп¬теген адамды жұмыспен қамтамасыз ете білді. Аймақтың ғана емес, республиканың да әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Ең алғашқы жылдары өз жұмысын 20 адаммен бастаған өндірістік фирмада бүгінгі таңда орта есеппен жылына 800-100, кейбір жылдары 1500 адам жұмыспен қамтылып келді. 
Өңірдегі ірі құрылыс нысандары, өндіріс орындары осы фирманың жұмысшы мамандарының тікелей қолымен іске қосылған. Айтар болсақ, «Құмкөл» және «Арысқұм» кеніштеріндегі мұнай және газ өндіру, Мойынқұмдағы Инкай өңірлеріндегі уран шығару зауыттары, «Жосалы-Құмкөл-Арысқұм» бағыты бойынша мұнай жеткізу труба желілері нағыз шеберлердің қолымен монтаждалды. Қазіргі таңда 25-ке жуық ұлт өкілі бар бұл фирма бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршіліктің арқасында бірталай нәтижелі жұмыстарға қол жеткізді. ЖШС бас директоры Рая Үдербаевамен алғашқы күннен бастап абыроймен жұмыс істеп келе жатқан О.Есенғазиев, М.Арысбаймен қатар, кәріс ұлтынан Герман Ким болса, монтаждаушы немістер – Ф.Рыженкова, В.Зиберт, ағаш ұстасы-әзербайжан ұлтының өкілі – Э.Хамзаев, білгір механик-поляк ұлтынан К.Романовский, өндірістік маман-қытайлық Ю.Ван, грек ұлтының өкілі бас энергетик К.Ширшов, татар ұлтынан Р.Хорамин, электрмен дәнекерлеуші орыс Гундаревті айрықша айтуға болады. Мұнан өзге тағы бірнеше ұлттар бар. 
– Біз бұл ұжымда бірнеше жыл¬дардан бері жұмыс жасап келеміз. Ешқашан ұлтымызға, тілімізге, діні¬мізге қарай бөлінген емеспіз. «Бірлік болған жерде, тірлік болады” деген нақыл бар емес пе? Сол секілді біздің ұжым тату-тәтті бір үйдің адамындай ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Өйткені, мұнда біздің жағдайымыз жақсы. «Құмкөл», «Арысқұм», «Ақшабұлақтағы» жұмысшылар барлық қажетті нәрселермен қамтылған. Ал, фирманың басшылары жылда біздің еңбегімізге қарай, ұлтымызға бөлмей, осы мекеменің құрылған күні қарсаңында ақшалай сыйлықтар, дем¬алыс орындарына тегін жолдамалар тіпті автокөлік те сыйға тартады. Ал Ұлыстың ұлы күнінде, Құрбан айтта, тағы басқа мерекелерде ұлттық киімдер кию дәстүрге айналып келеді. Биыл бізде алғаш рет аймақтың жасыл желекке орануына үлес қосу мақ¬сатымен «Ардагерлер аллеясы” ашылды. Мұнда әрбір адам бір түптен ағаш егіп, оның күтіміне жауап береді. Міне, өңірдегі ұлтаралық қарым-қатынастың тұрақтануына біздің ұжым татулығы мен бірлігінің арқасында осындай ауқымды істерге қол жеткізіп келеді,–дейді ардагер Иван Моковеев.
***
ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮРДІ ҚАДІР ТҰТАТЫН ОТБАСЫ
Алхазовтар отбасы өздерін жергілікті жердің тумасы санайды. Өйткені олардың ата-бабасы сонау қиын кезеңдерде Сырдың жағасын паналап келгенімен, өздері осы киелі топырақта дүниеге келген.
Еврей ұлтының өкілі Олег пен өзбек халқының қызы Гульнараның қазақ жерінде отау тігіп, өсіп- -өніп отырғандарына жиырма жылдан асты. Екеуі бір шаңырақ астында осынша жыл тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың ер жетіп қалған үш баласы бар. Үлкен ұлы Элазор 19 жаста болса, егіз ұлдары Авдалим мен Давид биыл 16 жасқа толды. Бүгінде отбасылық кәсіпті дөңгелентіп отырған Алхазовтардың берекелі тірлігіне сүйсінбейтін жан-жоқ. Өздерінің шағын дүкенін ашып, ешкімге қол жаймай, еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып отырған бұл отбасы Сыр жеріндегі ұлтаралық қатынасқа да елеулі септігін тигізуде. Шаңырақтың ұйытқысы бола білген отанасы Гульнара Алхазова өздерінің мәдениеті, тілі, дәстүрімен бірге, қазақ халқының да қонақжайлылық қасиетін берік ұстанады. Бұл отбасы дос-жарандарының көбі қазақтар. Сондықтан олардың дастарқаны қай кезде де жаюлы. Отбасы мүшелері мейлінше қазақ тілінде көбірек сөйлесуді жөн санайды. Өйткені, олардың дүкеніне келіп сауда жасаушылардың дені жергілікті жердің тұрғындары. Тұтынушылардың талап-тілегін орындауда мемлекеттік тілді меңгеру қажет. Ал, отағасы Олег Алхазов қаладағы «Рембыттехника” мекемесінде жұмыс жасайды. Шаңырақтағы ұл баланың тәрбиесі әкеге жүктелген. Ол балаларына бірлік бар жерде тірліктің алға жүретінін әрдайым еске салып отырады.
Қазіргі күні киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері ұлтаралық достықтың қаймағы бұзылмауына атсалысуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде бірінші экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сондықтан, бізде өз мүмкіндігіне қарай, шағын кәсібіңді ашып, оны әрі қарай дөңгелентуге бар жағдай жасалып отыр. Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан-байтақ екенін көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай, кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау-дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы естіп, көріміз те жүрміз. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан” болып отырғанымыз үлкен сабақ болып жатқан шығар деген ой түйіп, осы күнімізге де шүкір етеміз, – дейді біздің Гульнара апай.
Иә, расында әрбір отбасын шағын мемлекет ретінде алып қарасақ, ондағы адамдардың өзара ауызбіршілігі мен татулығының бекем болуы ел ішіндегі тұрақтылыққа септігін тигізетіні белгілі. Міне, екі ұлт өкілінен құралған бұл отбасы жергілікті жердегі бейбітшілік пен келісімнің орнауына үлес қосып келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз