ТІРЕК АУЫЛДЫҢ ЖОБАЛАРЫ

56

0

Бүгінде Елбасының тапсырмасына орай елді мекендерді өркендетуге, яғни ауылдарды абаттандыруға басымдық берілуде. Осыған орай ауылдық аймақтарда кешенді даму үрдістері жоспарлы жүргізілуде. Демек, ауылдардың әлеуметтік-эконо¬микалық жағдайын жақсартуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда.
Сырдария ауданына қарасты ажарлы да базарлы «Ақжарма” ауылы тірек ауылдары қатарына еніп отыр. Содан да осы елді мекенде 2014-2018 жылдарға арналған кешенді даму жоспары жасалған. Бұл жоспар ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерін түзеу бағытында болмақ. Кешенді даму арқылы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға баса мән берілмек. Ауылда өндірілген мал және егін шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оларды облыс орталығы және де басқа елді мекендердегі тұтынушыларға жеткізу қолға алынбақ. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін түсіру де басты назарға алынып отыр.
Тіректі ауылдағы екі ірі шаруашылық: «Ақжарма және К” мен «Ақжарма-2” шаруа қожалықтары 2014-2016 жылдар аралығында 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарға енгізген. Нақтылай айтар болсақ, күріш ақтау, сүт өндіру, құрама жем мен кірпіш өндіру зауыттары, мал бордақылау алаңы мен мал сою пункттеріне қатысты жобалар Ақжарманы тіректі ауылға айналдырмақ. Жоғарыда айтқан алты жобаның құны – 149 млн. теңге. Аталған жобалардың ішіндегі күріш ақтау зауыты бүгінде өз жұмысын бастап та кетті. Жалпы құны 62 млн. теңгеге салынған зауыт тәулігіне 40 тонна Сыр салысын ақтап та жатыр. Сондай-ақ, ауылдың 40 адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Инвестициялық жобаның екіншісі – сүт өндіру зауыты. Осы жобаға орай «Ақжарма-2” шаруа қожалығы мал шаруашылығына баса мән беруде. Қолда бар 225 асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басын үш жылда өз төлі есебінен 465-ке, ал аналықты 150-ге жеткізіп, 110 бас сауын сиыры болмақ. Осылардан күнделікті алынатын бір тоннаға жақын сүтті өңдеу үшін құны 10 млн. теңге қуаттылығы 100 литрлік қондырғы орнату қолға алынбақ. Сондай-ақ, жоғарыдағы екі шаруа қожалығы бірлесе отырып, құрама жем зауытын ашуға кірісіп те кеткен. Осыған байланысты шаруашылықтар бидай, жүгері егіс көлемін жылдан жылға арттыра отырып, күріш қалдығы, бидай, жүгері дәні, жоңышқа шөбін қосып, 2000 тонна құрама жем шығаратын қондырғы орнатылмақ.
«Ақжарма және К» шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 8 млн. теңге шығарып, тағы да қажетті 32 млн. теңге қаржыны екінші деңгейлі банктер арқылы алып, кірпіш зауытын іске қоспақ. Бұл зауттың қуаттылығы – жылына 12 млн. дана кірпіш шығару болып табылады. Бүгінде ауыл аумағынан көлемі 10 гектар жер учаскесіне орналастыру мақсатында топырақ құрамы  мен қоры зерттелу үстінде. «Ақжарма-2” шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын, ал «Ақжарма және К” шаруа қожалығы мал сою пунктін салуды қолға алғалы отыр. Мал сою пунктінде жылына 54 тонна шамасында ет өндірілмек. Жалпы екі жобаның құны 30 млн. теңгені қамтып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек.
«Ақжарма” ауылын абаттандыру, яғни, мәдени-тұрмыстық ғимараттардың бой көтеруіне де батыл бетбұрыс жасалуда екен. Ауылда спорт алаңы, 3 тұрғын үй, дәрігерлік амбулатория ғимараттары бой көтеріп, мектеп, балабақша, мәдениет үйі, спорт кешені қайтадан жаңғыртылмақ. 
Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз