ТҮРЛІ-ТҮРЛІ САЙТ КӨРДІК, САПАСЫ ЖОҚ…

72

0

Бүгінде
кешегіден мысал келтірсең, кеңестік кезеңді аңсаған адам болып шыға келетінің
анық. Бірақ өз иделогиясын баспасөз арқылы жүргізудің кеңестік жүйесінің мықты
болғанын мойындамасқа лаж жоқ. Ол тұста басылымға жазылмайтын отбасы жоқтың
қасы еді. Әр шаңыраққа кемінде 5 газет, 2 журнал тұрақты барып тұратын.

Қазір
заман басқа, заң басқа. Баспасөзбен қатар электронды ақпарат құралдары дамып келеді. Жаңалықты
жатсынбайтындар жағы газет парақтағаннан гөрі компьютердің түймесін баса қойып,
барлық ақпаратты алатын осы электронды жүйені тәуір көреді. Бірқатар басылымдар
толықтай электронды нұсқаға көшіп алды. Мемлекет те ақпараттық саясатты жүргізу
үшін жаңа жүйені барынша қолдау танытып жатыр. Бірақ сайттың бәрі сапалы деп
тағы айта алмайсыз.

КЕСІЛГЕН ҚҰЛАҚ КІМДІКІ?

Егер ерінбей түгендеп шық­­саңыз сайттардағы орыс ті­ліндегі
жаңалықтар сәт сай­ын жаңарып, жер әлем­нің жа­ңалығын түгендеп отыра­тын­дығына
көзіңіз жетеді. Қыр­сық қылғанда, мемлекеттік тіл­дегі ақпараттар жағы ақсап жа­тыр.
Мысалы, мақтаулы «Нұр. КЗ» сайты жақында Ал­маты қаласында бір отбасын пышақтап
кеткендер жайлы ақ­парат жариялады. Түн ішінде пә­терге терезе арқылы кірген
топ­тың қылмысын термелеген тілші былай дейді.

… Бәрінің
соңын ала, таяуда ғана шетелден оқуын тәмамдап келген үйдің үлкен қызының қан­дықол
қарақшылар құлағын ке­сіп тастаған.(Нұр. КЗ сайты, 27.08.14.ж)

Қайталай оқып әрең түсі­нетін бұл сөйлем енді таза
орыс тіліндегі ақпаратты қазақшаға көшіре салғанның кесірі. «Са­мар­қанда бір
апам бардың» керін ­келтірген тілші тағы былайша «көсіледі»…

«Қазіргі таңда криминалдық полиция жедел тергеу тобы
құ­рылып, бірер минут бұ­рын анықталғандай, шабуылшы­лар­­дың аты-жөні
белгілі», – деді Ал­маты қаласы ІІД бас­па­сөз қызметінің жетекшісі Сал­та­нат
Әзірбек. (Бұл да сол ақпа­раттан).

Осының бәрі айналып кел­генде «әй, қазаққа осы да жа­райды…»
деген пиғылдан ту­ып отырған олқылық. Көп сайт­тарда қазақ тілінде жазатын тіл­ші
жоқ, ал орысшадан аудара сал­ғанды оңай көретін тиынның татын жалаған иелері
іргелі мем­лекеттің тілін ит тартқан
терідей қылып, қорлап отыр.

Мынау да сол «Нұр.Кз»-тің қойыртпағы:

Мен ортасында келе жатқан­мын, бірдеңесі дүрілдеді
эскала­тордың. Майраға қарасам, ол қоз­ғалып тұр. Оған қарасам, өзім құлап
жатырмын. Алдыға келе жатқан эскалатор қайтадан келе жатыр, сынған ба,
білмеймін.

Астана вокзалында эскала­тор­дан жарақат алған әйел
жай­лы мақала авторы осылай жұм­бақтайды.

Қазақты, қазақтілді оқыр­ман­ды аудармамен алдап отыр­ған
Bnews.kz деген тағы бір пор­тал бар. Сайттың негізгі бе­­тінде «Егер қате
тапсаңыз, Ctrl+Enter басыңыз» деген ес­керту де тұрады. Қа­­те көріп қал­сақ,
әріп­­тестік көңілмен ес­кер­ту жасаған бо­ла­­мыз. Бірақ оны құ­лаққа іліп
жатқан жоқ. Бейнебір олар ұғымсыз оқушы, сен мылжың мұғалім се­кілдісің.

Жақында Мәде­ни­ет және спорт ми­нистрлігінің алқа оты­рысы
жайлы осы сайт «Сақалы шық­қан» құрылыс
ны­сан­дарын тезірек аяқтауымыз қа­жет» деген материал берді. Осы­ған дейін
«сақалды құрылыс» дегенді естіп едік, бірақ «сақалы шығып» тұрғанды құлағымыз шалғаны
осы. Бара-бара не боларын кім білсін?!

МҰРЫН ҚАЛАЙ КЕРІЛЕДІ?

«Жүре берсең, көре бересің» деген бар. «Айқаракөз.КЗ»
-тегі тақырыпты көрсең, Bnews.kz-пен жылап көрісесің. Осы жылдың 9 маусымында
осы сайтта «Боянған әйел мұрнын кере жүреді» деген тақырыпта сұхбат
жарияланыпты. Республикаға тарайтын 7 арнаның визажисі Айгүл Ибрагимовадан
сұхбат ал­ған белгісіз тілшінің (сұх­бат соңында аты-жөні көрсетіл­ме­ген)
сұрағының сұрқы мынадай:

– Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу
бастан осы саланы көздеген бе едіңіз?

Бұл сауалға қайтарылған жауап та нағыз «Апама жездем
сайдың» кері болған да шыққан. Визажист ханым:

– Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бас­тадым
деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түр­сишең
далаға отырғызып қой­ып, шашын алғанымнан бас­талған. Үйде дәу қара қайшы бо­латын,
мен сонымен шаш қия­тынмын. Солай-солай үйдегі анам­ның, әкемнің, інілерімнің
бастарын «жаңартып» тұратын болдым, – деп балдыр-батпақ бірдеңені айтқан да
шыққан. Сі­рә, «Боянған әйел мұрнын ке­ре жүреді» деген «керемет» тақырыпты осы
сұхбат беруші қойған болуы керек.

Қазақ үлкен тұрмақ баланың өзіне «Босағаны керме!
Дастар­қанда керілме!» деп, тыйым салып отырған. Ал енді ересек адамның, оның
үстіне әйелдің керілуі оншалықты жақсы
әдет емес. Ал мұрнын керу дегеніңіз… осы уақытқа дейін естімеген һәм көрмеген
пәлеміз.

Тізе берсең, мұндай мысал­дар көп. Көдедей көп
электронды БАҚ-тан нешетүрлі сұмдықты көріп, аза бойың қаза болады.

Бірақ ауызды қу шөппен сүр­те берген де жөн болмас.
Қазір қазақтілділер арасында «Абай. кз»,
«Жақсы. кз», «Сайгез.кз» секілді порталдардың аты озып тұр. Жақында ғана жарық
кө­ре бастаған «Myproffession.kz» сайты күллі Қазақстанның таби­ғатын
мөлдіретіп көз алдыңызға әкеледі. Ойлы оқырман үшін тәлім алар талай дүние бар.

Бірақ аты бар да, заты жоқ электронды БАҚ-тардағы бы­лықты
көріп, «Түрлі-түрлі сайт көрдік, сапасы жоқ» деп, түңіл­месеңіз болғаны.

Мұрат АҚЫНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз