ТҰРҒЫНДАР ЗАҢДЫ САҚТАП, САБЫРЛЫЛЫҚ ТАНЫТУЫ ТИІС

47

0

Сейсенбі күні құзырлы орын
өкілдері журналистердің басын қосып, шұғыл жиын өткізді. Оған күндізгі сағат он
жарым шамасында әлдебір әйелдің «Титов» шағын ауданындағы 16 «А» үйдің
қабырғасы құлап, бір адам астында қалып қойды» деген қоңырауы себеп болған.
Ақпаратқа сай төтенше жағдайлар мамандары техникаларымен оқиға орнына жеткен.
«Алайда, дерек жалған болып, құтқару тобы кері қайтарылды», – дейді
төтеншеліктер.

 

Аталмыш бес қабатты ғимарат
1971 жылы жатақхана есебінде салынған екен.
Бүгінде ол 123 отбасыға пана болып отыр. Алайда, салынғалы бері жөндеу көрмеген
нысан 2013 жылы апатты деп танылған. Бірақ, мамандар «ғимараттың негізгі
қабырғаларының жағдайы пайдалануға жарамды» дейді. Сондықтан қала әкімдігі
жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылып,
зерттеу жұмыстарына кірісіп кеткен.

Апатты үйдің мәселесі облыс
әкімі Қырымбек Көшербаевтың да тікелей назарында. Аталмыш үй тұрғындары 3 тамызда облыс әкімінің қабылдауында болған.
Тұрғындар қазіргі тұрып жатқан үйлерінің әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда
екендігін және аталған үйде көп балалы аналар мен тұрмысы нашар отбасылар тұрып
жатқандығын айтып, осы мәселені мүмкіндігінше тез арада шешіп беруін өтінген.
Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған облыс басшысы 2017 жылы апатты үйлер мәселесі толық
шешілетінін айтқан болатын.

– Қазіргі уақытта Қызылорда
қаласында 380 отбасы қоныстанған 25
апатты жағдайдағы тұрғын үй бар. 2014 жылы «Титов» шағын ауданында 60
пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Осы үйді жыл соңына дейін
пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек тағы 60 пәтерлік үйде 2016 жылдың
наурыз-сәуір айларында қоныс тойы тойланбақ. Сол жылы тағы 100 пәтерлік үйдің
құрылысы басталатын болады. Қалған апаттық үйлердегі кезекте тұрған 160 отбасы
үйлерінің құрылысы 2017 жылға жоспарлануда. Бұл кісілердің барлығына пәтерлер
заңға сәйкес тек кезек бойынша беріледі,
– деді брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының
басшысы М.Тілеуімбетов.

Осы кездесуден соң аймақ
басшысы үйдің қазіргі жағдайын зерделеу мақсатында арнайы комиссия құрып,
қажетті жұмыстар көлемін айқындау керектігін мамандарға қатаң тапсырған. Соған
сай, аталған үйге уақытша жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі туралы шешім
қабылданған. Бірақ ғимарат күрделі жөндеуден өтсе де, апаттық үйлер тізімінен
шығарылмайды. Тұрғындар болса, өз реттілігімен үй алады. Осылайша, мәселені
қадағалап отырған облыс әкімдігі облыстық құрылысшылар қауымдастығымен келісіп,
аталған тұрғын үйді демеушілер есебінен жөндеуді тапсырған. Осы сөз байласудан
соң, қалалық құрылыс бөлімі де іске кіріскенімен, соңы тұрғындардың қайта
ренішіне ұласқан.

– Тұрғындар тарапынан төбеден кірпіш қиындысы құлады деп,
қолдан «қобалжу» туындатқан. Осының негізінде төтенше жағдай, құқық қорғау,
денсаулық сақтау мекемелеріне телефон шалып, негізсіз дүрлігу орын алған. «Қобалжу» көтерген азаматшаның аяғы ауыр.
Сонымен қатар, аталмыш үй тұрғындары әкімдік тарапынан дереу шешім қабылданып,
үй берілмегендіктен жөндеу жұмыстарына наразылықтарын білдіріп, тәртіп сақтамай
дүрліктіруде, – дейді қала басшылығы.

Айта кетейік, 2013 жылдың
соңында осы «Титов» шағын ауданындағы апатты үй тұрғындары жаңа қонысқа ие
болған еді. Бұған дейін тозығы жетіп, бабы келіспеген баспаналардың жайын
әкімдер жақсы білгенімен, қордаланған түйінді тарқатуға ешкім бел шешіп
кіріспеген еді. Ал жаңа басшылық тізгінді қолға алған бойда көктемде
тұрғындармен жүздесіп, ол үйлерді резерв
қорындағы қаржыға салуды шұғыл тапсырды.
Осылайша, елге берген уәде 3-4 айда орындалып, 24 отбасы 2014 жылды жаңа бас­паналарында
қарсы алған болатын. Шешілмейтін мәселе жоқ дегендей, 16 «А» үйде тұратын
халықтың жаңа баспанаға қол жеткізер күні алыс емес. «Себебі тұрғындар аңсаған
баспананың сметалық құжаттары әлдеқашан жасалып, қаржысы да шешілген»,- дейді
брифингке қатысқан сала мамандары.

Былайша қарағанда, бәрі
түсінікті сияқты. Дегенмен, брифингте атап көрсетілгендей, аталған үйдің
тұрғындары жергілікті биліктен оларға кезектен тыс жаңа пәтерлер беруді талап
етуде. Бұл заңға да, қарапайым түсінікке де сыймайды.

Не үшін және қандай негізде
деген сауал туады.

Біз ширек ғасырдан бері
нарықтық қатынастар жағдайында өмір сүріп жатырмыз, алайда әлі де масылдық
пиғыл күшті болып отыр, айналаңның бәрі өзімізге берешек секілді көрінеді.

Ашығын айтсақ, аталған апатты
үйдің төңірегіндегі жағдай осы мәселеден туындап жатқан сияқты. Дегенмен, ешкім
де көшеде қалмайды, билік апатты үйлердің мәселесін шешумен тікелей айналысуда.
Бірақ бәрі заң аясында орындалатыны белгілі.

Брифингті ұйымдастырушылар
тұрғындарды «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, мәселеге түсіністікпен қарап,
сабырлылық сақтауды, заңдылықты ескеруге шақырды. Ал журналистер қауымына
мәселеге объективті көзқарас танытып,
шынайы ақпарат таратуды ұсынды.

М.ШАЙМАҒАНБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз