ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕ ҚАРЫЗЫ НЕМЕСЕ АСПАННАН АҚША ЖАУМАЙДЫ

108

0

Қаладағы азық-түлік пен күнделікті керек-жарақ сататын сауда орталығынан арба итеріп, дорба көтеріп шығатын кезіміз жиі болады. Бағытымыз сауда үйіне қарсы беттегі аудан. Қолдағы жүкпен жаяу жете алмасымыз анық. Амал жоқ, такси жүргізушілердің қызметіне жүгінеміз. 
– Қайда барасыз?
– Анау шеті көрініп тұрған үйге.
– 400 теңге болады. 
Айтқан бағасы ақылға қонымсыз әрі аларманға алтау аз болғанмен, берерменге бесеу көп емес пе? Саудаласа бастаймыз. 
– Жарайды, 300 теңгеге апарайын.
Жүргізуші орта жастағы кісі екен. Екі аралықта әңгімесін де айтып үлгерді. 
– Осы тұрған жігіттердің түгелге жуығының көлігі несиеге алынған. Уақыты келгенде жандары ышқынып, ақша іздейді. Төлей алмай, табанынан тозып жүргендер де бар,– деді.      
Рас, қазір банктен несие алудан оңай жұмыс жоқ. Бар болғаны бірер сағатта, жалғыз құжатпен рәсімдеп береді. Телефоныңа қоңырау шалып,  «акция болып жатыр, пайызы төмендетілген несие алып қалыңыз” дейтіндері де бар.  Несиенің қолжетімділігі арқасында тойға да, тұрмыстық техникаға да, жиһаз бен көлікке де ақша жинап әуре болмайсыз. Бейресми деректер, «әр жұмыс істейтін адамның басында кем дегенде 2-3 несиеден бар” деген ақпаратты алға тартады. Алғашында аспаннан жауғандай болған ақшаны ай сайын аузыңнан жырып, банкке қайтарып бермесең, пайызы өсіп кетеді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі тұтынушылық несиелердің артқанына алаңдаушылық білдірген болатын. «Тұтынушылық несиелерге келетін болсақ, олардың қайтарымдылық мәселесі белгісіз. Бұл мәселені қарастыру қажет», – деді Елбасы.
Таяу күндері «Аналитикалық шешімдер студиясы» компаниясы 2012-2013 жылдардың қарашасында қазақстандықтардың тұтынушы несиесі бойынша банктерге берешегі 701 млрд. теңгеден 2,2 трлн. теңгеге өскенін анықтады. Осылайша елімізде 2012 жылдың қараша айынан бастап былтырғы жылдың қарашасына дейінгі аралықтағы тұтынушы несиесінің көлемі 48 пайызға артқан.
Осының ішінде тұтынушы несиесінің бір жылдағы өсімі бойынша Астана бірінші орында – 61 пайыз (61 млрд. теңгеден 161,5 млрд. теңгеге жеткен). Қызылорда облысы ондықты түйіндеп тұр. 
Қайтарылмаған қарыздың проблемасы қай тарапқа болсын оңай тимесі анық. Күліп кіріп, жылап шыққан деген осы. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз