ҚҰТТЫҚТАУ

64

0

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды мемлекетіміздің мерейлі мерекесі
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен
құттықтаймын!

Қазақстан қоғамы 1991 жылдың 1
желтоқсанында жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім артып,
мәні зор, мағынасы ерек тарихи таңдау жасады. Содан бергі ширек ғасырға жуық
уақытта елі таңдаған Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітті. Қос құрлықтың
арасындағы көкжиегіне көз жетпес кеңістікке ие болып қалған жас мемлекетті
айналасы аз жылда әлем таныған байрағы биік, байтақ елге айналдырды.

Осыдан тура бес жарым ғасыр уақыт бұрын
Еділден шыққан салқар көш Ұлы далаға келіп, Қазақ хандығының негізін қалапты.
Қазіргі Қазақстан осы Қазақ мемлекетінің жолын жалғастырушы болса, Қазақстан
Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
бабалардан қалған байрақты жықпай, көк туды көкке өрлеткен тұлға ретінде
тарихта қалады.

Қадірлі қауым!

Тарихта бірде-бір мемлекет ширек ғасырға
жуық уақыт аралығында Қазақстан секілді әлем таныған елге айнала алған жоқ. Бұл
алдағыны қапысыз болжайтын көреген көсем, халқын соқпақты жолдан адастырмай
алып өткен қажырлы қайраткер, еліне әлемнің мәртебелі мінберлерінен ойып тұрып
орын сайлаған саясаткер, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қай дәуір
парағына да жазылатын ерен ерлігі. Осыдан тура 23 жыл бұрын Қазақстан халқы
жасаған тағдырлы тарихи таңдаудың нәтижесі.

Өз тағдырын елімен етене байланыстырған
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құтты болсын! Отбастарыңызға
аманшылық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.

Ел еңсесі биік, Елбасымыз аман болсын!

Қызылорда облысының әкімі Қ. КӨШЕРБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз