ТУҒАН ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ БАРШАҒА ОРТАҚ

90

0

Көктем келісімен Сыр өңірінде тазалыққа көңіл бөлініп, ауыл-аймақ, елді мекендер мен облыс орталығында тынымсыз тіршілік басталып кетті. Яғни, 15 наурыз бен 17 мамыр аралығы тазалық айлығы болып жарияланып, санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп, туған шаһардың келбетін көріктендіруге күш салынуда. Осы орайда тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, бүгінгі қала тазалығы көңіліңізден шыға ма, туған қаламыздың мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды қаншалықты қолдайсыз деген сұрақтарға жауап іздеген едік.
Амангелді Әбдібаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– «Тазалық – денсаулық кепілі” деп халқымыз бекер айтпаған. Тазалық жоқ жерде құт-береке де болмайды. Осы орайда облыс көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық айлығын сөзсіз қолдаушылардың бірімін. Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны” деп осыдан айтылған емес пе? Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Бас шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Қызылорда мен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда жасанып, жайнап кеткені байқалады. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Қаламыздың осылай көркейіп жатқанын көріп біз, яғни, ардагерлер қуанып отырамыз. Облыс әкімі бастап, қала әкімі қоштап тазалыққа мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине, сүйсінерлік жай. Әсіресе, қаланы, ауыл-аймақты көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Жалпы, өмір сүріп отырған ортамыздың, қаламыздың таза, әдемі болғанына не жетсін?! Оны жасау, оған үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті.
Қайрат Мырзахметов, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры:
– Бүгінде облыс көлемінде тазалық айлығы жүріп жатқанын білемін. Бірақ тазалық екі айлықпен бітпейді, ол күнде керек. Себебі, күл-қоқыс әрбір үйден күнде шығады. Осыған байланысты айтарым, сол үйден шыққан қоқысты, қалдықтарды тастайтын жерді білуіміз және сол тиісті орынға ұқыпты тастауымыз керек.  Айлық аясында біздің мекеме де сенбілікке шығып, өз мекемеміздің айналасына тал егіп, өсіп тұрған ағаштардың түбін әктеп, жан-жағымызды тазартудамыз.  Әсіресе, мекемеміздің айналасын, жаяу жүргіншілер жолын сыпырып, күл-қоқысын шығарып тастаймыз.  «Бір тал кессең, он тал ек” деген халық даналығын ескеріп, қураған ағаштарды кесіп, орнына тал егудеміз.  Алайда, бір байқағаным, жеке тұрғындар тарапынан қозғалыс жоқ. Қала тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы – барлық тұрғынға ортақ міндет. Сондықтан, әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызса, қандай жақсы болар еді?! Осы орайда менің ойым, учаскелік полицейлер, сол жерлерден сайланған депутаттар ерте көктемде тұрғындармен кездесіп, тазалық жұмыстарына жұмылдыруға үгіт-насихат жүргізсе деймін.
Ерлан Сәрсенбаев, «Болашақ”  колледжінің тарих пәні оқытушысы:
– Жыл сайын өткізілетін тазалық айлығының берері көп. Туған қаламыздың таза, әдемі болуы әрбір қызылордалық, оның ішінде жастар үшін маңызды деп ойлаймын. Жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде де осындай шаралардың маңызы зор болмақ. Өзім еңбек ететін «Болашақ” колледжі ұжымы мен студенттері тазалық айлығына белсенді түрде қатысуда. Жас ұрпақ өздері өмір сүретін қаласымен мақтанатыны белгілі. Олай болса, қаламыздың соңғы кезде заманауи үлгіде жаңарып, жасаруы, көшелердің, демалыс орындарының әсем безендірілуі қала жастарының өз туған шаһарларына деген сүйіспеншілігін арттырып отырғаны сөзсіз.   Жақында «Қызылорда облысы Азаматтық Альянс” қауымдастығы қызылордалықтарды тазалық айлығына белсене қатысуға шақырған үндеу жариялады. Сондай-ақ, үндеуде «Елбасының Алаштың анасы деп атаған Сыр елі ажарланып, келбеттене түсуіне жағдай жасау әрбір тұрғынның міндеті болуға тиіс. Әрбір сырбойылық өзі тұрып жатқан мекеніне деген жауапкершілігін сезініп, жанашырлық танытып, айналасын тазалап, сенбіліктерге белсене қатысса, әрбір аула, көше таза да көрікті болары сөзсіз” деп нақтылап айтылған. Осы үндеумен танысқан студенттер мен колледж ұжымы әр сенбілікке белсене қатысып, тазалық айлығын ұйымшылдықпен өткізуде. 
Сауалнаманы жүргізген: Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз