ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

60

0

Егеменді еліміздің Ата Заңы (Конституция) өзінің ең
алғашқы бабын Қазақстанның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі,
құқықтары, бостандығы деп бастайды. Адам баласы үшін бұл құндылықтардан асқақ
не бар? Біздің ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен
белдескендегі қол созған ақ арманы осы тәуелсіздік, бостандық болатын. Ендеше,
тәуелсіздігімізді паш ететін ең басты құжатымыз – Ата Заңымыздың қабылданған
күні барша қазақстандықтар үшін орны толмас қуанышты күн болып табылады.

Егеменді еліміздің Конституциясы мемлекеттіліктің
барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын
саяси, экономикалық, рухани және
әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры ретінде бағаланады. Ол
Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам
институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады. Ата Заңымыз өз
күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің
белең алуына жол берілмей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси
әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашылды. Сонымен қатар, еркіндік
пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ
халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді. Ұлттық рухымыздың
адастырмас темірқазығындай болған Ата Заңымыздың аясында қабылданған заңдар
қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт
бірлігінің бекуіне ықпал етіп келеді. Сонымен бірге, экономиканың өрлеуі мен
халықтың әл-ауқатының жақсаруына да себін тигізді.

Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «Адам және
азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары
мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адамның құқығы мен
бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің
қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді. Біз адам болып өмірге келеміз, азамат
болып қалыптасамыз. Егеменді еліміздің азаматы ретінде Қазақстан қоғамының
дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның
қорғауында болатынымызға сенгенде және өз құқықтарымызды біліп қана қоймай, оны
қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз. Ал, Қазақстан азаматтарының
Конституциясымен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығы­ның аясы кең, ауқымы
зор. Тарқата айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағ­дайы, саяси
көзқарасы бойынша ешкім қу­ғын­далмауы; сөз және шығармашылық бос­тандығы;
еңбек ету, қызмет түрі мен маман­дық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы
құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге
қаты­су, сөз бостандығы, саяси оқиғаларға өз пікі­рін білдіруге, қоғамдық
бірлестіктер мен ұй­ым­дарға мүше болу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау,
сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес
қорғалады. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар
өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас. Егеменді еліміздің Ата
Заңын саяси, экономикалық, әлеуметтік
жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген тарихи құжат ретінде
құрметтеу қазақстандық азаматтардың абыройлы міндеті деп түсінуіміз керек.
Себебі, еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар
осы Ата Заңымыз негізінен туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар
тиісінше заңдармен реттеледі.

«Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі
арақатынасы» деп француз ойшылы Фердинанд Лассаль осыдан бір жарым ғасыр бұрын
айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр
мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған
бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның
Қазақ елі үшін орны бөлек. Ата Заңымызды қабылдай отырып, біз өз
тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта және нақтылай түстік. Қазақстан Республикасы
– президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, республиканың егемендігі
оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын
және бөлінбеуін қадағалайды. Міне, осы сынды жаңа құқықтық нормалар елдің
тәуелсіздігін толықтай құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуде.

Мемлекет – бұл Конституцияның түлегі. Себебі,
Конституция арқылы мемлекет өзінің халықаралық және ішкі деңгейдегі құқықтық
мәртебесін бекітеді. Сол арқылы ол өз әрекетін құқықтық қамтамасыз етеді.
Конституция мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Осы тарихи құжат арқылы
біз еркіндігіміздің негізін, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіте түстік. Бұдан
былайғы кезеңде де тәуелсіз ел ретінде өркендей беруіміздің кепілі бола береді.
Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық
өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси-құқықтық
тұрақтылыққа, ауыз бірлікке шақырады. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел
игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып
саналады. Консти­туция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың
бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай та­быс­тарымыздың
бастау қайнары», деген Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық
үшін айнымас ақиқат.

Қорыта айтқанда, Конституцияда көрсе­тіл­ген саяси,
әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағыт­талған
мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада
болсын, жемісті жүзеге асырылуда. Ата Заңның тілімен айтсақ, мемлекеттік
биліктің бірден-бір бастауы – халық, сондықтан заң да, билік өкілдері де тек
халық пайдасына еңбек ету керек. Ал халық өзінің бар білім мен ілімін
мемлекеттің күшеюіне ғана жұмсауы керек. Мемлекеттің күшеюінің басты белгісі
Ата Заңымыздың тұғырлығына күмән келтірмеу! Біз өзімізді өзіміз сыйласақ қана
жатты жанымыздан түңілдіретінімізді естен шығар­мауы­мыз керек. Бүгінгі таңда
саясаты сал­мақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағ­дайы әлді, халқы тату,
қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен
терезесі тең мемлекеттің бірегейіне айналды.

Баймырза
Қожамберлиев,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда
облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз