Тәуелсіздіктің іргетасы қаланған күн

62

0

Тәуелсіздіктің іргетасы қаланған күнӨткен ғасырдың 90-жылдарының басында еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы біршама күрделі сипат ала бастады. 1991 жылдың тамыз айында Мәскеуде сәтсіз аяқталған мемлекеттік төң¬керіс ұйымдастырушылардың бүлігінен кейін Кеңес Одағының тағдыры шешілгендей болды. Бұл уақытта республикалар арасындағы шаруашылық байланыстары үзіле бастады. Оны сол кездегі қалалар мен ауылдардағы тіршіліктен байқауға болатын еді. Ақша құнсызданды. Тауарлардың тапшылығы шарықтау шегіне жетті. Осының барлығын біз өз көзімізбен көріп, сезіндік.
1991 жылдың қазан айының 16-да Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы болып өтті. Сессияны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.Асанбаев ашты. Сессияның күн тәртібіне бірнеше мәселелер енгізілді. Солардың бірі ретінде Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заң жобасын қарады. Жоғарғы Кеңестің заң шығару мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Н.Акуев хабарлама жасады. Талқылаудан кейін заң тұтасымен қабылданды. Сонымен бірге Қазақ ССР Пре¬зидентін сайлау туралы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданды. Әлі есімде, бұл заң бойынша Қазақ ССР-нің 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, Қазақ ССР территориясында кемінде он жыл тұрақты тұратын, қазақ және орыс тілдерін білетін азаматы президент болып сайлана алады делінген еді. Көп ұзамай Қазақ ССР президентін сайлау жөніндегі сайлау округтері құрылды. Жылдың соңына қарай Қазақстан өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. 
Жетоқсан айының орта шенінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңы қабылданды. Осылайша елімізде ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің арайлы таңы атты. Шындығын айтқанда, тәуелсіздіктің алғашқы күндері елдегі ахуал өте күрделі болатын. Жұмыссыздық белең ала бастады. Баға шарықтады. Нарықтық қатынастардың халық әлі сезіне қоймаған белгілері енгізілді. Ел алдында нарық қатынастарының басты белгісі – жекешелендірудің мән-жайы түсіндірілді. Бірақ осының барлығын, несін жасырамыз, халық алдымен барынша ауыр қабылдады.  Өйткені, жаңа экономикалық қатынастарды түсіну қиынға соқты. Шаруашылық байланыстары үзілген соң ел өндірген өнімін өткізе алмай дағдарды. Бұрынғы жеңілдіктердің күші жойылды. Себебі, мемлекет ендігі жерде әлеуметтік кепілді міндеттемелерді орындауға экономикалық жағынан қауқары жетпеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды ел азаматтары қайыспай көтерді. Өтпелі кезеңнің күрделі уақытын басымыздан өткердік. Әсіресе, ауыл тіршілігі күрделі еді. Мемлекеттік қолдауға сүйеніп келген шаруашылықтар өз күндерін өздері көруге кірісті. Жеке шаруашылықтар бой көтерді. Әрине, осылардың барлығы бір күнде бола қойған жоқ. Кезең-кезеңмен жүзеге асы¬рылды. Нарықтық қатынастар шаруашылықтарға дендеп енді. Елдің жағдайы да біртіндеп түзеле бастады. Қазір ауылдағы жағдайды сол 90-жылдардың басындағы ахуалмен мүлде салыстыруға болмайды. Елбасының сындарлы саясаты арқасында Қазақстан егемендік жылдарында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Президентіміз шетелдермен байланыс жасап, елдің іргетасын нығайтуға өзіндік сүбелі үлесін қосты. Қазақстан әлемге танылды. Тіпті, еуропалық, әлемдік деңгейдегі саяси шаралар Қазақстанда өткізіле бастады. Бұл біздің Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі тұлға екенін айқындап берді.
Бүгін Қазақстан өз тәуелсіздігінің ширек ғасыр мерейтойына осындай жетістіктермен келіп отыр. Бір Қазалы ауданының өзінде қаншама әлеуметтік, экономикалық мазмұндағы жобалар жүзеге асырылды, жүздеген мектептер, емдеу мекемелері, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Ел еңсесін тіктеді. 
Қоғамдық жұмыстардан әлі де қол үзбей келемін. Аудандық ардагерлер ұйымының әйелдер жөніндегі кеңесінің мүшесімін. Алты бала, олардан 18 немере- шөбере сүйіп отырған бақытты анамын. Осының барлығын тәуелсіздіктің мәуелі жемісі деп санаймын.  Қазақстан ширек ғасыр ішінде әлемдегі бақуатты елдердің қатарына қосылды. Біз бұны егеменді елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті жұмысының нәтижесі деп түсінеміз.
Ажаркүл АЛДАЖАРОВА,
ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бұрынғы Қызылту кеңшарының
күріш звено жетекшісі.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз