ҮЙ ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕКЕ КІТАПХАНА

72

0

Елдің тарихы мен жердің қасиетін қастерлейтін, білгенін кейінгі ұрпаққа айтып жүретін ақсақалдар қашанда біздің асыл қазынамыз. Шежірелі Сыр өңірі халқының ынтымағына үлес қосып, аймағымыздың дамуына тілекші үлкендердің өнегесі бүгінгі ұрпаққа сабақ. Тарихи мұраларды зерделеумен қатар оны қазіргі кезеңмен сабақтастыратын ақсақалымыздың бірі – жаңақорғандық Шайдарбек Әшімов ағамыз. Кезінде партия, кеңес жұмыстарында ысылған қария көптен бері туған жердің тарихына қатысты талай құнды дүниелерді жинақтады. Шәкең ағамыздың шығармашылыққа қызыққаны соншалық үйінің жанына өзіне лайықтап, кітапхана салып алып, барлық мұраларын сонда сақтайды. Қашан барсаң, сол өзінің құтты мекенінде қолынан қаламын тастамай, бірдеңе жазып отырады. Ол «Атадан қалған мұралар», «Керемет тағылымы», «Құтбай», «Өмірдің өзі талас» және басқа да туындылардың авторы. Мұнан басқа «Алпамыс батыр» дастанының өзбекше нұсқасын қазақ тіліне аударып та өзін өзге қырынан танытты.

Қазір сексен жастың сеңгіріне көтерілген Шайдарбек Әшімов жаңақорғандықтардың сыйлы азаматы. Ол өзінің еңбек жолында аудан әлеуетінің жақсаруына белсене атсалысты. Сонау сексенінші жылдары ауданның қиыр шетіндегі 24- партсьезд атындағы кеңшарда да партком хатшысы болып, табысты қызмет істеді. Әсіресе, Шалқия кентінде поселкелік кеңес төрағасы болып қызмет атқарған жылдары кенішті аймақтың жандануына, халықтың ынтымақты өмір сүруіне мол үлес қосты. Ол кездері Шалқияның мол өнім өндіріп дүрілдеп тұрған шағы еді, сырттан келушілер де көп.  Солардың бәріне үлгі-өнеге көрсете жүріп, оларды бір арнаға ұйыстырды.

– Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғам мүшелерінің жаңа өмірге бейімделуі туралы керемет бағыт берді. Көненің жақсысын алып, жаңалыққа ұштастыру арқылы жетістіктерге жетуге болады.  Шындығында жыл ауысқан сайын замананың сұранысы мен бағытының  жаңаланып тұруы заңдылық. Одан үлкен- кішінің қалыс қалуына болмайды, оған білім арқылы қол жетеді. Ал былымның қайнар көзі-кітапта. Кейінгі жастарымыз кітаптан қол үзбесін, білімді жолсын деп үнемі айтып, шамам келгенше жазып жүремін. Кітапханамда республикалық, облыстық газеттердің бірнеше жылғы сандары тігулі тұр. Қажеттерін сұрыптап жатырмын,–деген ақсақал өз ұстанымынан хабар білдірді.

Иә, үлкеннің өнегесі кейінгіге тәлім-тәрбие. Ұрпақтар сабақтастығы қашанда үзілмесін деңіз, бұл сара жолдың даңғылы.

Н. Назымханұлы,

Жаңақорған кенті 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз