ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ…

44

0

Атамыз қазақ осындай жарасымды
тіршілікті көрген сәтте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілін
тілге тиек етіп, береке дарыған шаңырақ шаттығын әспеттей білді. Расында да,
бұл тәмсілдің қаншама дәуір өтсе де, өз мәнін жоғалта қоймағанын айқын
аңғарамыз. Бүгінгі таңда елімізде жарасымды тірші­лікте өмір сүріп жатқан
отбасыларды дәріптеу бағытында оң үрдіс қолға алынып келеді. Қашаннан да
қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ондай отбасылар саны жетіп артылады.

Олардың арасынан бірқатарын айрықша атай
кеткеніміздің артықтығы жоқ. Қазіргі таңда Шиелі ауданының Бестам ауылында
тұратын Кенжебек Қыпшақбайды ағайын-туыс, ауылдастары ұлағат дарытқан ұстаздар
әулеті деп санайды. Солай боларлық жөні бар. Білім саласында әкесінің жолымен
жүрген ұрпағы одан ешбір зиян көрген жоқ. Бүгінгі күні аталмыш әулетте 16 адам
ұстаздық қызметте жемісті еңбек етіп келеді. Олардың жалпы еңбек өтілін қоса
есептегенде 285 жылды құрайды екен. Ал Сырдария ауданында тұратын Рүстем
Сыздықұлы әулетінің жалпы еңбек өтілі олардан 25 жылға ғана кем. Бұл отбасында
11 адам «Әке көрген оқ жонар» деген қағиданы берік ұстанып, денсаулық сақтау
саласында қызмет атқарып келеді.

Тағы бір береке дарыған әулеттер ретінде
Жаңақорған және Арал аудандарында тұратын мәдениет саласының өкілдері – Бәден
Айсынов пен Мұрат Сыдықовты атай кеткеніміз абзал. Жаңақорған ауданының Талап ауылында тұратын
Б.Айсыновтар отбасында 7 адам аталмыш салада еңбек етіп, жалпы еңбек өтілі 186
жылды құрап отыр. Ал Аралдың белгілі күйші-сазгері М.Сыдықовтың шаңырағында 5
адам өнердің өрелі биігіне талпынса, олардың еңбек өтілі 162 жылға жуықтайды.
Облыстың су шаруашылығында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Сыдық Оспановтың
ұл-қыздары да әке жолын жалғады. Отбасындағы аталмыш салада қызмет ететін 6
адамның жалпы еңбек өтілі осылайша 145 жылға жетті. Ауыл шаруашылығы саласында
еңбек өтілі 75 жылды құрайтын, 5 адам тұратын отбасының алтын діңгегі – Бегалы
Пірдашов әрдайым өз ұрпағына тәлімді тәрбие беруден жалыққан емес. Қызылордалық
Кеңесбек Анафин ішкі істер құрылымында қоғамдық тәртіптің сақтау шарасына
ерекше мән берді. Бүгінде аталмыш отбасында еңбек етіп жүргендер саны 7-ге
жетті, жалпы еңбек өтілдері 65 жылға жуық.
Қызылорда қаласында тұратын белгілі суретші Мұратбай Үмбетов өзімен
бірге екі баласын өз кәсібіне терең үңілуге баулыған. Олардың жалпы еңбек өтілі
– 59 жыл. Әлеуметтік саланың өкілі Рахия Жәнібекованың отбасында 7 адам (еңбек
өтілі – 55 жыл) сол кәсіптің қыр-сырына үңіліп, тәжірибелі мамандарға айналған.
Сыр өңірінің спортшылары жеңіл атлетика бапкері Владимир Лептиковті жақсы
таниды. Олардың шаңырағында қазір 3 адам жеңіл атлетиканың қыр-сырын жас
өрендерге үйретіп келеді.

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз