ӘЙЕЛ-АНАЛАР ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ

56

0

ӘЙЕЛ-АНАЛАР ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚКөктемнің алғашқы қуанышы – әйелдер мерекесінің айналаны шуаққа бөлейтін айрықша қасиеті бар. Бұл күндері ардақты ана, ғазиз қарындас, адал жарды қастерлеудің қалыптасқан дәстүрі бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мереке қарсаңында  облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Рахима Ахметовамен сұхбат құрған едік.
– Рахима Қаржаубайқызы, 8 наурыздың тарихына көз жүгіртсек, әу баста мерекенің саяси сипаты басым болды. Арада бір ғасырдан астам уақыт өткенде Халықаралық әйелдер  мерекесінің мәні қаншалықты өзгерді? 
– Биылғы жылы Сыр елінде қаһары қатты, қары қалың қыс болды.  Сондықтан болар, баршамыз көктемді айрықша сағынып, асыға күтудеміз. Жалпы, көктем мезгілі қай халықта болмасын табиғаттың оянуымен, өмірдің жаңаша басталуымен теңестіріледі.  8 наурыз – көктемнің алғашқы мерекесі болғандықтан оны  жақсылықтың нышаны ретінде қабылдаймыз. Осы мерекенің өмірге келуіне себепші болған Клара Цеткиннің есімін көпшілік біле де бермейді.
Бүгінгі таңда бұл мереке ардақты аналарымыздың көрікті мерекесіне айналуы  қуанышты сезімді тудырады. Ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін аналарымызға елімізде көптеген жақсылықтар жасалып келеді.  Бұл мерекені шаңырағымыздың береке-бірлігіне айналған әйел-анаға көрсеткен қоғамымыздың құрметі деп білеміз.
– Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, жаңа дәуірдің жасампаз ұрпағын тәрбиелеуге әйелдер қаншалықты үлес қосты деп ойлайсыз?
–  Тарихты тереңнен қозғасақ,  аңыз бойынша сақтар ханшайымы, өр тұлғалы Томирис осы қасиетті Сыр жерінде туып, өмір сүрген екен. Сондықтан шығар, Сыр елінің қыздары қайсар да қаһарман, еңбекқор да табанды жандар. 
Тәуелсіздік жылдар ішінде әйелдердің қоғам өміріндегі рөлі арта түсті.  Әйелдер өз отбасының ұйтқысы болып қана қоймай, елімізде болып жатқан жаңалықтарға белсенді араласады. Қазіргі таңда әйелдердің экономикадағы үлесі 40 пайызды құрайды.  Әйелдер  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қаржы  салаларында басымдық танытады. Орта және кіші кәсіпкерлікте, үкіметтік емес ұйымдарында әйелдердің белсенділігі өте жоғары. Облысымызда мемлекеттік қызметте әйелдер 46 пайызды құрайды. Бүгінгі қазақ әйелдерінің білімді, білікті маман, рухы биік, отансүйгіш  азамат, шаңырақты берік ұстап отырған ана екендігіне күмән жоқ.   Елбасымыз Н.Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің берік болуына әйелдердің қосқан еңбегін жоғары бағалап, әйелдер жауапкершілігін  үнемі атайды. Бұл әйелдерге деген зор құрмет, айрықша сенім. 
– Қазақ ұғымында әйел мен отбасы ажырамас бірлікте болып келді және солай болып қалуға тиіс. Осы ретте отбасы құндылығын тоздырмас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
ӘЙЕЛ-АНАЛАР ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ– Отанның отбасынан басталатыны, отбасының ана мейірімінен қуат алатыны айдан анық. Өткен жылы Елбасының Жарлығымен ел өмірінде тағы бір маңызды мейрам «Отбасы күні»  жарияланды. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің, қара шаңырақтың іргесінің берік болуына, ұрпақтың саналы тәрбие алуына жасалып жатқан игі істерінің нәтижесі. Алтын құрсақты аналарымыздың арқасында облысымыз бала туу көрсеткіштері жағынан республикада алдыңғы қатарда тұр.
Соңғы 10 жылда  облыс бойынша бұл көрсеткіш 27,4 пайызға өскен. Осы орайда, облыстағы 44 мыңнан астам көпбалалы аналардың 25 мыңнан астамы Батыр аналар екендігін мақтанышпен айтамыз. Биылғы жылы Сыр елінің аналары Елбасының Жарлығымен 292 «Алтын»  және «Күміс» алқаларымен  марапатталды, оның ішінде 86-сы – «Алтын алқа», 206-сы  «Күміс алқа»  иелері атанды. 
– «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп, соңғы уақытта ұлттық  ұстанымдарға назар аудара бастадық. Сіз қазіргі заман қыздарының қандай қасиеттерін бағалайсыз?
– Халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Қазақтың қыздары пәрәнжі-сәтір кимеген. Еркіндік пен есерліктің аражігін ажырата білген төзімді, тапқыр, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан қазақта батыр қыздар көп болған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Қазақ қыздары ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана болуымен  ерекшеленеді.  Бүгінгі заманның қыздары білімді, ұлтжанды, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани  тазалығымен көпшілікті баурап алады.
– Әйелдер мерекесінде аналар мен  қыз-келіншектерге сыйлық беру – мерекенің ерекшелігі.  Жалпы сыйлыққа мән бересіз бе?  
– 8  наурыз баршамыздың  жүрегін шаттыққа бөлейтін шуақты  көктемнің алғашқы мерекесі болғандықтан ер-азаматтар өздерінің ардақты аналарына, сүйікті жарларына, ерке қыздарына ыстық тілектерімен қоса сыйлықтар табыс етеді.  Бұл ежелден келе жатқан дәстүр әлі жалғасын таба береді. 
Біздер, әйелдер де, аналарымызға, апа-сіңлілерімізге, келіндерімізге, құрбыларымызға  жүрекжарды тілектерімізді білдіріп, сый-сияпат жасауға асығамыз.  Сыйлықтың бағасы емес, адамға деген ыстық ілтипаты мен құрметі бағалы  деп түсінемін.
– Бұл мереке күні сіз кімді бірінші құттықтайсыз, сізді кім бірінші құттықтайды? 
– Әрине, ең бірінші әулеттің үлкендерін,  ақ жаулықты аналарымызды, әжелерімізді  құттықтауға тиіспіз. Сол кісілерге барлық өмірдегі жақсылықты тілей отыра, қолдан келгенше құрмет-ілтипатты жасауға тырысамыз.
Өзімді бірінші болып құттықтайтындар – қызым мен бауырларым.  Мереке қарсаңында барша Сыр бойының аналары мен қыз-келіншектерін шын жүректен  құттықтаймын. Баршаңызға бақыт, зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін.
Сұхбатты жүргізген Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз