ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ ӘР КЕЗДЕ МАҢЫЗДЫ

63

0

Бүгінде «Нұр Отан» партиясы
сайлауалды тұғырнамасының 13 бағыты бойынша 12 сарапшы топ жұмыс жасап келеді.
Соның бірі «Әйелдерді қолдауға» негізделген. Жуырда осы мақсатта бас қосқан
сарапшы топ өкілдері әйелдер жасайтын және оларға қарсы жасалатын қылмысты
жиынға арқау етіп, себеп-салдарын анықтау мақсатында тереңіне үңілді. Алғаш болып сөз алған топ жетекшісі облыстық
мәслихат депутаты Райкүл Байназарова қай салада болмасын гендерлік теңдікке қол
жеткізу мақсатында белсенді жұмыстар жасалып жатқандығын және бұл саясатқа
Елбасының өзі терең мән беріп отырғандығын тілге тиек етті. Осы негізде
елімізде 1998 жылдан бері отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия
жұмыс жасап келеді. Осылайша өрбіген жиында одан әрі қыздардың бойында ұлттық
тәрбиені қалыптастырудың жолдары сөз болды. Бір өкініштісі, соңғы уақытта
ғаламтор желісі бір-бірімен жаға жыртысып, тепкінің астына алып жатқан
бойжеткендердің айқай-шуына толып кетті. Бұның өзі тәрбиенің осалдығының
көрінісі болар. Ал әйелдерге қарсы жасалатын қылмыс биыл былтырғымен
салыстырғанда 68,1 пайызға төмендеген. Алайда, құқық қорғаушылардың айтуынша,
нәзік жандылар арасында алаяқтық пен ұрлық деректері артқан. Осы орайда, Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Меруерт Аңсатова:

– Алаяқтықпен айналысатын
әйелдердің 70 пайызын жоғары оқу орнын бітіргендер құрайды екен. Сондай-ақ, 16
пайызының жеке кәсібі бар. Яғни оларды ақылы арсыздыққа апарып отыр деген сөз.
Ал еліміздегі әйелдерге арналған 6 түрмеде 4 мыңнан аса сотталушы бар. Олардың жартысы 30-40 жас шамасында. Бір өкініштісі, Орта Азия елдері
ішінен Қазақстан бұл тұрғыда бірінші орында тұр. Ал қорқыныштысы, темір тордың ар жағында
отырып ана атанып, бала тәрбиелеп отырғандар бар, – деді.

Сарапшы топ өкілдері жиын соңында жастармен жұмысты жоғары
оқу орнынан емес, мектеп табалдырығынан бастап, білім ошақтарындағы «Қыздар
сағатын» қайта жандандыру керек деген ұсыныстарын да жеткізді. Мәселені шешудің
өзге де жолдары ортаға салынды.

 

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз