ҚЫСТЫҢ КӨЗІ ҚЫРАУЛЫ

56

0

Қаңтар айы да орталанып қалды. Биыл Қазалыға қар мол жауды. Қайда қарасаңыз да, ақ көрпесін жамылған сай-саланы байқайсыз. Тура қалжырап келіп көз шырымын алған жолаушыдай мүлгіп жатыр. Бір қарағанда «қаңтарда бар тіршілік қаңтарылады» деген осы шығар деп пайымдайсыз. Бұл – алдамшы көрініс. Ауыл тұрғындары шаруа қамымен қарбаласып жүр.
Екі сағатқа жуық жол жүріп Түктібаев елді мекеніне келгенде жұмыс уақыты жаңа басталған еді. Округ әкімімен тілдескен соң клубқа  бас сұқтық. Меңгерушінің кабинетіндегі шағын пеш лаулап жанып жатыр. Ошақтың қызуы бет қаратпайды. Бірақ… бұған қарап клубты жылы екен десеңіз, мықтап қателесесіз. Көрермендер залының салқындығы соншалықты өзімізді ашық далада жүргендей сезіндік. Клуб меңгерушісі 1968 жылы пайдалануға берілген ғимараттың «апатты жағдайда» деп танылғанын айтты. Ескі нысанды қолдан жағу тәсілімен жылыту (жылиды деген аты ғана) мүмкін еместігін, биылға 20 тонна көмір бөлінгенін, дегенмен клуб үйі жаңадан салынады деген қуанышты хабар барын жасырмады. Ғимарат салқын деп мұндағылар қол қусырып отырмайтын сыңайлы. Би кешін ұйымдастырып, ақылы қызметтің құнын табады екен. Клуб меңгерушісінің кабинеті өте жұпыны. Бөлмедегі арқасы сынған жалғыз орындық (мұны да Нұрлан үйінен әкеліпті), көне үстелден өзге көңіл қуантатын мүлікті аңғармадық.  Музыкалық аппаратуралар да ескі. Ауыл, аудан әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиыны клубтың сын көтермейтін жағдайына байланысты мектепте өтеді екен. 
Әкімдік ғимаратының бір бөлігіндегі кітапхананың ахуалы да кісі қызығарлықтай емес. Ағымдағы жылы кітапханаға 17 тонна көмір қаралған. Обалы нешік отын нормаға сәйкес жағылуда. Алайда, оқырмандар залының қыс мезгілінде суық болатындығынан келгендер іргелес ардагерлер кеңесінің бөлмесінде отыруға мәжбүр. Кітапханашы Гүлмира Ниетова байырғы, білікті маман. Ол өткізген мәдени шаралар көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. 
Ауылдағы №88 мектеп сұйық отынмен жылытылады. Білім ошағының қалыпты температурада екендігін оқушылардың жеңіл киіммен жүргендігінен пайымдадық. Жуырда өткен қысқы пәндік олимпиадада түктібаевтық оқушылар 7 жүлделі орынды бағындырыпты. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, едәуір жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың перзенттеріне қыстық киім таратылыпты. 
Майдакөлдегі әкімдік ғимаратының да тозығы жеткен. Яғни, бұрынғы кеңшардың кеңсесіне қоныстаныпты. Арада жылжып өткен уақыт ағымы өз қолтаңбасын қалыптастырған. Округ әкімінің айтуынша, жылда кеңсеге жөндеу жасағанымен, пайдасы шамалы. Ескірген қабырғалар сылақ ұстамайды. Жылу жайы да орташа деңгейде. Еденді ауыл ағасы жеке қаражатына алған бояумен сырлатыпты. Аз да болса, әрі кірсін дегені. Бір сүйсінерлігі, Әділхан Ахметов басқаратын «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры мекемесі бірқатар қоғамдық колонкаларды жаңалап, толық жабдықтап беріпті. Нақты кезеңде ауыл тұрғындарына тәулігіне 40 текше метр таза су босатылуда. Ауыл әкімі елді мекенде электрик штатының жоқтығына қынжылыс білдірді. Егер жарық сөнсе, көршілес Түктібаевтағы подстансаның жауапты адамына қоңырау шалады. Ол болса, сонау Қожабақыдағы жөндеу бригадасына хабарласады. Арнайы бригада жеткенше күтуге тура келеді. Бұл туралы тиісті орынға сұраныс берілгенімен «арнайы подстанса болмағандықтан электрик бөлінбейді» деген жауап алыпты. Бәлкім заңдылығы солай шығар. Дегенмен, Майдакөл мен Түктібаевта қыруар халық тұратынын ескерген де абзал сынды. 
Майдакөл клубы асар тәсілімен салынған. «Төбесі жұқа жабылғандықтан жылуы кемшін соғады. Әсіресе қаңтар, ақпан айларында өте қиын. Әкімдердің есеп беру жиынын амалдап өткіземіз. Арасында электр пешін қосып та қоямыз. Көрермендер залы да салқын» дейді клуб қызметкерлері. Мүмкін рас болуы. Дегенмен, жұдырықтай жұмылып ғимарат салып берген ағайынға ризашылықтан басқа  не айтасың? Кезінде клуб құрылысына ауылдың үлкен-кішісі түгел қатысқанын көз көрді. Жергілікті билік өкілдері де қалыс қалмады. 
Бекарыстан би ауылындағы №24 мектепте 526 шәкірт дәріс алады. Шағын орталықта екі топ бар. Мектеп директоры сынып бөлмелері қалыпты температурада екендігін жеткізді. Мұны өзіміз де байқадық. Округ әкімі, ауылдық мәдениет үйі директорымен пікірлесу барысында біршама жайтқа қанықтық. Мәдениет үйіне 62 тонна көмір бөлініпті. Бұл – бір вагон деген сөз. Елді мекенге дейін (тиеп, түсіруі, тасымалы бар) қомақты қаржыға келетіні белгілі. Біздің көзіміз жеткені пайдалануға берілгеніне 40 жылға қадам басқан мәдениет үйі салқын. Рас, есік-терезесі үлкен, қабырғасы биік нысанды жылыту оңайға түспейді. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттардың әзірленіп, құзырлы орынға жіберілгеніне 3 жылға жуықтапты. Егер осы мәселе шешілсе, нысанның әлі де көпшілік сұранысын өтейтіні даусыз. Әкімдердің есеп беруі мектептің мәжіліс залында өтеді. Мұндағы баян, домбыра жеке адамдардың мүлкі екен. Қазіргі қолданылып жүрген құны 200 мың теңгелік музыкалық аппаратураны танымал кәсіпкер, жомарт жүректі азамат Бекқали Бекбауылов сыйға тартыпты. Оған қоса, Бекқали ауылдағы «Аманбай ахун» мешітіне, қарастығы жоқ отбасыға көмір түсіріп беруді жыл сайын дағдыға айналдырыпты. Міне, жігіт. 
Кітапханашы Гүлжанат Спандияр  от жағу, еден тазалауды қоса атқарады. Айтуынша, қажетті мөлшерде көмір бөлінген. Алайда, нормаға сәйкес от жағылатынына қарамастан, кітапханашының шағын бөлмесінің өзі салқын. 
Қоғамның басты байлығы – адам. Ендеше басты байлығымызды сақтай білейік. «Қыстың көзі қыраулы» демекші, алыс ауылдарда тіршілік осылай қайнап жатыр.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз