ҚҰҚЫҚТАНУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

46

0

Елбасы «Отандық кадрлық әлеуметті тәрбиелеу мен қалыптастыру – жалпы мемлекеттік міндет, әрқайсымыздың парызымыз» мамандар тәрбиелеудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті сан алуан саланың мамандарын даярлауда игілікті істер атқарып, белгілі білім ордасына айналды. Бүгінгі біз әңгіме еткелі отырған «Құқықтану» мамандығы өз бастауын 1992-1993 оқу жылының 1-қыркүйегінен алады. «Құқықтану» кафедрасы ашылған кезде профессор Мұстафа Матаев оған меңгерушілік жасаса, алғашқы кафедра құрамында Б.Ахметов, Т.Yмбетова, А.Тасыбаева, Г.Сыздықов, Ж.Исаева сынды білікті де білімді заңгер мамандар болды. Бертін келе, Сыр аймағының құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар қалтқысыз қызмет еткен М.Қошманов, М.Жүсіпбекова, М.Ақмұрзаев, С.Абдулов, Н.Байқадамовтар толықтырады.
– «Құқықтану» кафедрасы ашылған жылдары, – дейді бізбен әңгімесінде аға оқытушы Махсут Қошманов, – көптеген қиыншылықтарды басынан кешірді. Сол кездегі кафедра меңгерушісі қызметін атқарған М.Матайұлының қажырлы еңбегінің арқасында бойымызды тез-ақ тіктедік. Кафедраның материалдық базасын жақсартып, заңдылық тұрғыдан кітап қоры, әдістемелік құралдар, оқытушылар құрамы толықтырылды.
Айтса айтқандай, «Құқықтану» кафедрасы өз тарихында, яғни, 1992 жылдан 2000 жылға дейін «Құқық және құқықтық тәрбие әдістемесі», «Мектептегі тарих және құқық», «Құқық және экономика негіздері», «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандықтары бойынша кадрлар даярласа, 2000-2001 оқу жылы «Құқықтану» кафедрасы екіге, яғни, «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» және «Арнайы құқықтық пәндер» кафедралары болып бөлінеді.
«Құқықтану» мамандығы факультеті ұжымының алдына қойған басты мақсаттары – еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосатын білікті де білімді заң саласының мамандарын даярлау. Содан да факультетте қажетті материалдық-техникалық, ақпараттық база толықтай жасақталған. Бүгінгі күн талабына сай оқу аудиториялары, лабораториялар, компьютерлік кабинеттер, тәжірибелік алаңдар, «Сот мәжілісі» залы жұмыс жасауда. Оқу барысында теледидар, бейнемагнитофон, мультимедиялық проректор, интерактивті тақта қолданысқа енгізілген. Университеттегі «Студенттердің заң клиникасы» азаматтарға тұрғын үй, отбасылық жағдай, әкімшілік, еңбек қатынастары бойынша ақысыз кеңес береді. Бұл бір жағынан студенттердің білімін жетілдірсе, екінші жағынан тұрмыс жағдайлары төмен азаматтар үшін студенттер тарапынан көрсетілер көмек. Сондай-ақ, құқықтану мамандығы ашылғаннан бері «Фемида» сайысын өткізу де дәстүрге айналған.
Жақында «Құқықтану» кафедрасының ұйымдастыруымен Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей Декларациясының 65 жылдығына орай «Адам құқықтарының сақталуы мен демократияның дамуындағы құқықтық білім берудің ролі» тақырыбында дәстүрлі құқық апталығы өткізілген.
Жыл сайын өткізілетін игілікті іс-шара Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми-техникалық кітапханасындағы тақырыптық көрмеден бастау алып, тақырыпты плакаттар сайысымен өз жалғасын тапты. Апталықтың екінші күні қаланың 9-11 сынып оқушылары арасында «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы – әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің нышаны» тақырыбында эссе жазу сайысы өткізілді. Сайысқа қатысқан 57 оқушы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы құқықтық сауаттылықтарын паш етті. Жеңімпаз оқушылар атаулы номинациялармен марапатталса, қалған қатысушыларға сертификаттар берілді.
Апталықтың үшінші күні Қызылорда қаласындағы колледж студенттері арасында «ҚР ауылдық және кенттік әкімдер сайлауын өткізу мәселелері» тақырыбында пікірталас болса, төртінші күні құқықтық емес мамандықтар студенттері арасында «Ата-аналардың құқықтарының сауаттылығы – балалар құқықтарының қорғалуының кепілі» тақырыбында дебат өткізілді. Соңында  «Адам құқықтарының сақталуы мен демократияның дамуындағы құқықтық білім берудің ролі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Сөз соңында айтарымыз, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Құқықтану» факультеттерінің оқытушылары студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін оқытудың әлемдік тәжірибесіндегі жаңалықтарды да мүмкіндігінше оқу процесіне енгізуге талпыныс жасауда екен. Осы мақсатта кафедра республиканың және өзге де мемлектетердің жоғары оқу орындарымен байланыста.
Еркін ӘБІЛ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз