ҚЫТАЙ АУЛАРЫ СУ АЙДЫНЫНА ҚАУІПТІ

59

0

Балықшылардың экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартудың бірден-бір жолы балық аулауды жүйелі, тұрақты аулау деп есептеймін. Ол үшін ауланған балықтың тұқымдас түрі сазан, карп, дөңмаңдай, ақамур бұлардың орташа аулау салмағы 2 келі, көксерке үшін 0,5 келіден жоғары болғаны дұрыс. Ал қалған торта, қызылқанат торта, алабұға тәрізді аборигендік түрлерін нарық сұранысына сай аулауға болады. Жергілікті балықшылар үшін көлдер жүйесінен ауланған және өткізген балықтары пайдалы болмақ.

Табиғат пайдаланушы ұжым­дар үшін оның даму жоспары, балық өндірісіне қажетті қаржысы, ауланған балықты өткізу, ұзақ мер­зімге пайдалануға болатын аулау құралдары және салыққа бере­шегі мерзімінде төленгені дұрыс. Балық өндірісіне байланысты жарақтандыру жоспарын талқылау кезінде негізгі материалдар мен айналым қорларын, соның ішінде аулау құралының тозуы, техниканы жөндеу, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жалақыны тұрақты төлеп тұру да ескерілуі керек.

Балықшы жыл бойы тұрақты балық аулау үшін мынадай қағидаларды: экологиялық сапалы және сандық балық аулау өнімі мен балық аулайтын су айдынындағы балық қоры туралы ақпаратты білуі және оны талқылауға қатысуы, сондай-ақ, балықшының аулайтын су айдынындағы балық қорын молайту жолындағы жұмыстары мен әлеуметтік қолдау және еңбек қауіпсіздігін білуі маңызды. Көл айдынында жүрген бригадалардың негізгі аулау құралдары балықшы ауы болып табылады. Қазіргі таңда тек қана капрон негізіндегі аулармен балық аулауға рұқсат берілген. Капрон аулардың желісі жоғары, арқалық бөлігі және төменгі табандылық бөлігі өте берік материалдардан жасалады. Бұл материалдарды ұзақ мерзімді пайдалануға болады. Капрон ауларды жөндегенде тек аулау торын ғана алмастырып отырасың. Арқалық пен табандық материалдарын ондаған жыл пайдалануға болады. Қазіргі таңда аудан балықшыларының пайдаланып жүргені менофеламенді қытай аулары. Қытай ауларының зияндығы туралы айтсақ, соңғы 15 жыл көлемінде пайдаланған аулар көбеюде және өте арзан дүние болғандықтан бірнеше күнде жарамсыз ретінде су айдындарына тастап кетеді. Жарамсыз, сапасыз ауларға балықтар түседі де бұзыла бастайды. Аулар монофиломенді талшықтан жасалған себепті ол суда ыдырамайды. Бұның ақыры балық қорының азаюы, су айдынына, қоршаған ортаға, экологияға кері әсер етеді. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Арал балық инс­пекция бөлімі жүйелі түрде ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Олар жұмыс барысында ҚР Үкіметінің 7 наурыз 2012 жылғы №303 қаулысын басшылыққа алады. Үкімет қаулысында балық аулауда синтетикалық, нейлондық не болмаса пластикалық, полиамидтік моноталшықты және электр жүйелі типтес барлық құрылғыны пайдалануға қатаң тыйым салынады делінген.

Су айдындарында үкімет тарапынан қатаң тыйым салынған қытай ауларын пайдаланбауға және жоюға, осынау мемлекеттік маңызы бар іске көпшілік түсіністікпен қарап, қолдау білдіреді деп үміттенемін. Әсіресе, балықшылар бұл мәселеде үлкен жауапкершілік танытуы керек.

 

Алдаберген ИСАЕВ,

«Қамыстыбас” су тұтынушылар
қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз