ҚЫЗМЕТІН АСЫРА ПАЙДАЛАНҒАНДАР ҚЫЗМЕТІМЕН ҚОШТАСАТЫН ТҮРІ БАР

53

0

Облыстық тәртіптік кеңестің оныншы отырысында үш мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша кеңес хатшылығының меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов бірқатар мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялар жұмыстарында орын алған кемшіліктерді тілге тиек етті. Оған Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданы әкімдерінің аппарат жетекшілері А.Есжанов пен Қ.Бержанов, облыстық сот актілерін орындау департаментінің басшысы Д.Жанзақов түсінік берді. Бірақ, соңғы шенеунік мемлекеттік тілге пысқырмайтынын байқатты.
Тәртіптік кеңес жоғарыдағы құзырлы орындар басшыларына орын алған кемшіліктерді болдырмау, комиссиялар жұмысын жандандыру, нормативтік құқықтық актіге сәйкес құрылып жатқан бірыңғай тәртіптік комиссияларға білікті мамандар алу, олардың өз қызметін заң талаптарын қатаң сақтап жүргізу, тәртіптік кеңеспен тығыз байланыс жасап, оның құзырына жататын материалдарды уақытылы қарауға беріп отыруды міндеттеді. Сондай-ақ, кеңес ережесіне сәйкес мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялар жұмыстарын үйлестіру және талдау жасау, берілген ұсыныстардың қаншалықты орындалып жатқанын анықтау, тәртіптік комиссияларға қатысты шағымдарға тексеру жүргізу, заңбұзушылықтар орын алған жағдайда материалдарды тәртіптік кеңес қарауына беру ұсынылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде Сырдария ауданы әкімінің орынбасары С.Нұртазаевтың тәртіптік ісі қаралды. Орталық аймақ бойынша ауданаралық қаржы полициясы бөлімі лауазымды тұлғаға қатысты иесі бүркемеленген арыз негізінде тексеру жүргізіп, төмендегі жағдайды анықтаған. Аталған арызда басқа да деректермен қатар, мектептен шыққан ескі заттарды аудан әкімінің орынбасары үйіне тасып алып жатқаны айтылып, тиісті шара көру сұралыпты.
Биылғы мамыр айында Тереңөзек кентіндегі №35 мектеп-лицейді күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 164 млн. 304 мың теңге қаражат бөлінген. Осыған орай маусым айында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес ашық конкурс өткізілген. Алайда, конкурс өтпеді деп танылып, бір көзден сатып алу тәсілімен «Тана БМ» ЖШС-мен 12 шілдеде 83 млн. 635 мың, 25 шілдеде электрондық сатып алу қорытындысымен 42 млн. 63 мың, ал 29-шы шілдеде «Ақниет-2004» ЖШС-мен 28 млн. 942 мың теңгеге келісім-шарт түзілген.
Жөндеу жұмыстары басталысымен ғимараттың ескі едені мен есіктері және жылу батареялары теңгерімнен шығарылмаса да таратылып кете барған. Дерекке жүгінсек, аудан әкімінің орынбасары С.Нұртазаев кент тұрғыны Б.Сансызбаевтың бұзылған еден ағаштары мен жылу жүйесінің заттарын алуға көмек сұраған арызын «тіркеп, көмек беруге» деген бұрыштамамен мектеп-лицей директоры Б.Сағындықоваға тікелей орындауға берген. Сондай-ақ, өзіне де жылу батареялары қажет болып тұрғандығын директорға ескертіп, мектептің «Газель» көлігімен он дана батареяны үйіне алып кеткен.
Бұл оқиға әкім орынбасары С.Нұртазаевтың өз түсінігімен, қаржы полициясы аға инспекторының хаттамаларымен, лицей директоры Б.Сағындықованың, шаруашылық меңгерушісі С.Сүлейменовтің, лицей қызметкері Н.Шәмшеновтің, мұғалім Н.Мұсабековтің, әкім орынбасарының туған балдызы, Ақжарма ауылының тұрғыны С.Тілеубаевтың түсініктерімен бекітілген.
Бұл мәселені талқылай келе, Тәртіптік кеңес аудан әкімі Ғ.Қазантаевқа ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы талаптарының бұзылуына жол берген орынбасары С.Нұртазаевты қызметінен босатуды ұсынды.
Соңғы мәселе бойынша Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы «Ақсай» полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ә.Қайназардың тәртіптік ісі қаралды.
Облыстық қаржы полициясының биылғы 9 тамызда облыстық ішкі істер департаментіне жолдаған ұйғарымында Ә.Қайназардың тәртіптік жауапкершілігін шешу сұралған екен. Ұйғарымда көрсетілгеніндей, қаржы полициясына 11 маусымда облыстық прокуратурадан Ә.Қайназарға қатысты жинақталған құжаттар келіп түскен. Онда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті жүргізген арнайы жедел-іздестіру шаралары (ұялы телефондағы әңгімелердің аудиожазбалары, стенограмма) нәтижесінде облыстық ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Ә.Қайназар қызмет бабын асыра пайдалана отырып, өзінің және туыстарының үстінен иесі бүркемеленген арыздағы деректер дәлелін таппауы жолдары қарастырылғаны айтылған. Ол осылайша Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Асқар Жәуенов пен Нұрбол Рүстемовке ұялы телефон арқылы үнемі хабарласып, тиісті тапсырмалар мен нұсқаулар беріп отырған. Сөйтіп сол кенттегі «Әкежан», «Фараон» кафелері мен заңсыз ойынханалардың кедергісіз жұмыс істеуіне әрекет еткен. Сондай-ақ Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімі көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы Ш.Рахметтің ұялы телефонына қоңырау шалып, «Ақмешіт» мөлтек ауданындағы «Димаш» кафесінде заңсыз жұмыс жасаушы шетел азаматтарын бір жыл көлемінде мазаламауға тікелей тапсырма бергендігі және тағы басқа деректер анықталған.
Десек те, жоғарыдағы мән-жайлар негізінде облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің сыбайлас және лауазымдық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басқармасының бөлім басшысы, қаржы полициясының майоры Б.Мырзахметовтің жинақталған құжаттар бойынша ОІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бұрынғы бастығы Ә.Қайназардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты тоғызыншы тамызда қылмыстық кодекстің 37-бабы бірінші бөлігінің 2 және 8 тармақтарына сәйкес оған қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту шешімі қабылданған. Алайда, аталған заңның 12-бабы бірінші бөлігінің екінші және бесінші тармақтарына сәйкес қызметтік өкілеттігін пайдалану және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін ішкі істер департаментінің бастығына Ә.Қайназардың тәртіптік жауапкершілігін шешуді ұсынған. Қосымша тексеруде қаржы полициясы тексерген құжаттар көшірмелері алынып, 20-22 ақпан аралығында оның ұялы телефон арқылы сөйлескен сөздерінің стенограммасы болғандығы анықталып, департаменттің заң бөлімінде зерделеуден өткізілген. Стенограммада «Ақсай» полиция бөлімшесінің басшысы, полиция полковнигі Ә.Қайназардың берген тапсырмалары шынайы көрініс тапқан.
Тәртіптік кеңес департамент басшысы Ж.Бақтыбаевқа заң талаптарының бұзылуына жол берген Ә.Қайназарды қызметінен босатуды ұсынды. Отырыс барысында тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев Ә.Қайназармен телефон арқылы сөйлескенін, бірақ оның отырысқа бармаймын деген сөзін жеткізді. Сонда құқық қорғаушы мемлекеттік органды сыйламаған боп шығады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз