Қызылорда – Краснодар: АЙМАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

68

0

Қызылорда – Краснодар: АЙМАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

Қызылорда облысы еліміздің 90 пайызын күрішпен қамтыса,Краснодар аймағы Ресей нарығына қажетті күріштің 80 пайызын өсіреді. Екі өңірдің ұқсастығы осында. Дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары әр гектарынан 49 центнерден өнім жинаса, іргедегі ресейліктер 70 центнерден дақыл алуда. Айырмашылық
жер мен көктей. Краснодарлықтардың күріш өсіру тәжірибесімен танысу мақсатында
облыстан арнайы делегация көрші мемлекетке барды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бастаған
делегация құрамында басқарма басшылары, шаруа қожалықтардың төрағалары, зерттеу
институтының мамандары болды.

Екі өңірдің де географиялық орналасуы оңтүстік аймақ болып табылады.
Мұнда да Сыр өңіріндегідей негізгі дақылдың бірі – күріш. Тек табиғаты өзгеше.
Жауын мол түседі, ауасы ылғалды. Климаты жерге түскен дәннің тез жетілуіне өте
қолайлы. Ал, Қызылордада керсінше, күн 40 градус ыстық, ауа­сы құрғақ.
Краснодарда жыл сайын 125 мың гектар
жерге күріш егіледі. Ал Сыр бойында 76 мың гектар шамасында. Сапар барысында
қызылордалық диқандар сапалы тұқым бітік өнімнің кепілі екендігіне көз жеткізді.
Өңірдің егін шаруашылығы саласының басым бағыты — күріш өндірісі. Облысымыздың
азық-түлікке деген өсіп келе жатқан сұранысын және тұрғындарымыздың
әлеуметтік-экономикалық ахуалын өркендетуге байланысты күріш өндірісін дамыту
өңір үшін маңызды мәселе болып табылады. Ал, күріш өндірісін дамытуда басқа да
факторлармен бірге тұқым шаруашылығының
алар орны жоғары екені белгілі. Себебі, тұқым сапасын жақсарту
нәтижесінде күріш өнімділігін 15-20 пайызға арттыруға болатыны ғылыми түрде
дәлелденген.

– Жалпы, «нарықтың кеңеюіне байланысты біздің әрі қарайғы сұранысымыз
қалай болады?» деген жағдайға келгенде мен ешқандай қауіптенбеймін. Өйткені
күріш өндіруді, өңдеудің жаңа технологиясын қолдануды Сыр диқандары бас­тап
кетті. Нәтижесін өткен жылы көрдіңіздер. Рекордтық көрсеткіште өнім жиналды.
Бұл жұмыстар жалғаса береді, – дейді күрішші, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал
Ералиев.

Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Евгений
Харитонов бастаған ғалымдар Сыр диқандарына барлық салалары бойынша жүргізіліп
жатқан ғылыми жұмыстарымен таныстырды.
Краснодар өлкесінде соңғы жылдары күріштің өнімділігі 20-30 пайызға
жоғарылаған. Оның басты себебі, жаңа сорттар көп дайындалады. Қазір қолдануға
жарамды 46 тұқым түрін шаруалар пайдаланылуда.

– Әр сорттың өз ерекшелігі бар.
Оны егудің әдісі, агротехникасы болады. Бірақ көп шаруашылықтар 1 сортты
егіп үйренгеннен кейін, басқа сортты жерсіндіруге оңайлықпен мойын бұрмайды.
Егер өнімді молырақ алғысы келсе, ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс жасауы
маңызды. Біздің өлкенің шаруалары сорт жаңартуды жақсы жолға қойған, –
дейді бүкілресейлік күріш
ғылыми-зерттеу институтының директоры Евгений Харитонов.

Қазіргі уақытта Сыр өңірінде Ресей ғалымдары шығарған «Янтарь»,
«Лидер», «Новатор» сорттары егілуде. Енді қызылордалық диқандар тұзды топыраққа
төзімді «Анаит», «Диамонд», «Ураж» сорттарын жерсіндіруді қолға алмақ.

Көршінің қамбасы қызылға толып отырғанның тағы бір сыры егіс алқабын
тегістеу технологиясының өзгешелігінде. Краснодарлықтар жерді қопсытып алғаннан
кейін, оны тырмалап, содан соң тегістейді. Бұл тәжірибені қолданысқа енгізген
шаруалар да бар.

Қызылорда – Краснодар: АЙМАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ– Биыл шаруашылығыма жерді тегістейтін итальяндық «лазерный
планировщик» сатып алдым. Егіс алқабымның 30 пайызын осы техниканың көмегімен
тегістедім. Артықшылығы, пайдаланып отырған судың 70 пайызын үнемдей аламыз, –
дейді «Ер – Әлі» шаруақожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.

Қос өңірдің басшылары орын­басарларының қатысуымен жиын өтті. Онда
ауылшаруашылық саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Краснодар өлкесі басшысының орынбасары Сергей Гаркуши өздерінде егілетін
өнімдерді атап, оны қайда өткізіп жатқандарын айтып берді.

Жалпы, бұл аймақ ауыл­ шаруа­шылығы саласына маңыз береді. Әрине, басты
дақылдары – күріш. Онан бөлек, жүгері, қызылша секілді бірнеше дақылдарды да
өсіреді. Табиғаты егін шаруашылығына өте қолайлы. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланып
отыр.

– Біздегі атқарылып жатқан жұмыспен таныстыңыздар. Біз әрқашан
әріптестік негізде жұмыс жасауға дайынбыз. Негізі екі өңір арасындағы
байланысты нығайтудағы бұл алғашқы кездесу емес. Бұған дейін де қоян-қолтық
жұмыс жасап келеміз. Енді бұл байланысымыздың көкжиегі кеңейе түсуде, – дейді
Краснодар өлкесі басшысының орынбасары Сергей Гаркуши.

Жиын барысында туризм саласы да сөз етілді. Қызылорда облыстық
кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов Сыр өңірінде
атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қызылорда тарихи қала. Сыр
елінде төрт елдің астанасы бар. Бұл өзгелерден артықшылығымыз. Соңғы жылдары
туризм саласын дамыту қолға алынды. Өзгелерге көрсететініміз де жетерлік.
Мәселен, жаңа атап өткен ескі қалалардың орны,
Қорқыт ата зиярат ету кешені және Байқоңыр ғарыш айлағы.

– Қазір Арал теңізін көруге қызығушылық танытатындардың қатары артты.
Сонымен бірге, Қамбаш көлін демалыс орнына айналдыруға байланысты жұмыстар
басталып кетті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің
бойынан демалыс орындары ашылатын болады, – деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік
және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов.

Жиын соңында ауыл шаруа­шылығы саласында әріптестік негізде жұмыс жасау
мақсатында Қызылорда мен Краснодар әкім­шіліктері меморандумға қол қой­ды. Бұл
ғылыми ізденіс пен жаңа технологияның көмегімен өнімділікті арттырудың
бастамасы. Сондай-ақ, ауылшаруашылық мамандарын дайындауға Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетімен Кубань мемлекеттік аграрлық университеті
уағдаласып, келісімге қол қойды.

Сапар барысында қызылор­да­лықтар Краснодар өлкесінде жүр­гізіліп
жатқан құрылыс жұмыс­тарымен танысты. Мұнда да мем­лекеттік бағдарламалар
негізінде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, құрылыс компаниялары
өздері әлеуметтік нысан мен тұрғын үйді жергілікті билікпен келісіп салады.

– Бұл ерекше жоба. Біз өз кәсіпкерлерімізге ұсынып көреміз. Құрылыс салуға жергілікті билік жерді
қаланың бас жоспарына сәйкес өздері белгілеп береді екен. Ғимарат сапалы
салынып, халыққа қажетті нысан саналса, жергілікті билік бюджет қаражатына
сатып алады да, ел игілігіне пайдалануға береді. Яғни, дайын тауарды сатып алған
секілді, – дейді Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.

Екі аймақтың әріптестік
байланысы осылайша кеңейе түсті. Қос тарап енді жиі тәжірибе алмасып, жаңа
инновацияларымен бөлісіп отырмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз