Қызылорда облысында Құтқарушылар күні мерекесі аталып өтті

173

0

Кәсіби мереке аясында Департаменттің және қалалық, аудандық бөлімшелердің жеке құрамына төтенше жағдайлар саласы ардагерлерімен кездесу, төтенше жағдайларда қаза болған құтқарушылардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою, қызметкерлердің балалары арасында сурет салу, өлең оқу сайыстары, сонымен қатар Қызылорда қаласының орталық алаңында қала халқы мен қонақтары үшін қазіргі заманауи құтқару құрал-жабдықтары мен техникаларының көрсетілімі ұйымдастырылды.
2017 жылғы 19 қазанда «Болашақ» университетінің Студенттер сарайында Құтқарушылар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті. Салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов, Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шаменов, Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың зардаптарын жою ісі жөніндегі Министрлігінің №70 Федералдық өртке қарсы қызмет арнайы басқармасы бастығының орынбасары ішкі қызмет полковнигі Андрей Майданюк, «Абылайхан» атындағы колледждің директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Руслан Дүлдүл мен облысымыздағы құқық қорғау органдарының басшылары, ҚР ІІМ ТЖК-нің облыс аумағында орналасқан құтқару бөлімшелерінің және Департаменттің қызметкерлері мен олардың жанұя мүшелері, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою шараларына тікелей атсалысқан басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ облыстағы төтенше жағдайлар саласы ардагерлері қатысты.
Осы ретте Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов, Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың зардаптарын жою ісі жөніндегі Министрлігінің №70 Федералдық өртке қарсы қызмет арнайы басқармасы бастығының орынбасары ішкі қызмет полковнигі Андрей Майданюк, «Абылайхан» атындағы колледждің директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Руслан Дүлдүл, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ардагері Қорғанбек Қайруллаев және басқа да қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан соң Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов ерекше көзге түскен қызметкерлерді ҚР ІІМ ТЖК медальдарымен, мақтау қағаздарымен және алғыс хаттармен марапаттады.
Құтқарушылар күнін мерекелеу аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, оның қатысушылары мен жеңімпаздары салтанатты жиын барысында марапатталды.
Салтанатты жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға белсене қатысқан, Қазақстан Республикасында өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде табыстарға қол жеткізген құтқару бөлімшелерінің 45-тен аса қызметкері ведомстволық марапаттармен марапатталды.
Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген әр түрлі жарыстарға қатысқан жас бүлдіршін қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Сайыстың жеңімпаздары дипломдармен, ойыншықтармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шара соңы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталды.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз