ӨЗ ТІЛІҢДІ ӨГЕЙСІТПЕ

46

0

«Сыр бойы” газетінің
өткен нөмірлерінің бірінде жарияланған мақалада облыстық «Қазақ тілі»
қоғамының төрағасы аймақтағы ана тілінің
қолданылуы мен оның мемлекеттік мәртебесі жайлы сөз қозғаған-ды. Шындығында, Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толса да, кеңес заманының зардабын әлі тартып келеміз. Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» боламыз десек, шет елдің қаңсығынан арылатын кез жетті. Осылай айтып келе жатқанымызға да осыншама уақыт болса да, әлі көңіл жұбатарлық нәтиже шамалы. Қаланың ішін анда-санда бір аралаймын, сол кезде мен өзімді шет елде жүргендей сезінемін. Көшенің бәрі шет елдік жазумен тұнып қалған. «Nomad Palase», «Graпd Plaza»т.б… Сонымен бірге қазақ тілінің ауыз екі қолданылуына келсек, үлкен де, кіші де орыс тілін араластырып сөйлегенімен қоймай, «тырық» сөзін көп қолданады, Мысалы, «бір нәрсе істеп жатырық, отырық, тұрық» деп көп айтады. Осыны қалай түсінуге болады? Мұның түп-төркіні қайдан
шыққан. Ұстазым Сардарбек ағаймен әкемнің осы мәселе жайлы ұзақ пікірталаста
болғандығы жиі есіме түседі. Ол кісілерді де қазақ тілінің шұбарланып бара
жатқандығы көп ойландыратын. Мен мүмкіндігінше отбасымда болсын, басқалардың арасында
болсын, әсіресе жастардың таза қазақша сөйлеуін қадағалап отырамын. Қарапайым
күнде­лікті телефонмен сөйлескенде «звандады» дегенше қоңырау шалды десе,
қандай жарасымды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңында «Қазақстан
респуб­ликасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің
бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын
мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу
тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын
мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан республикасының әрбір азаматының парызы»
– деп атап көрсетілген. Міне, сондықтан да қасиетті ата-бабамыздың тілі өз ана
тілімізді құрметтейік әрі таза сөйлейік.

Күлпаш КҮНШЫҒАРОВА,

Талсуат ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз