Зайырлылық қағидаларын жүзеге асыру

101

0

Еліміздің Конституциясының 1-бабында
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік
мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Яғни біздің мемлекетіміз үшін
адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар болып
табылады. Осы мағынада Қазақстандағы зайырлылық мемлекеттік биліктің діннен
бөлінгендігін және олардың қызмет ету салаларының аражігінің ажыратылғандығын
білдіретін мемлекеттің конституциялық және құқықтық сипаты ретінде көрініс
табады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қа­зақстан
– 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан
халқына арнаған тарихи Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігін ерекше
атап өтті. Елбасы осы орайда
Қазақстанның өзіне тән дәстүрлері мен зайырлы қоғамы бар екеніне тоқтала
оты­рып, мемлекетіміздің өз
азаматтарының ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете­ті­­нін, алайда дәстүрлеріміз
бен заңна­ма­ларымызға қайшы келетін қандай да бір әрекеттер арқылы қоғамға өз
нормаларын таңғысы келетін талпыныстарға қатаң тойтарыс берілетіндігін нықтап
айтып өтті.

Елімізде қандай да бір ресми немесе
міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы
мемлекеттік-конфессиялық қарым-қаты­нас­тың басты сипаттамасы ретінде анық­тау­ға
болады. Бұл біздің еліміздің ар-ож­дан және діни сенім бостандығын мой­­ындайтындығы
мен қамтамасыз ететін­дігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір
мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анық­тай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен
байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре
алатындығын білдіреді.

Біздің ойымызша, мемлекет пен дін
арасындағы қарым-қатынасты ұйымдас­тырудың осындай тәсілі елімізде мәдени және
дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына жағдай жасап
отырған заманауи көпұлтты және көпдінді
Қазақстанның үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.

Қазақстан мемлекет ретінде жалпы­ұлт­тық
негізде қабылдаған ел Конститу­циясы мен заңдарына сүйеніп қызмет ат­қа­рады.
Сәйкесінше, діни талаптар мен ережелер, діни бірлестіктердің құжат­тары біздің
елімізде құқық негізі болып есептелмейді және мемлекеттік орган­дар­дың тікелей
қызметіне әсер ете алмай­ды. Қазақстан заңнамалары қандай да, бір діни
нормалармен байланысты емес жә­не оны басшылыққа алмайтын болса да діннің
жалпыадамзаттық және гуманистік құндылықтарын үнемі назарда ұстайды.

Зайырлылық осы мағынада ондағы барлық
мемлекеттік-конфессиялық қаты­нас­тар зайырлы заңдарға негізделетін Қа­зақстанның
заманауи құқықтық мемлекет ретінде орнығуы мен қызмет атқаруының негізін
құрайтын қағидат болып табылады.

Біздің елімізде тіркеліп қызмет атқарып
отырған барлық діни бірлестіктердің теңдігі және олардың діни ұстанымдарына
тәуелсіз азаматтардың теңқұқықтығы қам­­тамасыз етіледі. Ел Конституциясы әр адамның
ар-ождан және діни се­­нім бостандығына кепілдік береді жә­­не конфессиялық
белгісі бойынша шет­те­­ту­дің кез келген формасына тыйым сала­ды. Мемлекетіміз дінді ұстанушылар мен ұстанбайтын
азаматтардың және әртүрлі діни бірлестіктердің арасында бір-бірі­не қатынастағы
өзара төзімділік пен түсі­ністіктің
орнауына септігін тигізеді.

Осы ретте 2011 жылғы 11-қазанда
қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң прембуласын­да
ханафи бағытындағы исламның жә­не православиелік христиандықтың ха­лық­тың
мәдениетінің дамуы мен руха­ни өміріндегі тарихи рөлін танитыны, Қа­зақстан
халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні көрініс
тапқанын айта кету керек. Бұл ұстаным жоғарыда аталған дәстүрлі дін­дердің
халқымыздың өмірінде алатын мәдени мәнін ғана айшықтайды және діни
бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін бұзбайды, өйткені қолданыстағы заң дәс­түрлі
діндерге қатынаста құқықтық немесе қаржылық артықшылықтар бермейді. Мемлекет
ислам мен православиеге және өзге конфессияларға теңдей дәрежеде төзімділікпен
қарайды.

Қазақстанда мемлекеттік білім беру және
тәрбие жүйесі де қатаң зайырлы сипатқа ие екенін және оның діни білім беру
жүйесінен ажыратылғандығын баса айта кеткен жөн. Бұл жағдайда зайырлылық
мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың бойында белгілі
бір нақты дінге көзқарасын қалыптастыруға тыйым салынатынын білдіреді. Діни
көзқарас қалыптастыру құқығы заң талабына сәйкес діни оқу орындарын аша алатын
республикалық немесе аймақтық мәртебеге ие діни бірлестіктерге ғана берілген.

Қазіргі күнде еліміздің жоғары оқу
орындары мен орта мектептердің білім
беру бағдарламалары жүйесіне «Дінтану негіздері» мен «Дінтану» пәндерінің
қосылғанын айта кеткен жөн. 2009 жылдан бастап орта білім беру мекемелерінің
9-сынып оқушыларына таңдау бойынша «Дінтану негіздерінен» арнайы курс
оқытылады. Аталған курстардың енгізілуі дін мәселелері бойынша жастармен жүйелі
ағартушылық жұмыстарды жүргізуге және олардың бойында керағар діни ағымдардың
теріс идеологиясына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Осы
курстарды оқыту жас­тардың өмір сүріп отырған діни сенімдер мен мемлекеттің
зайырлы қағидаттары туралы ғылыми түсініктерін қалыптастыруға бағытталған.
Алайда бұл қандай да бір дінді насихаттауды немесе дінді оқыту дегенді
білдірмейді.

Қазіргі күнде аталған курстың мем­лекеттің
зайырлы принциптері мен Қазақстан қоғамының дәстүрлі құнды­лықтарын түсіндіру
бөлімдерінің мазмұ­нын жетілдіру бойынша жұмыстар атқа­рылуда. Осыған сәйкес
курс атауын «Зай­­ырлылық және дінтану негіздері» деп өзгерту жоспарланып отыр. Сәйке­сінше жаңа
оқу бағдарламасы мен оқу­лықтар әзірленуде. Сонымен қатар, курс мазмұнына
өзекті толықтырулар ен­­гі­­зіліп, оған антиэкстремистік және анти­террористік
тақырыптарға арнал­ған тараулар қосылатын болады. Курсқа енгізілетін осындай
ауқымды өзгерістер мен толық­тыруларға сәйкес, аталған пәннен сабақ беретін
мектеп оқытушыларының білік­ті­лігін көтеру курстарын жүйелі әрі толыққанды
дайындау жоспарланып отыр.

Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтарының
өмірі мен денсаулығын сақтау мемлекеттің алдында тұрған аса маңызды
міндеттердің қатарына жататындықтан, Қазақстандағы зайырлылық мәселесі
мемлекеттің өз азаматтарын олардың діни сеніміне тәуелсіз медициналық тұрғыдан
қамтамасыз ету талабымен тікелей байланыста көрініс табады. Дегенмен, кейбір
ата-аналар өз­де­рінің діни сенімдерінің немесе ақпа­раттарының жоқтығының
әсерінен өз балаларын қауіпті аурулардың
алдын алу үшін жасалатын екпелерден бас тартып, медицина ғылымының жетістіктерін
мой­ындағысы келмейді. Мемлекеттің мұндай жағдайдағы міндеті Қазақстанда екпе
жасау мәселесі мешіттің не болмаса православие шіркеуінің немесе басқа діни
бірлестіктердің құзырында емес екендігін азаматтарға жеткізуге бағытталады. Бұл
парасаттылық пен мемлекетіміздің зайырлы сипатын басшылыққа ала отырып шешімін
табуы тиіс әлеуметтік мәселе. Ғылым баяғыдан-ақ жаппай екпе жасаудың
тиімділігін, қауіпсіздігін және заңдылығын дәлелдеп берді, өйткені екпе –
өркениетті әлемнің қол жеткізген озық жетістігі, өз азаматтарының денсаулығын
бағалайтын дамыған мемлекеттердің игілігі.

Осы орайда, дәстүрлі діндер аурудың
алдын алуға тыйым салмайтынын және шектемейтінін, керісінше адамдардың өз
денсаулықтарын дұрыс сақтауына шақыратынын айта кету керек. Мәселен, ек­пе
жасау ислам мемлекеттерінде кең таралғандығын Сауд Арабиясына қажы­лыққа
барудың немесе Египет, Араб әмір­ліктері, Иордания және тағы басқа елдердің
жоғары оқу орындарында білім алудың міндетті талап екендігін айғақтай түседі.

Мемлекеттік және құқық қорғау
органдарында, білім беру, денсаулық сақ­тау мекемелері мен әскери бөлімдерде ді­ни
ұйымдардың қызметіне және ді­ни рәсімдерді өтеуге тыйым салыну – Қазақстандағы
зайырлылықтың та­ғы бір құрамдас бөлігі болып табылады. Дегенмен, мемлекеттік
органдар мен ме­кемелердің қызметкерлері діни рәсім­дерге мемлекеттік
мекемелерден тыс жерлерде қатыса алады және мұндай жағдайда өздерінің дін
бостандығына қатысты құқықтарын толық пайдалана алады.

Біздің елімізде діни бірлестіктер сая­си
қызмет субъектілері болып табыл­майтындықтан, олар мемлекетті басқару мен
мемлекеттік органдарды құруға қа­тыса алмайды. Діни қайраткерлер мен діндарлар
ел азаматтары ретінде қоғам­ның саяси өміріне дербес қатыса алады. Қазақстанның
Конституциясы мен заң­­дарында «діни негіздегі партиялардың қызметіне тыйым
салынатыны, олардың мақсаты мен әрекеті мемлекетте бір діннің басымдығын
орнатуға, діни араздық пен алауыздық тудыруға, оның ішінде күш көрсетуге немесе
күш көрсетуге үн­деуге бағытталған діни бірлестіктердің құрылуына және олардың
қызметіне тыйым салынатыны нақты көрсетілген. Осы мағынадағы зайырлылық қағидаты қоғамдық-саяси
билікті ұйымдастырудың негізгі формасы ретіндегі мемлекеттің рөлін сақтай
отырып, мемлекет пен діни бірлестіктердің ықпал ету салалаларын нақты бөлуге
септігін тигізеді.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде қоғам
өмірінің әртүрлі салаларында тұл­ғаның, мемлекет пен діни ұйымдардың ара­сындағы
мүдделердің тепе-теңдігін қам­тамасыз етуге ұмтылады. Басқарудың зайырлы
формасында діндарлар мен діни бірлестіктер тарапынан қолданыстағы заңнамаларды
бұзу, азаматтардың, ұйым­дар мен жалпы қоғамның заңды мүд­де­леріне зардап
тигізу орын алған жағ­дайда мемлекеттің құқықтық шараларды қолдана алатыны
талас тудырмайды. Сондықтан дін ұстану құқығын іске асы­ру жалпыадамзаттық
құқықты және аза­маттардың мемлекет алдындағы міндет­тілігін шектемеуі тиіс.
Яғни, заңда басқа жолдары қарастырылмаған жағдайда еш­кім өзінің діни сенімі негізінде азаматтық
міндеттерді орындаудан бас тарта алмайды. Осы ретте діни бірлестіктердің адам
құқығы мен бостандығын бұза алмайтынын, оның ішінде дінге мәжбүрлеуге, некеден
бас тартуға немесе туыстық қаты­настарды үзуге шақыра алмайтынын, адам
денсаулығына зардап тигізіп, олардың мүл­кін иелене алмайтынын және азаматтарды
Конституция мен ел заңдарында қарастырылған міндеттерді орындаудан бас тартуға
итермелей алмайтынын білу аса маңызды.

Осы ретте, зайырлылық қағидаты
мемлекеттің діни догмалардан бөлінуін білдіргенімен, бұл діни бірлестіктер мен
діндарларды қоғамдық өмірден шеттету дегенді білдірмейді. Зайырлылық сонымен
қатар атеизмді және діншілдікке қарсы күресу дегенді білдірмейді. Зайырлы
мемлекет діндарларды өзінің толыққанды азаматтары деп санайды, ал діни
бірлестіктер мен дінге сенушілерді әлеуметтік-пайдалы қызметтің (қайырымдылық,
мәдени-ағартушылық, гуманитарлық) маңызды қатысушылары деп таниды.

Мемлекет діни бірлестіктерді маскү­немдік,
нашақорлық, қылмыстың алдын алу, салауатты өмір салтын қалып­тас­­тыру, отбасы
бірлігін нығайту,қо­ғам­дағы әлеуметтік тұрақтылыққа қа­жет­ті жоғары руханилық
пен өнегелілік қа­лып­тас­тыру тәрізді әлеуметтік мәселе­лерді ше­шу ісіне
тартуға ұмтылады. Мем­ле­кет діни бірлестіктерді тікелей қаржы­ландырмайды,
дегенмен оларға діни ғи­мараттарын жөндеуден өткізуге, мәдени жә­не тарихи
маңызы бар ғибадат үйлері мен ғимараттарды қайта қалпына келтіруге көмек
көрсетіп отырады.

Мемлекет діни бірлестіктермен қо­ғам­дағы
келісімді, өзара түсіністікті, тө­зімділік пен өзара құрметті сақтау мә­селелерінде
бірлесіп әрекет етеді. Ді­ни бірлестіктер Қазақстан халқының дәстүрлі діни
құндылықтарын сақтау мен дамытуға бағытталған қоғамдық маңызды іс-шараларды
өткізуге қатыстырылады. Мәселен, біздің елімізде мемлекет пен діни
бірлестіктердің тұрғындар арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша
ақпараттық-түсіндіру жұмыстарындағы ын­ты­мақтастығы
қарқынды дамуда.

Осы орайда мемлекеттік органдар үй­лесімді
және дамуды мақсат тұтқан қа­зақстандық қоғамды орнатуды көздеп отыр­­ған
мемлекет әрекетіне қолдау біл­ді­ретін барлық конфессиялармен конст­руктивті
қарым-қатынас орнатуға талпынады.

Жалпы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі­нің
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, Қазақстанның болашағы рухани және
діни құндылықтар мемлекет пен қоғамымыздың дамуына қолғабыс ете алатын зайырлы
мемлекетке тұғырланады.

Бұл – дамуды, сапалы білім алуды, өзін
жүзеге асыруды, адам құқығын сақтауды және еліміздің демократиялық болашағын
көздейтін зайырлылық.

Ғалым Шойкин,

ҚР дін істері комитетінің төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз