ӨЗІҢДІ КҮТ, ЖАС АНА

48

0

Дүниеге бала әкелiп, ана атану әрбiр қыз-келіншектің асыл арманы. Қазақ халқы келін түсісімен оған ерекше қамқорлықпен қараған. Өйткені, жас келін – ұрпақ өрбітуші, болашақ ана. Келіннің бойына бала біткен бойда оның абысын-ажыны енесінен сүйінші сұрап, жақсы хабарды жеткізген. Сөйтіп, сол сәттен бастап аяғы ауыр келін ерекше күтімге алынған. Өйткені данагөйлеріміз дені сау әйел ғана өмірге дені сау бала әкелетінін түйсінген. Бұл бүгінгі медицинада да баса айтылады. Сондықтан жүктіліктің қалыпты жағдайда өтуіне әйелдің күнделікті атқаратын жұмысы, көңіл күйі және ішкен асы әсер етпек.  Мәселен, адамды шаршатпайтын физикалық және ой еңбегі жүкті әйелдің организміне қолайлы әсер ететіні сөзсіз. Яғни, аяғы ауыр әйелге өткір қимыл әрекет жасауға, ауыр зат көтеруге, қатты шаршауға болмайды. Себебі мұның барлығы жүктілік мерзімінің қалыпты өтуіне теріс ықпал етпек. Кей жағдайда тіпті жүктіліктің асқынуына әкеп соқтырады. Есесіне әйел мұндай жағдайда таза ауада көбірек серуендеп, табиғат аясында болуы қажет. Себебі, таза ауада ұзақ жүру іштегі балаға қажетті оттегімен қоректенуді жақсартады, сонымен бірге әйелдің физикалық психологиялық жағдайына қолайлы әсер етеді. Сондай-ақ, жүктіліктің дұрыс өтуіне ұйқының да маңызы зор. Мұндай жағдайда әйел күніне сегіз сағат ұйықтауы қажет. Ұйықтар алдында бөлмені желдетіп алған жөн және аздап серуендеп, таза ауамен тыныстап алғанның да артықтығы болмайды.  
Жүктілік кезінде болашақ ананың ішетін ас-ауқатына да ерекше мән берілген. Ертеде ақылман аналарымыз аяғы ауыр келіндеріне айран, сүт секілді ағарғаннан жасалған сонымен бірге сөк, талқан, ірімшік, құрт секілді құнары мол тағамдарды үзбей беріп отырған.  Бүгінгі медицина оған жеміс-жидектерді, көкөністерді қосты. Себебі оларда адам организміне қажетті дәрумендер молынан болмақ. Сондай-ақ, ет, балық тағамдарын үзбей жеу де құрсақтағы балаға оң әсерін тигізбек.  Айта кету керек, жүкті әйелге темекі шегуге, спиртті ішімдік қолдануға болмайды. Қазіргі уақытта жас қыздарымыз осындай жаман әдеттерге бейім. Болашағын ойламайтын ондай бойжеткендер өз өмірлерімен бірге болашақ балаларының да өміріне, болашағына балта шауып жатқандарын ескермейді. Сондықтан өмірге бала әкеліп, ұрпақ жалғастыру әйелге берілген жауапты іс екенін әрбір бойжеткен есінен шығармауы тиіс. Жүктілік кезінде де «көтердім екен, туа салам” деп салғырттық танытып, қалай болса солай жүрмей, дені сау, он екі мүшесі түгел бала тууға әрбір әйел талпынуы шарт. Өйткені, өмірге бала әкелу –  әйелдің парызы. 
Гүлнар МЕДЕТБАЙ,
Қызылорда қалалық әйелдер босанатын үйдің акушері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз