ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ ӨМІР ТУҒЫЗҒАН ҚАЖЕТТІЛІК

72

0

Мемлекет басшысы Қазақ­станда Зейнетақы жүйесін
реформалауды еліміздің алдағы даму стратегиясымен сабақтастыра отырып, оны
халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен үйлесімді етуді міндеттеген болатын. Реформа
кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Алдағы уақытта
зейнеткерлерді нендей жаңалықтар күтіп тұр? Газет тілшісінің сауалдарына
орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы Қызылорда
филиалының директоры Салхадин Мырзабеков елімізде зейнетақы жүйесін жаңғыртудың
өзекті мәселелері туралы әңгімелейді.


Салхадин Мырзабекұлы, Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі таңда елімізде
зейнетақы жүйесін жаңғыртудың тың қадамдары жасала бастады. Бұл қандай
қажеттіліктен туындап отыр?


Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы зейнетақы
жүйесін қайта құрудың маңыздылығын 2013 жылы өзінің халыққа арнаған Жолдауында дәйекті, жүйелі түрде атап
көрсеткен болатын. Осының негізінде Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының
зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы
бекітілді. Зей­нетақы жүйесін жаңғырту ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюынан
және зейнетақы төлеу көздерін одан әрі әртараптандыру қажеттілігінен, зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін
мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлуді одан әрі
оңтайландыру қажеттілігінен туындап отыр.

Алға
қойылған міндеттерді іске асыру үшін алдымен базалық деңгейде зейнеткерлер
арасындағы кедейлікті төмендету және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын
ынталандыру мақсатында мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау тетігі
жетілдіріледі.

Міндетті
деңгейде жинақтаушы құрамдауыш сақталатын болады және жұмыс берушілердің өз
қызметкерлерінің пайда­сы­на 5 пайыз жарналары есе­бінен қалыптастырылатын шарт­ты-жинақтаушы
қосымша құ­рам­дауыш енгізіледі. Сонымен бірге қызметкерлердің немесе жұмыс
берушілердің ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ерікті –
үшінші деңгей сақталып, одан әрі дамытылады.

1998
жылы басталған Қазақ­станның зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалау тиісті нәтижеге жеткізді. Атап айт­қанда,
зейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық базасы қалыптастырылды, базалық,
міндетті (ортақ және жинақтаушы) және ерікті деңгейлерде зейнет­ақымен
қамсыздандырудың көп­деңгейлі жүйесі құрылды. Ол тиімді жұмыс істеп келеді.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сақ­талуына мемлекеттік
кепілдік енгізілді.

Еңбек жағдайлары зиян­ды (ерекше зиянды) жұ­мыс­тармен
айналысатын дам­­­дарды зейнетақы­мен
қамсыз­дандырудың кәсіптік схемасы қалыптастырылды. Зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру тұ­рақты
ұлғайтылуда және зей­нет­ақы
төлемдерінің мөлшері арттырылуда. 1998-2013 жылдар аралығында осы мақсаттарға
жұмсалған шығыстар 10,6 есе, базалық
зейнетақы төлемін ескергенде орташа зейнетақы мөлшері 11,8 есе ұлғайды.

Осылайша
жоғарыда көрсе­тілген іс-шаралар кешенін іске асыру кірісті зейнетақы
төлемдерімен алмастырудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін
коэффициентін қамтамасыз етуге жағдай
жасайды. Ол 2014 жылғы 1 қаңтарда жалпы экономика бойынша айлық жалақының 44,6 пайызын құрады.


Зейнетақы жүйесін жаң­ғырту бойынша алдағы уақытта қандай өзгерістер жүзеге
асырылады? Бұл өзгерістердің зейнеткерлерге тиімді жақтары қандай?


Қазіргі кезде зейнеткерлік жасқа жеткен ынтымақты жүйенің қатысушысы болып
табылатын немесе жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударатын
адамдарға базалық зейнетақы олардың еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан
біркелкі мөлшерде тағайындалады. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі жоқ
және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған адамдарға жасына байланысты мемлекеттік
әлеуметтік жәрдемақы беріледі, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50
пайызын құрайды.

Базалық
зейнетақы берудің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, зейнеткерлер арасында
кедейліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық
белсенділігін оңтайландыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, базалық
зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ
зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланыс­ты тағайындауға көшуді жүзеге асыру,
зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс
шамасының 50 пайызы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу, базалық
зейнетақының мөлшерін 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға 2 пайызға ұлғайту
және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінде
белгілеу ұсынылады.

Ұсынылып
отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті төмендетуге ғана емес,
сонымен қатар азаматтардың еңбек уәждемесін күшейтуге және еңбек қатынастарын
заңдастыруға бағытталған. Олар қазіргі зейнеткерлердің
де, сол сияқты болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.

Қазіргі
зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты, сол сияқты жи­нақ­таушы
жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу
жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде
табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан белгіленген
шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер
үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.Ынтымақты
жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезеңде (2030 жылға дейін)
зейнетке шығатын азаматтар үшін базалық зей­нет­ақы: 1998 жылғы 1 қаңтарға
дейін жинақталған еңбек өтілін ескере отырып, 1998 жылдан кейін жинақтаушы зей­нетақы
жүйесіне зейнетақы жарналарын төлеу кезеңінде тағайындалады.

Тек
жинақтаушы зей­нет­ақы және шарт­ты-жинақтаушы құра­мдауышқа қатысушылар
зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (2030 жылдан бастап) олардың зейнетақы
төлемдерінің жиынтық мөлшері зейнетақының ең төменгі әлеуметтік қолайлы
деңгейінен төмен болған жағдайда, олар үшін базалық зейнетақыдан ең төменгі
кепілдік берілген зейнетақы тағайындауға өту жүзеге асырылатын болады.

Бұдан
басқа, қазіргі зейнеткерлер үшін де, сол сияқты 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде 6
ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін де ынтымақты зейнетақы төлемдері сақталады.
Ынтымақты зейнетақыны тағайын­дау және төлеу базалық, шартты-жинақтаушы және
жинақтаушы зейнетақымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Өздерінің
пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен
есептелетін 5 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер
шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қатысушылар болып табылады. Шартты
міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі. Жинақтар
шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі
болып табылмайды. Жарналар капиталдандырылады және қаржы құралдарына
инвестицияланады, бұл ретте табыстылық инвестициялық қызметтің нәтижелеріне,
сондай-ақ қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады.

Зейнетақы
төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Төлемдер тек
белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана жүзеге асырылады. Зейнетақы
төлемдері өмір бойы жүзеге асырылады. Зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшері
демографиялық құрамдас бөлікке және жүйенің қаржылық көрсеткіштеріне тәуелді
болады.

Инфляция
деңгейін ескере отырып, жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктер
шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қолданылмайды.

Сондықтан,
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына
қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 пайызы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы
жарналары (МКЗЖ) енгізілді.

Бұл
ретте, жұмыс берушілер өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс
істейтін адамдарға ғана МКЗЖ аударуға тиіс.


Зейнетақы жүйесін жетілдіруде әлеуметтік қызмет көрсетудің саласын арттырудың
маңызы ерекше. Осы орайда ақпараттық қызметтің жай-күйі туралы не айта аласыз?


Зейнетақы төлеу орталықтары бөлімшелерінде халыққа көрсетілетін әлеуметтік
қызметтердің сапасы ақпараттық сүйемелдеумен тығыз байланысты. Соған халықтың
хабардарлығын, қолжетімділігін кеңейту және мемлекеттік көрсетілетін қызмет­тердің
ашықтығын қамтамасыз ету, қағазбасты құжат айналымын қысқарту және
бюрократизмнің алдын-алу, әлеуметтік төлем­ақыларды іске асыру мен тағайындау
үдерісін жеделдету, әлеуметтік саланы дамытудың мониторнингі мен болжамын
жетілдіру, әлеуметтік қатерлерді басқару тиімділігін арттыру мен оңтайландыру
тәуелді болады.

Бүгінгі
күні зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік сақ­тандырудың әлеуметтік төлемдерін
тағайындаудың электронды форматта автоматтандырылған жүйесі қолданылады.
Зейнетақы және жәрдемақы алушылардың электронды мұрағаты құрылуда.

Біздің
салада ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану өз функцияларымызды
автоматтандыруға және электронды қызметтерді дамытуға мүмкіндік берді. Жоғарыда
атап өткендей «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметтің
нәтижесі туралы ақпаратты алуды қарастыратын 7 электрондық мемлекеттік қыз­мет
көрсетеді (тағайындалған жәрдемақының мөлшері, мүгедекке тағайындалған топтың
түрі және т.б.). 2013 жылы электронды қызметтерге жүгінгендердің саны 3
млн.-нан астам, бұл 2012 жылы жүгінгендердің санынан 3,5 есеге артық. Соңғы 3
жылда осы тәсілмен қызмет алушылардың саны 1,7 есеге өсті.

Мемлекеттік
қызметтерді көрсету процестерін жетілдіру мақсатында Министрлік электрон­дық
қызметтерді дамытуды жалғастыруда. Осылайша, ҚР Байланыс және ақпарат
агенттігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бизнес-процестерді
оңтайландыру, ҚР Үкіметі бекіткен мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында
халықтан талап етілетін құжаттардың санын қысқарту бойынша шамамен 14 Жоба іске
асырылатын болады.

Жобаны іске асыруға байланысты ақпараттық жүйелерді
жаңғырту қағазбасты құжат айналымын қысқартуға, нақты сәйкес шешімдерді
қабылдау мен іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Азаматқа
әлеуметтік төлем­ақыны тағайындау web-портал арқылы іске асырылатын болады.
Тағайындалған қызметті көрсету тетігін жандандыру үшін, азаматтан тек жеке
сәйкестендіру кодын (ЖСН) көрсету талап етіледі.

Қазақстан
Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігімен қызметтің 9 түрінің бірігуін
қарастыратын электрондық композиттік қызметті енгізу бойынша дайындық жұмысы
жүргізілетін болады.

Қазіргі
күні азамат мүгедектігін тағайындау үшін алдымен Медициналық әлеуметтік
сараптама комиссиясының (МӘС) қызметіне өтініш береді, одан әрі, мүгедектігін
тағайындаған жағдайда – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау үшін зейнетақы төлеу орталығына, одан кейін – арнаулы әлеуметтік қызметтерді
немесе техникалық құралдарды алу үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш
береді.

Оның
орнына композиттік қызмет тек бір инстанцияға – МӘС қызметіне жүгіну
мүмкіндігін береді. Егер мүгедектік
беріл­ген және ол Мүгедектердің орталықтандырылған дерек­тер базасында
тіркелген жағдай­да оның құжаттары
тиісті жәр­дем­ақы тағайындау және әлеу­меттік
қызметті көрсету үшін автоматтандырылған режимде зейнетақы төлеу орталығына
және жергілікті атқарушы органдарға түседі.

Сондай-ақ,
көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен ашық­ты­лы­ғын көтеру мақсатында
2014 жылы сатылы түрде зейнетақы төлеу
орталығының барлық бөлімшелерінде видео­бақылау
жүйесін, сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы
бөлімшесінде электрондық кезек жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Қазақстанда
зейнетақы жүйесін реформалаудың шешуші кезеңі басталды. Бұл өмірдің өзі алға
тартқан қажеттілік болып табылады.

Әңгімелескен Жолдасбек
АҚСАҚАЛҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз