ІЗГІЛІККЕ БАСТАР ЖАҚСЫ НИЕТ

125

0

Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Оның халықты ынтымақ пен достыққа, бірлік пен татулыққа тәрбиелеудегі маңызы зор. Сонымен қатар ол әлем жұртшылығын жалпыға ортақ құндылықтарды қастерлеп, жамандықтан аулақ, жақсылықпен ауылдас болуға шақырып, өзара түсіністікпен өмір сүруге үндейді. Дін әр кезде мемлекеттің рухани таянышы болып келеді солай болып қала берері де сөзсіз. Еліміздің Тұңғыш Президенті атап айтқандай, «заман күнде өзгереді, ал еліміз бен дініміз – мәңгілік” екені аян. Дін мәңгілік болғаннан кейін оның ғасырлар бойы қалыптасқан ұстанымдары мен қағидалары, аяттары мен дұғалары, сауапты да салауатты іс-шаралары жрасымды жалғасары хақ. Сондықтан Алланың елшісі, Ислам дінінің негізін салушы Мұхаммед Пайғамбардың туған күні сәйкес келетін Мәуліт мерекесін әр мұсылман хал-қадірінше атап өтуі тиіс.

ІЗГІЛІККЕ БАСТАР ЖАҚСЫ  НИЕТТамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жойылмай, іргелі ел қалпын, салт-дәстүрін жоғалтпай, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігері мен асқақ рухының, иманы мен ибалылығының арқасы. Өркениетке ұмтылған, заман ағымынан тысқары қалуды ар санайтын қазақ халқы соңғы жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуді дәстүрге айналдырды. Мұндағы мақсат, дінаралық татулықты қалыпты ұстау, әртүрлі дін өкілдерінің бір мақсат жолында бірлесе іс-қимыл жасауы. Сонымен қатар еліміздің барлық мешіттерінде, онда жүргізілетін діни сабақтарда Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) туралы, оның өмірі мен жер бетінде Ислам дінін енгізудегі атқарған қызметі жайлы жан-жақты әңгімеленеді. Себебі, жан түршіктірер қылмысы көп мына қоғамда адамдар оның елшісі түгіл Алланың өзін еске ала бермейді. Тек қатты қиналған кезінде ғана Құдайды есіне алады, ал Пайғамбарымыз туралы тағы да ұмытып кетеді. Сондықтан да Мұхаммед Пайғамбардың өмірбаянын, хадистері мен сөздерін көпшілікке жеткізу – біздің міндетіміз. Дін саласында алдымен Алланы, сосын оның елшісін, сосын барып өз ата-анасын, отбасын, жақындарын жақсы көрген адам ғана толық иманды жан деп есептеледі.

Бізде Мәуліт мерекесін лайықты атап өту жағын қарастырдық. Мешітте арабша тіл сындыратын 5-10 жас аралығындағы балалар арасында Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айтудан жарыс ұйымдастырылды, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар Мәуліт мерекесін көпшілікпен бірге атап өту де жұртшылыққа игі әсер етері даусыз.

Есте жоқ ескі заманнан жеткен хадистерде пайғамбарымыз (с.а.с) кімде-кім өзіне бір күнде жүз салауат айтса, Алла оның жүз қажетін орындап қоятынын, ал бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтып, он қателігін кешіретінін айтқан. Қараңыз, әр пенде бір ғана салауат айтумен Алладан өзіне он салауат естіп, өзінің он қателігін кешіртеді. Салауат айтудың
хадистермен келген сауаптары мен
пайдалары жетерлік. Демек, Пайғамбарға салауат айту өзге ғибадаттан артық болмаса кем түспейтіні аян.
Себебі, Құран Кәрімде: «Расында Алла және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман
келтірген мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынұсынушылықпен
салауат, сәлем жолдаңдар” делінген. Пайғамбар (с.а.с.) өзі салауатты қалай айту қажеттігін сұраған сахабаларға
«Аллоһумма солли ала Мұхаммедин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә солләйтә ала
әли Ибраһимә, уә бәрик ала Мухаммедин уә
әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә бәрактә ала
әли Ибраһимә, иннәкә Хамидум
Мажид” деп айтуды ұсынған екен. Осылай айтқан әр пенденің адаспасы анық. Яғни, ол пайғамбарға (с.а.с.) салауат айтуымен өзіне,
отбасына мол сауап жинайды.

Салауатты көп айтып, күнәларымыздан арылайық, ағайын!

 

Жеңіс НҰРЫЛЛАҰЛЫ,

«Құддыс ишан” мешітінің бас
имамы.

Тасбөгет кенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз