ЖАҢА ҒАСЫРДЫҢ ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ

172

0

«Қазақстан ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі.
Сондықтан аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет
етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолыңа қара” деген қағида қалыптасқан.
Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда
ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен”.

«Көліктік логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар
қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне,
инфрақұрылымдық қаңқа Астананы және макроөңірлерді магистральды автомобиль,
теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады.
Бірінші кезекте негізі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»,
«Астана-Алматы», «Астана-Өскемен», «Астана-Ақтөбе-Атырау», «Алматы-Өскемен»,
«Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда», «Атырау-Астрахань».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол –
болашаққа бастар жол” атты Жолдауынан.

Шындығында, Елбасы жақында ғана Жолдауында жол мәселесіне ерекше тоқталды. Соның ішінде Жолдаудағы басым жеті бағыттың ішінде бірінші болып көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға айрықша мән берді. Осы жолдардың ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізінің алар орны ерекше. Мемлекет басшысының бас­тамасымен 2009 жылы қолға алынған бұл жол құрылысын сол кезде Елбасының өзі бастап берген болатын. Ал бұл құрылыс біздің облыста 2010 жылы басталды. Жалпы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” арасын жалғайтын халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның бес облыс аумағынан өтеді. Оның қашықтығы 2787 шақырымды құрайды. Ал, біздің облыстағы оның ұзындығы 812 шақырым.

Жалпы бұл халықаралық жолдың салынуы өткен ғасырларда біздің ата-бабаларымыз жүріп өткен Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту десе де болады. Негізі халықаралық автожолдың салынуы біз үшін қай жағынан да тиімді болмақ. Соның ішінде қазіргі күні Қытайдан Батыс Еуропаға дейін теңіз арқылы жүк жеткізуге 40 күн уақыт кететін болса, аталған жоба іске асқанда Еуропа мемлекеттеріне жүкті жеткізуге бар болғаны он күн ғана кетеді. Осы есеппен алғанда 2020 жылға қарай жүк айналымының көлемі 2,5 есеге дейін көбейіп, 13 млн. тоннадан 33 млн. тоннаға дейін артады деп күтілуде. Оның үстіне әлем кәсіпкерлері теңіз арқылы тауар тасымалы үшін жылына 700 млрд. АҚШ долларынан астам шығын шығарады. Егер де осы жүк керуенінің белгілі бір бөлігі автокөлікпен Қазақстан арқылы тасымалданатын болса, онда ол біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына зор үлес қосады.

Бүгінде осы маңызды жобаға орай облыс аумағынан салынып жатқан 812 шақырым жолдың 246 шақырымы бірінші техникалық, ал 566 шақырымы екінші техникалық категорияға жатады. Осы жолды қайта жаңғырту барысында облыс аумағынан 48 көпір, 336 құбыр, 74 мал өтетін орындар мен 14 екі деңгейлі жол айырығы және екі теміржол өткелі салынады. Өз кезегінде бұл нысандар алдағы уақытта жергілікті жердегі халықтың игілігіне жұмыс жасайтын болады.

Айта кету керек, жаңа жоба толықтай іске асып, пайдалануға берілгенде, ондағы көлік құралдарының жолда жүру жылдамдық көрсеткіші сағатына 120 шақырымға дейін өседі. Осы орайда автокөлік жолы бойында кездесетін кептеліс секілді қиындықтарды болдырмау мақсатында бұл автожол облыстың сегіз елді мекенін айналып өтеді. Бір ескерерлік жайт, автокөлік құралдарының жолда жүрудегі бір белтемірге түсіретін күші 13 тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл өз кезегінде өте ауыр салмақты жүк автокөліктерінің осындай жүкті тиеп, тасымалдауда аталған жолда емін-еркін жүруіне жол ашады. Сондай-ақ, бұл мегажобаның бас­ты айырмашылығы бұрынғы 10-12 метрлік жол төсеніштер 15 және 27,5 метрге, ал жол жамылғысының ені 6-7 метрден 9-9,2 метрге дейін жеткізіледі.

Халықаралық автокөлік жолының салынуымен Арал, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында жол пайдалану учаскелері салынады. Сондай-ақ, Шиелі ауданындағы бүгінгі күндері жұмыс істеп тұрған жол пайдалану пунктінің ғимараты қайтадан жақсартылып, ол жол пайдалану учаскесі қызметін атқаратын болса, осындай жол пайдалану пункттері Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарынан да ашылады.

Облыстан өтетін халықаралық автожолдың 812 шақырымында, яғни, М-32, «Самара-Шымкент” автомобиль жолының 1240-2057 шақырымдар аралығында қайта жаңғырту жұмыстарын төрт бас мердігер – «Салини” АҚ «Аккорд-Окан” біріккен кәсіпорны, «Евраскон” ААҚ мен «Тодини” АҚ жүргізуде.

Ал, олардың жұмысын, яғни жолдың мерзімінде аяқталуы мен сапалы болуына Кореяның «Исан”, «Донгусунг”, ағылшынның, «Роучтон-ДБЮК” компаниялары мен Қазақстанның «Қаздорпроект” ЖШС тұрақты бақылау жасауда. Сондай-ақ,
бұл жобаны басқаруды канадалық «СНК-Лавалин” компания­сы жүзеге асырып келеді.

Халықаралық
автокөлік дәлізінің салынуы ел экономикасының, соның ішінде облыстың дамуына
айтарлықтай үлес қосуда. Осы орайда айта кетейік, мегажобаның басталуымен
Жаңақорған және Шиелі аудандарында қиыршық тас шығаратын зауыттар мен Қызылорда
қаласында битум зауыты салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі кезде осы
зауыттардан шығарылған құрылыс материалдары әлемдік стандарттар сапасына сай
келуімен ерекшелініп отыр.

Негізі «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы жұмыс жоспарына
сай жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта Қызылорда қаласынан бастап Оңтүстік
Қазақстан облысының шекарасына дейінгі ұзындығы 246 шақырымды құрайтын
автомобиль жолы ақылы жолдардың санатына кіреді. Жолдың екі жағы тор
сеткалармен қоршалып, жол қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Аталған
жолда бес спутниктік өлшем құралдары орнатылып, жолдағы кез келген көлік
құралдарының жүру жылдамдығы мен жүк салмағының мөлшерлерін қадағалап отыруды
жүзеге асырады. Өз кезегінде бұл жолдағы жүргізушілердің жауапкершілігі мен жол
қозғалысының ережелерін сақтаудағы міндеттерін арттыруға негіз болады. Аталған
бұл жұмыстар Халықаралық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен де жиі тексерілуде.
Сонымен қатар жол құрылысын бақылайтын облыстық филиал республикалық маңызы бар
автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алуда, жол қозғалысы
қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және жол жағдайларын жаңғыртудағы іс-шараларды
үнемі жалғастырып келеді. Жалпы қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы
халықаралық жобаның қайта жаңғырту жұмыстары 95 пайыға орындалды.

Халықаралық
транзиттік автожол болғандықтан оның мыңдаған шақырымды алып жататыны белгілі.
Осы орайда да сол жолда жүріп келе жатқан жолаушы аялдап, тамақтанып, тыныстап,
демалуына, көлігіне май құйдыртып, кем-кетік жерлерін жөндетіп алуына толық
мүмкіндік жасалуы тиіс. Сондықтан да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық
көлік дәлізі аумағында сервистік қызмет көрсетуді дамытуға көңіл бөлінуі қажет
екені де белгілі. Осы жайларды ескерген облыс басшылығы бүгінде бұл бағытта
жүйелі жұмыстарды жүргізуді қолға алды. Соның бастысы, «Батыс Еуропа – Батыс
Қытай” көлік дәлізі бойында орналасатын жол бойында сервистік нысандар салу
мәселелері бойынша жұмысшы тобы құрылды. Орайы келгенде айта кету керек,
сервистік қызмет көрсету барысын жандандыру мақсатында облыстық сәулет және
қала құрылысы басқармасы тиісті техникалық тапсырмаларға сәйкес эскиздік
жобаларды әзірлеп, олардың бірқатары облыстық сәулет және қала құрылысы
кеңесінде мақұлданды. Соның ішінде қазіргі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай”
халықаралық көлік дәлізі жобасының құрамына кіретін «Самара-Шымкент”
автожолының бойынан алдағы уақытта жүргіншілерге қызмет көрсететін А, В, С
санатындағы 33 сервистік нысандар салынатын болады. Бүгіннің өзінде осы
мақсатта, яғни қызмет көрсету нысандарын салуға 35 кәсіпкер мен серіктестік өз
ұсыныстарын жасап та қойған. Айта кету керек, осы келіп түскен 35 ұсыныстың
20-сы сәулет және қала құрылысы кеңесінің қарауына жолданып, онда 12 жоба
мақұлданды. Ал қалған жобалар министрлік бекіткен техникалық тапсырмаға және
«ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының техникалық шарттарына
сәйкес толықтырылу үстінде. Сонымен қатар қазіргі күні қала және аудандар
әкімшілігі жанынан құрылған комиссия «ҚазАвтоЖол” ҰҚ АҚ Қызылорда облыстық
филиалымен бірлесіп сервистік нысандарды орналастыратын жер учаскелерінің орнын
анықтау үстінде.

Бүгіннің
өзінде Ұлы жолдың бойында сервистік қызмет көрсететін үш нысан пайдалануға
берілді. Соның бірі Шиелі ауданы мен Сығанақ шаһары маңында 70 адамға арналған
кафе, 20 адамдық қонақ үй, 4 көлікке арналған бокс, автотұрақ және қалаға сая­­хат
жасау үшін 10 мініс атқа арналған атқора, су ұңғымасы және бағы бар «Сығанақ”
сервистік кешені жұмыс жасап тұр. Енді осы кешен жанынан май құю бекетін салу
жолдары қарастырылуда. Сондай-ақ, дәліздің 1624 шақырымында Қорқыт ата
мемориалдық кешенінің жанынан «Дорстрой” жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің «Қорқыт ата” мінәжат ету орталығы” жобасының құрылысы да
аяқталды. Бұл кешенде 20 орындық қонақүй, 60 адамға арналған мешіт, 150 орындық
ас беретін орын, дүкен мен шеберхана, киіз үй қалашығы, техникалық қызмет
көрсету орталығы орналасқан.

Сонымен қатар
халықаралық жолдың 1999 шақырымында Жаңақорған және Шиелі кенттері қиылысатын
жерде «Нұрлы құрылыс Қазақ елі” ЖШС он гектар жерді заңдастырып, жоба әзірледі.
Ал жолдың 2044 шақырымындағы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округінің
маңайында жеке кәсіпкер май құю стансасы мен дәмхана және дөңгелек жөндеу
шеберханасын салды. Айта кету керек, көлік дәлізі бойында туристік-сервистік
орталық салуға аталған мекемелермен қатар «Қазмұнайгазөнімдері” АҚ өкілдері де
облыс аумағында алдын ала маркетингтік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп,
бүгінде Арал қаласы мен Төретам кентінен, Қызылорда қаласының «Наурыз” шағын
ауданынан, Шиелі және Жаңақорған аудандарында май құю бекеттерін салу да жос­парланып
отыр. Қалай айтқанда да, құрылысы аяқталып қалған халықаралық автожол бойынан
облыс кәсіпкерлері түрлі сервистік қызмет көрсету орталықтарын салу мақсатында
жобаларын жасап та қойған. Енді сол жобаларды олар алдағы күндерден бастап
нақты іске асыра бастайды деп күтілуде.

Сонымен,
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы
аяқталуға жақын. Бүгінде осы Ұлы жолдың бойынан түрлі бағыттағы сервистік
қызмет көрсетуі орталықтарын салу жұмысы да қарқын ала бас­­тады. Бұл жұмыстар
толықтай аяқталғанда ол облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына мол
мүмкіндік береді. Жалпы Еуропа мен Азия секілді екі алып дүние бөлігін
жалғастыратын бұл жолдың Қазақстан үшін, соның ішінде біздің облыс үшін берер
пайдасы мол болмақ.

Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз