ЖАҢА БАСТАМА ЖАН СЕРГІТЕДІ

43

0

ЖАҢА БАСТАМА ЖАН СЕРГІТЕДІ

«Көрінген таудың алыстығы
жоқ» дейді дана бабалар. Осынау нақыл сөзді мектеп бітіретін түлектердің
алдында тұрған үлкен сын Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланыстырсақ болады. Аз
ғана уақыт қалған бұл сынақ 11-сынып оқушыларымен бірге оларды 11 жыл бойы
оқытып келе жатқан мұғалімдерден де үлкен жауапкершілік күтеді.

Биылғы оқу жылында облыс әкі­мінің
басшылығымен мектеп бі­тіруші жастардың ҰБТ-ға тиянақты дайындалуларына үлкен
көмек жасалды. Оның бір дәлелі – облыстық білім басқармасының облыстық
олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында ұйымдастырылған ҰБТ-ға
дайындық курстарының өт­кізілуі. Бұл курстар әр аудан оқу­шы­ларын
кезең-кезеңімен дайындады.

Орталық Жаңақорған ауданының
Бесарық ауылында орналасқан. Іргесінде Бесарық өзені ағып жатыр. Жақында Арал
ауданының 11-сынып оқушылары екі кезеңде әрі ҰБТ-ға дайындалып, әрі жақсы
демалып келді. Екінші кезеңдегі ҰБТ-ға дайындау курсында 200 оқушыға 24 мұғалім
сабақ берді.

Орталық директоры
Ү.Әбибуллаев өз ұжымымен бірге мұғалімдер мен оқушыларды жылы қарсы алып,
орналастырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары М.Қайназаровтың
басшылығымен мұғалімдер күнтізбелік, сабақ жоспарларын дайындап, оқушылармен
атқарылатын жұмыстарын бастап та кетті. Он күн бойы оқушылар ҰБТ-ға алаңсыз
дайындалды. Мұғалімдер өз тараптарынан балалардың көп мән бере бермейтін
тақырыптарына тоқталуға тырысты. Қосымша мәліметтер берді. Әр пән мұғалімі өз
жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, сабақтарын мазмұнды, тиянақты өткізді.
Оқушыларға тест жауаптарын белгілеуде дөңгелекті дұрыс бояу, тест тапсырмаларын
толық оқып және барынша ұғынып оқу керектігі айтылды. Берілген бес жауаптың тек
алдыңғыларын ғана емес, барлығын оқып, талдап барып жауапты белгілеуді
түсіндірді.

Оқушылармен пікірлескенде,
олар ұйымдастырылып отырған ҰБТ-ға
дайындық курстарының өте тиімді екендіктерін айтты. Сабақтардың өтілулеріне,
мұғалімдердің үйретулеріне көңілдері толатындықтарын, өз ризашылықтарын
білдірді.

Орталықта пән олимпиадасы
өткізіліп, оқушылар негізгі пәндер бойынша сайысқа түсті. Жеңімпаздар
анықталып, Мақтау грамоталарымен марапатталды.

Курс барысында оқушылар үшін
түрлі мәдени іс-шаралар жүргізілді. Тәрбиешілер ұйымдастырған «Поэзия кеші»,
«Өлкетану», «Ең, ең, ең…», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сынды балалардың
дүниетанымын кеңейтіп, ішкі жан дүниесінің сұлулануына септігін тигізетін
кештер, спорттық ойындар
оқушыларымыздың бір сәт демалуларын мазмұнды етті.

Оқу мен демалысты ұштастыра
білген дайындық курсы ел басқарған ағалардың ел болашағы – жастарға деген үлкен
қамқорлығы мен мол сенімін көрсетеді. Биылғы түлектер алдағы ҰБТ-да жоғары
көрсеткіштер көрсетіп, сенім биігінен көрінсе дейміз.

Нәзігүл МОЛЖІГІТОВА,

№13 орта мектеп мұғалімі.

Арал қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз