Жаңа кодексте жаңалық көп

63

0

Қызылорда қаласының мамандандырылған
әкімшілік сотының судьясы Сәуле Өтегенова Қазақстан Республикасының Әкімшілік
құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа редакциясына қатысты баспасөз брифингін
өткізді.

Мемлекет басшысы Президенті Н.Ә.Назарбаев биыл 5-шілдеде
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қол қойғаны, ол 2015 жылдың
1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетіні белгілі. Жаңа кодекстің қабылдануы
Қазақстанның әкімшілік-деликтік заңнамасы дамуының жаңа кезеңін білдіреді.

– Кодекстің жаңа
редакциясы ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа
саяси бағыты» атты Жолдауын орындау үшін әзірленген. Кодекстің әзірленуі және
қабылдануы оның нормаларының ел Президентінің құқықтық саясат
тұжырымдамасындағы талаптарға негізделген еді. Жалпы алғанда, әкімшілік
заңнаманың жаңғыртылуы оның ережелерін ізгілендіруге бағытталған. Өйткені,
қолданыстағы кодексте шамадан тыс репрессивті әкімшілік жазалар қамтылып, ол
жекелеген жағдайларда қылмыстық-құқықтық санкциялар шегінен шығады. Бұл ретте
ізгілендіру шағын бизнеске қолдау көрсету арқылы жүргізіліп, айыппұлдардың 50
пайызға шегерілуін, әкімшілік қамаудың максималды мерзімінің 30 тәулікке дейін
қысқартылуын және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарға алкоголизмге,
нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа шалдыққандарға қатысты медициналық сипаттағы
мәжбүрлеу шараларының қолданылуын жаңалық ретінде атап өтуге болады, – деді
судья Сәуле Бакуқызы.

Оның айтуынша,
сыбайлас жемқорлық факторын жою мақсатында, сондай-ақ, іс жүргізудің
қысқартылуын қамтамасыз ету үшін абсолютті айқындалған айыппұл мөлшері
көзделген.

Сонымен қатар,
сот жүйесі заманауи ақпараттық техно­логиялардың мүмкіндігін барынша
пайдалануда. Бұл азаматтардың өмірін, жалпы бизнес-климаттың сапасын жақсартуға
және сыбайлас жемқорлық факторының алдын алуға жәрдемдеседі.

– Елбасы Н.Ә.
Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты
Жолдауында Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына кіруінің тұжырымдамасын
ұсынды. Тұжырымдаманың басты бағыттарының бірі әділдіктің, заңның және жоғары
құқықтық мәдениеттің үстемдік алуы болып табылады. Онда заң алдындағы теңдік
құқық тәртібінің негізі болуға тиіс. Ал, сот жүйесі ашық және қолжетімді болуға
міндетті, – деп ойын түйіндеді Сәуле Өтегенова.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз