ЖАЛЫНДАП ӨТКЕН ӨМІР

83

0

ЖАЛЫНДАП ӨТКЕН ӨМІР

Алдағы күзде облыстық «Сыр
бойы»газетінің 85 жылдық мерекесі тойланбақ. Мерейтойға орай басылымның тарихы
мен онда еңбек еткен қаламгерлер жайлы мақалалар топтамасын оқырман назарына
ұсынбақпыз. Газет тарихында 1962-1968 жылдары бас редактор қызметін атқарған
дарынды публицист-журналист Ұзақ Бағаевтың шыққан белесі биік, орны бөлек.

Біз бүгін облыстық «Ленин жолы»
/қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакторы болған, Сыр бойы еңбеккерлерін еңсеріп
жазып, өзіндік қолтаңба қалдырған, басшы, тәрбиеші әрі белгілі журналист Ұзақ
Бағаевпен ұзақ жылдар бірге еңбек еткен, «Қоңыр қалам» және «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар»
атты кітаптардың авторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның Құрметті журналисі Итен Қарымсақұлының эссесін оқырмандар назарына
ықшамдап ұсынып отырмыз.

Бұрынғының адамдары асарын асап, жасарын жасап, ұзақ өмір
сүрген, сүйегі асыл, сөздері өсиетке толы, жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа
тағлым, үлгі, өнеге іспеттес болған еді. Ал, қазақ баспасөзін дамытуға бар күші мен жігерін аямай жұмсаған көрнекті
журналист, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болған, қаламы жүйрік
Ұзақ Бағаев 43 жасында бақи дүниеге аттанып кетті. Ол осы қысқа да жарқын қас
қағым ғұмырында шеберлік шыңына жетті,
әрі жұмыр, әрі шымыр талай кесек ойларын емін-еркін айтып, артына рухани аса
мол құндылықтар қалдырды.

Байсалды басшы, сезімі сергек және
талапшыл, үлкен құрмет иесі Ұ.Бағаев 1962 жылдың тамызынан бастап 1968 жылдың қараша айына дейін еліміздің байырғы
басылымдарының бірі, Сыр елі – жыр елінің рухани көшбасшысына, қарашаңырағына
айналған, халық­тың әрі сырласы, әрі мұңдасы болған Қызылорда облыстық «Ленин
жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакторы қызметін атқарды. Осы уақыт ішінде ол өзінің жастық күш-қуатын
жұмсап, газет өміріне көп өзгерістер әкелді, оны үлкен бедел биігіне көтерді,
қайнаған өмірмен бірге тыныстап, артына өшпес із тастап кетті.

Мен Ұзекеңмен бірге еңбек еткен бес
жыл жеті ай ішінде оның тәрбиесін алдым, ақыл-кеңесін тыңдадым, сыйласып еңбек
еттім, жақсылығын көрдім, үлкен ұстаз санаймын. Сондықтан журналист ретінде қаз
тұрып, қадам басуыма және қалыптасуыма, мәртебелі мамандыққа қиянат келтірмей,
адал қызмет етуіме игі ықпал еткен Ұзақ ағаның өмірі жайлы қалай жазсам да жарасады.

 

Іскер әрі көңілі сергек жан еді

 

Ойлап отырсам сонау бір жылдары Бағаев
мектебі, Бағаевтың мәдениеті, журналистік өмірі, қарапайымдылығы мен зор
адамгершілігі, жастарға үлкен қамқорлығы, еңбек сүйгіштігі және азаматтарды
қабылдау жүргізуі жайлы бірлі-жарым мақала жазып жүрген әріптестерінің өзі де
қартайып қалды. Оның үстіне олардың да қатары
сиреді.

Журналист Ұ.Бағаев 32 жасқа қараған
шағында, жасынап, жайнап, жанып тұрған кезінде Сыр еліне бақ құсындай болып ұшып келді, өзі де бақытты
болды, соңына ерген жастарды да бақытты етіп кетті. Ол басқарған газеттің
отымен кіріп, күлімен шыққан жас журналистердің көбі жазушы, елге танымал азамат атанды. Мен де Бағаев
бауырына тартқан жас журналистің бірі едім, редакцияда жұмыс істеп жүріп
журналистік жоғары білім алдым. Осы газеттің табалдырығын ширек ғасырға жуық
аттап, туған жеріме адал қызмет атқардым.

О кезде Ұ.Бағаев есімі, ол редактор болған Қызылорда облыс­тық «Ленин
жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің даңқы шығып, дүркіреп тұрды. Газет
Бағаевтың арқасында үлкен бедел алды. Біле білген адамға газет редакторы
дегеніміз редакцияға жалпы басшылықты мұқият жүзеге асыратын бірден-бір
салиқалы, ірі тұлға. Ең бастысы газет
жұмысын жоспарлайды, оны облыстың ты­ныс-тіршілігімен үйлестіреді, аппаратта
қызмет атқарып жүрген журналистердің негізгі міндеттерін нақты белгілейді.
Сондықтан редактор қандай болса оның газеті де сондай жарқын, байсалды,
тартымды болды, оқырмандарды өзіне тартып, өмірдің сан-салалы қырын ашып
көрсетті, халықтың айнасына айналды.

Бағаев болса осы бағытта үлкен бедел жинады. Оның бір нақты дәлелін
келтірейін. Университеттің журналистика факультетін бітіретін 1966 жылы «Химия
және газет» деген еркін тақырыптан диплом жұмысын қорғауды таңдадым. Өйткені,
өмірге үңілесің, оны білесің. Оның үстіне бұл тақырыпты өзім үзбей жазып
жүретін едім. Газетте өте құнды материалдардың басылғанын білемін. Іске
кірістім. Диплом жұмысы сәтті аяқталды. Диплом жұмысыма доцент Т.Амандосов
ғылыми жетекшілік етті. Ол Бағаев басқарған облыстық газеттің химия саласын
жазудағы тәжірибесіне ризашылығын білдірді. Бұл сол заманда тың идея еді.

Рецензент К.Қазыбаевтың диплом жұмысым туралы былай деп жазғаны бар:
«Бұл жұмысты оқуға қызығасың. Бірінші қызықтыратын – тақырыбы. Целлюлоза-картон
өнеркәсібі Қызылорда облысында ғана емес, республикамыздағы жаңа өндіріс
саласы. Оның жаңалығы да, қызығатыны да көп. Дербес тақырып етіп алуы осы жағынан
құнды. Журналистикалық диплом жұмыстары ішінде де бұл тақырып жаңа шығады.

Диплом жұмысын оқып шық­қанда өнеркәсіптің Қызылор­да­дағы осы бір жаңа
отауының бүгінгісі мен болашағы жайлы көп мағлұмат аласың. Дипломанттың зер
салып, зерттеп келгендігі байқалады. Жатық тілмен жақсы пікір айтқан жерлері
көп. Келтірген экономикалық есептері де зерттеушілік сипаттарды көр­се­теді.
Әрине, мұның бәрі диплом жұмысының бағасын көтеретін жай». Бұл диплом жұмысы
мемлекеттік емтихан комиссиясының алдында қорғауда жоғары баға алды. Міне,
осының өзі Ұ.Бағаев басқарған газеттің беделінің биік болғанын аңғартса керек.
Мен машинкаға басылған, екі ұстазым қол қойған сол жазбаларды әлі күнге дейін
жазу тартпамда сақтап келемін.

Редактордың іскерлігімен қо­са көңілінің сергек болғаны қан­дай жақсы.
О заманда обком, облыстық атқару комитеті биліктің тізгінін қолына ұстап, ақ
дегені алғыс, қара дегені қарғыс сияқты қаһарлы, ызғарлы болатын-ды. Мен
облыстық атқару комитетінің мәжілістеріне тұрақты түрде қатысып отырдым, ол кездің
тәртібі солай. Осы жерде барлық өмірді білесің. Бірінші басшылардың алдында
таяқ жеп, жұмысын божыратып алғандар орнынан босай қалса өзге бір мекемені
сығалап, ақыр аяғында соған бастық болып шыға келеді. Одан да жұмыстың көзін
таба алмайды. Осы осал буынды қалай сынау керек? Сынап қана қоймай оған томаға
тұйықтан шығудың жолдарын да меңзеу қажет. Редактор Ұ.Бағаев тілшіге тапсырма
берер алдында буынсыз жерге пышақ ұрмас бұрын әуелі осы іске қол байлау болған
кедергілерді зерттеп жазуды міндеттейтін еді.
Кабинетінің есігі кіргісі келген адамға әрдайым ашық, өзінің де көңілі
нәзік әрі қашан барсаң да жылы ұшырап қарсы алатын жұмсақ мінезді адам болды.

Іс-сапарға шығар алдында аяғына қонышын қайырып тастаған ақ етігін
киіп, таза киімдерін, оқитын газет не кітабын, сақал-мұрт алатын заттарын
кішкентай сөмкесіне салып өзімен бірге алып жүргенін көрген адамдар мұндай
ұқыптылығына қайран қалатын. Барған жерінде кісіге салмағы жоқ, бөгде адамның
мазасын алмайтын редактор еді.Осындай
биік өресі, үлкен мәдениеті, білімі мен білігі оны жоғары биіктерге
самғатып жіберді.

Бірақ, редактор Ұ.Бағаевпен тұз-дәмдес болған ең ақырғы күн, соңғы
сағаттар, сірә да жадымнан кететін емес, көз алдыма елестейді…

 

Соңғы іссапар

 

Әлі есімде, 1968 жылдың 6 маусымы күні редактор Ұзақ аға Бағаев, фото
тілші Арзымбек Мәдединов және осы
газеттің әдеби қызметкері ретінде Шиелі ауданының «Қызылту» колхозында мал азығын дайындауды кешенді
механикаландыру жөнінде өткен семинарға
қатыстық. Бұл маңызды шара сол кездегі
обкомның бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғановтың тікелей басқаруымен өткізілді.

Ол мал азығын ұқыпты сақтау, есебін алу, тырмалау, тасу, күделеу,
шөмелелеу, ысырап болуына жол бермеу қажеттігіне баса көңіл бөлді. Бірер күн
бұрын орылған шөп көде-көде үйіліп жатты. Үстіне қысқа жең ақ көйлек, басына
қамыс қалпақ киген Хасан Шаяхметұлы көкорай шалғынды шабындықты аралап
жүріп, оң қолының жұдырығын көденің
арасына сұғып жіберіп, орта тұсынан бір уыс шөпті суырып алып семинарға
қатысушыларға көрсетіп:

– Міне, қараңдаршы, шөптің құрамы жақсы сақталған, иісі аңқып тұр,- деп алақанын жайып жіберді.
– Демек, жемшөп дайындау жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы атқару
керек.

Бірінші хатшы келесі көдеге жеткенде тағы да осы іс-әрекетін қайталады.
Айнала толған адам, облыстық
ұйымдар мен мекемелердің бірінші басшылары, аудандық партия комитеттерінің
бірінші хатшылары және аудандық атқару комитетінің төрағалары, ұжымшар
директорлары, тағысын тағылар. Ол қолына шөпті уыстап ұстап жоғары көтеріп тұрған бойы әңгімесін аяқтай берген кезде
газет редакторы Ұзекең осы көрініске қызығып кетіп:

– Хасан Шаяхметұлы, осы сәтті
фото тілші суретке түсіріп алсыншы!,- деп еді,
ол өз-өзінен ашуға булығып:

– Мені қайтесің, анау еңбек адамдарын суретке түсіріңдер… деп
сілкініп шыға келді.

Бұл бір ыңғайсыз көрініске ұқсады. Бірінші хатшының кездейсоқ жағдайда айта салған осы бір ауыз сөзі Ұзекеңнің жүрегіне оқтай
шаншылды. Нәзік жан ғой. Беті өрттей қып-қызыл болып кетті. Түк үндемеді.
Ал, Хасан Шаяхметұлы шөп шабудың
мән-жайын, кешенді механикаландыру әдісінің пайдасын әңгімелеп, семинар
жұмысын одан әрі жалғастыра берді. Оның
ойында ешқандай теріс пиғыл болмағаны
байқалды.

Сәлден соң Ұзекең жанында жүрген маған:

– Итен, мына семинардың ма­­­те­риалын газетте дұрыстап көр­­­се­тіңдер.
Бір бет беру ке­рек­. Оған облыстық статисти­ка­ ­бас­қар­масының бастығы
Ө.Қазанқапов­­­­тың да мақаласын ық­­­шам­­дап салған жөн,- деді.

Бұл түс мезгілі еді. Жасыл көгалда қатар-қатар тігілген қараша үйлерде
әркім тиісті орындарға барып түскі ас ішу қамына кірісті. Ұзекең бірінші хатшы
отырған үйге бас сұққан жоқ, аудан басшыларымен бірге ауқаттанды. Содан далаға
шыққан соң мені шақырып алып:

– Бүгін семинар кеш аяқталатын
түрі бар. Көлік көп қой, біреуіне ілесіп қайтарсың. Мен Арзымбекті алып
Қаратауға кетемін, суреттерді аудандық газетпен байланысып, фототілші С.Хутаевтан аларсың,–деді.

Мен басымды изедім. Ұзекең байыппен барып жеңіл көлі­гі­не отырды. Оған
фототілші А.Мәдединов те іле-шала
ілесті. О баста Ұзекеңнің семинарға қаты­сып, бізбен бірге қайтпақшы ойы бар
еді, оның бұл ниеті қапелімде осылайша нілдей
бұзылды. Аяқ астынан бар шаруаны маған тапсырып, малшылар ауылына,
Қаратауға қарай бағыт алып кетті. Редактордың іс-сапар бағытын кенеттен
өзгертуі маған бір түрлі ой салды…

Ертеңіне редакцияға келген соң сол семинар жұмысын жазуға кірістім.
Газеттің екінші беті соған арналды. Ол «Жемшөп мол әрі сапалы дайындалсын!»
деген жалпы тақырыппен жарияланды. Шөп ору және маялау, жаткамен шөп ору
барысындағы еңбек адамдарының суреттері
басылды. Бұл 1968 жылдың 8 маусымы
еді, осы сенбілік күнгі нөмірге редактордың орынбасары Н.Уәлиев қол қойды. Сол
газеттің сарғайған нөмірін әлі күнге
дейін жазу тартпамда сақтап жүрмін. Өйткені, бұл Ұзекеңмен соңғы іс-сапарға
шығуым еді. Сол жолы Ұзекең «Қаратауды ән тербейді» деген публицистикалық
мақала жазды. Ол өзіміздің газетке басылды. Бұдан соң «Қазақстан» баспасынан 1970 жылы шыққан «Дала жұлдыздары» деген
жинақ кітабында жарық көрді.

Енді оқыста айтылған сөздің әсері жайлы сәл шегініс жасайын. «Көңіл бір
атым насыбайдан да қалады» дегендей, Ұзекең сол жолы бірінші хатшының әлгі
сөзін жанына тым ауыр қабылдады. Оның осы жолы көңілі қалған жағдаятты зайыбы
Нұрбибі апайға да тіс жарып айта қоймағанын кейінірек апаймен сөйлескенде ғана білдім. Ұзекең ар-намысы мен абыройын бәрінен биік ұстаған, жаны таза,
пейілі кең адам еді ғой. Сол жолы тек Нұрбибі апайды «Елге қайтайықшы, ауылға
жақындайықшы» деп көбірек мазалай берген көрінеді. Бірақ, көп уақыт бойы
Ұзекеңнің де, Нұрбибі апайдың да
көңілдері Қызылорданы қимай жүріңкіреп қалғаны сезілді…

(Жалғасы бар)

Итен ҚАРЫМСАҚОВ,

Қазақстанның құрметті
журналисі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз