ЖАРҚЫН ЖОБА ЖЕМІСІ

129

0

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу
және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу” жобасы – ғасыр жобасы. Теңіздің
қазақстандық бөлігін сақтап қалуда теңдессіз іс жүзеге асырылуда.

2005-ші жыл
болатын. Сол кезде жоғарыда айтқан жобаның І кезеңі қолға алынып, Көкарал
бөгеті салынып, Кіші теңізге су келе бастады. Соның нәтижесінде Солтүстік Арал
теңізінің тұздануы литріне 23-тен 13-ке дейін төмендеп, су айдыны 15-тен 27
текше шақырымға дейін артқан болатын. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің қыс
айларында суды жіберу көлемі секундына 650-700 текше метрге дейін артты. Көлемі
20-30 мың гектар болатын көлдер жүйесі қалпына келіп, балық шаруашылығын
дамытуға жол ашылды. Жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болды. Теңіз
айдыны Арал қаласына 75-тен 17 шақырымға дейін жақындады.

Елбасы 2005
жылы САРАТС-1 жобасы нысандарын көруге келген еді. Сонда Елбасының «Иә, сәт,
өсер көбейсін” деп өз қолымен бекіре балығын айдынға жібергенін ел болып
мақтаныш санаймыз. Президент жобаның аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы
мен табиғи ортаны жақсартудағы маңыздылығын айта келе, атқарылар жұмыстарды
жалғастыру қажеттігін тапсырды. САРАТС-тың 2 кезеңіне дайындық сол жылы
басталып, Қазақстанда жүзеге асырылатын басты жобалардың қатарына енгізілген
болатын.

Сыр аймағы
үшін балық шаруашылығының орны ерекше. Елбасымыздың бастамасымен өмірге келген
САРАТС жобасының нәтижесінде облысымызда балық шаруашылығын дамытуға зор
мүмкіндік туды. Қазір балық аулау Кіші Арал теңізінде 17 есеге артып отырған
жайы бар. Жоғарыда айтқандай, балықтың 13 түрі қайта пайда болып, бүгінде оның
түрі 27-ге жетті. Ал, САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылған кезде
Кіші Арал теңізіндегі балық аулау көлемі бүгінгіден 2 есеге дейін артады деген
болжам бар, яғни, балық аулау көлемі 30 мың тоннаға дейін жеткізілмек.

Балық
шаруашылығында тауарлы балық өсірудің маңызы зор. Осынау игілікті іске облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев айрықша көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде, біздің
Арал өңірінің табиғи кешенін қалпына келтіру шаралары қолға алынып, аймақ
тұрғындарының өмірі мен экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасалды. Содан да
балық өнімін өңдейтін зауыттар салынды. Бүгінгі күні балықшылар өз өнімдерін
ТМД және Еуропа елдеріне экспортқа шығарып отыр. Береке деген осы емес пе?
Өңделген өнімнің бағасы да құнды болатыны анық.

Елбасымыздың
сарабдал саясаты арқасында өмірге келген САРАТС-2 жобасы толықтай аяқталғанда
балық шаруашылығының ауқымы кеңейіп, өзіндік даму жолына түсетініне бек
сенімдеміз. Жарқын жоба жемісін көрудеміз.

Әділбек
ӘЙІМБЕТОВ,

облыстық
балық шаруашылығы консорциумының төрағасы.

Арал қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз