ЖАС ҒАЛЫМНЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛЕСТЕРІ

88

0

Ертасова Гүлжазира Жаңақорған ауданының тумасы. Осындағы №125 орта мектепті, Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген.
Кішкентайынан білім-ғылымға іңкәр болып, рухани құндылықтардың биік шыңына ұмтылған жерлесіміз бірнеше ғылыми еңбектердің, шағын кітапшалардың авторы. Очерктері мен өзге де танымдық материалдары республикалық баспасөз беттерінде жарияланып жүр.
Өткен жылдың желтоқсанында журналистика және саясаттану факультетінің бір топ профессор-оқытушылары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығының қолдауымен Италияға барып, ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Оның құрамында жерлесіміз Гүлжазира Құдайбергенқызы Ертасованың да болғаны көңіл қуантады.
Тағылымдама барысында Ла Сапиенца атындағы университет және Тор Вергата Рим қоғамдық-зерттеу университетімен кездесу ұйымдастырылып, қазақстандықтар ондағы білім беру үдерісімен танысты. Сондай-ақ, Италияның бірқатар БАҚ өкілдерімен жүздесті. Саяси-тарихи зерттеу еңбектердің авторы Джульетто Кьеза мен ЕҰУ өкілдері арасында әсерлі сұхбат өрбіді. Халықаралық биоурбанистика орталығының ғылыми қызметкері Стефано Серафинимен болған кездесуде де екі жақ біраз келелі мәселелерді ортаға салып, өзара талқылады.
Тағылымдама аясында журналистика және саясаттану факультетінен барған профессор-оқытушылар құрамына сертификаттар тапсырылды.
Г.Ертасова қай кезде де ғылым-білімге қатысты келелі іс-шаралардың белортасында жүреді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2013 жылғы қарашада «Қазақстан Республикасында тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесін дамыту стратегиясы» атты тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік және желтоқсанда «Әлеуметтік жаңғырту жағдайында білім беру жүйесін жетілдіру» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларын өткізген еді. Конференциялардың мақсаты – әлемдік қоғамдастыққа кірігу контекстінде білім беру жүйесін дамытудың тұжырымдамалық идеясын талқылау болатын. 
Аталмыш шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова қатысып, халықаралық конференция бағыты бойынша «Білім беру жүйесін жаңғырту – дәуір талабы және адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты», ал республикалық конференция бағыты бойынша «Ұлттық тәрбие: адамгершілік және рухани қасиеттер» атты тақырыптарда баяндама жасады.  Нәтижесінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ж.Жылбаев аға оқытушы Гүлжазира Құдайбергенқызының конференция жұмысына қатысқанын және дүниежүзілік қауымдастыққа кірігу контексінде білім жүйесін дамытудың тұжырымдамалық идеяларын зерттеп жетілдіруге елеулі үлес қосқанын растайтын ризашылық сертификаты мен Елбасының «Еркін елдің ертеңі» атты кітабын сыйға тартты.
Ал, ақпараттық кеңістіктегі тәжірибелер мен ынтымақтастықты өзара жандандыру мақсатында Ресейдің «РИА Новости” халықаралық ақпарат агенттігінің ұйымдастыруымен Екатеринбург қаласында ТМД елдері жас журналистеріне арналған халықаралық жиынға біздің еліміздің атынан барған Гүлжазира Ертасова егеменді еліміздің рәміздері, елордамыз, еңселі Еуразия ұлттық университеті жайлы баяндап, дайындаған слайд-шоу көріністерін көпшілік назарына ұсынды. Форум барысында ол осындай игі шараны ұйымдастырып, журналистердің басын қосып, керемет іс-тәжірибесімен бөліскен «РИА-новости» ақпарат агенттігінің өкілдері мен Урал мемлекеттік экономикалық университеті ұжымына ЕҰУ атынан зор алғысын білдіріп, Қазақстан елінен ала барған ұлттық нақыштағы арнайы кәде-сыйларын табыс етті. Тоғыз мемлекет қатысқан ауқымды форум нәтижесінде шараны ұйымдастырушы Ресейдің «РИА Новости” халықаралық ақпарат агенттігі тарапынан Гүлжазира Ертасоваға халықаралық деңгейдегі сертификаты берілді.
Баян ҮСЕЙІНОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз