ЖАС ҰРПАҚҚА ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫН ҚАЛАЙ ТАНЫТАМЫЗ?

61

0

Тәуелсіздік туралы жас ұрпақтың пайым-түсінігі ұстаздар берген тәлім арқылы қалыптасады. Азаттықтың ақ таңы атқан 22 жыл ішінде білім саласының бағыты өз еліміздің тарихын тануға, тағылымын ұғуға қарай бет бұрды. Біз ұлы мереке қарсаңында ұрпақ тәрбиесінің негізгі  буыны – балабақша мен мектеп тәлімгерлеріне хабарласып,  «Жас ұрпаққа тәуелсіздік тағылымын танытуда қандай шаралар атқарылуы тиіс?” деген сауалды қойған едік.
Гүлбану Досжанова, №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейдің мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: – «Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей” деген сөз бар. Бірақ жеткіншектерге тәуелсіздік туралы түсіндіру, олардың бойында азат елінің әрбір жетістігін мақтаныш ету сезімін қалыптастыру оңай емес. Сондықтан балаларға өткен әр жаңа сабақты тәуелсіз еліміздің тарихымен және бүгінімен байланыстырамыз. 
Сабаққа жиналған 5-6 жасар балалар ең алдымен  жүрек тұсына қолдарын қойып, Әнұранды шырқайды. Бірі озып, екіншісі қалып қойып шулап жатса да, олардың Әнұранға деген ықыластары ерекше. Соны көріп қуанамыз. Олар Елбасы, Астана, Бәйтерек, туған жер туралы сұрақтарға мүдірмей жауап береді. 
Меніңше, жас сана жаңалықтың қай-қайсысын да сіңіріп алатындықтан, балаларға тәуелсіздік туралы сабақтар жас жеткіншектерді жалықтырмайтындай әртүрлі форматта жиі өткізіліп тұруы керек. Бірде ойын сабақ, енді бірде сұрақ-жауап түрінде, тағы бір жолы ата-аналарын қатыстыра отырып сайыс түрінде ұйымдастырудың берері мол. Қазіргі жаңа технологияның шексіз мүмкіндіктерін пайдаланып, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерін, Астананың әлем таныған келбетін балаларға лайықтап көрсеткен сайын олардың ой-өрісі дамиды. Мақтаныш сезімі ұлғая түседі. 
Көшербай Мұстақұл, №15 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: – Бала бойына патриоттық тәрбие сіңіруде ең алдымен туған жерді қадірлеуді үйретудің маңызы ерекше деп ойлаймын. Жақында біздің мектеп-лицейдің 50 оқушысын ежелгі Сығанақ қаласының орнына саяхатқа апардық. Мектеп-лицей директоры Марат Төкенов «Өлкетану” пәнінің оқу  бағдарламасына сәйкес осы сапардың оқушыларға берері мол болатынын айтып, ұйымдастыруға мән берді. Саяхатқа кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Бекзат Ырза, облыстық тарихи өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Асхат Сайлау балалармен бірге барды.  Облыстық ішкі істер департаментінің 2 көлігі балалардың тарихи орынға барудағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 
Бір айта кетерлігі, №15 мектеп-лицей оқушыларға туған өлкені таныту үшін осындай бастама көтеріп отыр. Шәкірттеріміз Сығанақтың қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болғанын, қазақ тарихының түп-тамырын іздеген адам осы жерді айналып өтпейтінін түсінді. Сырдың бойында қазақтың 4 ежелгі астанасы орналасқанын, туған жердің төсі шежіреге тұнып тұрғанын саяхат барысында ұғына түсті.
Бұл сапарда балалар Сығанақтың  Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылғанын, сауда және қолөнер орталығы болғанынан мәліметтер алды. Бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырағандықтан қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатқан. Қаланың қазіргі орны бірнеше гектар  жерді алып жатыр. Саяхаттан кейінгі сабақта шәкірттеріміз құм қойнауында жатқан тарихты зерделеу өздеріне жүктелген міндет екенін айтты. Біздің де көздегеніміз осы, яғни жас ұрпақтың тарихына, туған өлкесіне деген танымын ұлғайту болатын.           
Сауалнаманы жүргізген Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз