ЖАСАМПАЗ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ БАСТАМАЛАР

114

0

ЖАСАМПАЗ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ БАСТАМАЛАРСәлемдесуді «мал-жаның аман
ба?» деп бастайтын қазекеңе төрт түліктің орны ерекше. Әсіресе, Қамбар ата
тұқымының маңызы зор. Халқымыздың тұлпарды ер қанатына балайтыны да сондықтан.
Міне, Жылқы жылы да аяқталып қалды. Өткен күндерге көз жүгіртсек, жыл көлемінде
атқарылған істердің ауқымдылығын аңғарамыз. Ендеше бірге шолу жасайық, құрметті
оқырман.

Балығы
тайдай тулаған теңізімен, астың дәмін кіргізер тұзымен шартарапқа танылған
Аралдың түтіні соңғы жылдары түзу ұша бастады. Шалқар айдын кемеріне келісімен
теңіз жағалауының тіршілігіне нәр, тамырына қан жүгірді. Ата-баба кәсібі қайта
жанданды. Аңқасы кепкен теңізді сақтап қалуды стратегиялық мақсат қатарына
қойған Елбасының бастамасымен ауданда ауқымды шаралар қолға алынуда. Солардың
қатарындағы «Жезқазған-Бейнеу» теміржол жобасының жұртшылыққа тигізген септігі
ұшан-теңіз. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы
– 2020» бағдарламасымен қолға алынған теміржол құрылысы қабырғалы қауымның
нәпақасына айналды. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі. Барлық аймақтар
теміржолмен, әуе жолымен тығыз байланысуы керек. Алысты жақын ету – Жолдаудың
басты түйіні» деген Елбасы Жолдауының басым бағыты.

Алып
теміржол құрылысы басталар кезеңде Президентіміздің «Бұл еліміздегі ең ірі
жобалардың бірі. Дүниежүзінде мың шақырымнан асатын теміржол құрылысын салып
жатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Жоба барысында мыңдаған адам жұмысқа орналасады.
Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту» деген сөзінің
шындыққа өзек болғанын өмірдің өзі дәледеді.

ЖАСАМПАЗ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ БАСТАМАЛАР«Мекемедегі
жұмысшы-қызметкерлердің басым бөлігі Сексеуілдің тұрғындарынан жасақталған.
Құрылысқа қажетті техникалардың бәрі сақадай сай. Бүгінгі таңда әлденеше
мердігер мекемелер бар. Келер жылы Абай елді мекенінен балабақша, бірсыпыра
тұрғын үйлер бой көтереді» дейді құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген
азаматтар.

Кезінде
қатардағы көп теміржол стансасының бірі болған Сексеуілде бүгінде соны серпін
бар. Бұған өзіміз көрген жайттар куә болады. Осындағы
«Альмира» сауықтыру кешені талапқа сай бой көтеруде. Еңселі нысан алыстан көз
тартады. Ғимаратты салуды жеке кәсіпкер қолға алыпты. Елбасымыздың бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына
үн қосқан азаматқа бәрекелді дестік. Мұнда барынша жағдай жасалынған. Бильярд ойыны өзге де жаттығулар жасауға
мүмкіншілік мол. Екінші қабатта жуынатын бөлме, монша қызмет жасауда.

Аудан әкімі
Абзал Мұхимов жуырда Сексеуіл
кентіндегі мал сою пунктінің жұмысымен
таныс­ты. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау жайлы тапсырмасы ауданда
белсенді орындалуда. Нақты кезеңде әлденеше адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Сойылған малдың етін тексеретін
арнайы лабораториялық бөлмемен жабдықталған нысанның ашылу салтанатында тыл
ардагері Жанғана Тілесов игі іске ұйытқы болған ел ағаларына ризашылығын
білдірді.

Арал
ауданындағы Жылқы жылындағы жаңалықтар мұнымен шектелген жоқ. Сәл уақыт
бұрын ауданда бірқатар нысандар ел
игілігіне берілді. Бұл шара теңіз перзенттеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қаланың сәулетті жеріне қаз-қатар қоныстанған арендалық үйлер алыстан көз
тартады. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, Арал
ауданының әкімі Абзал Мұхимов, өзге де ел ағаларының қатысуы шараның маңызын
биіктете түсті. «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасымен салынған үйлер өз
иелерін тапты. Халқымызда «Үйің болмай күйің болмас, күйің болмай сыйың болмас»
деген даналық сөз бар. Коммуналдық меншіктегі осынау тұрғын үйлер респбликалық,
облыстық, аудандық бюджет есебінен бой көтеріпті. Мердігерлері «Жасекенов С», «Байгараев К» компаниялары
саналатын құрылыс нысандарының сапасы бөтен емес. Сондай-ақ, қала орталығынан
ашылған «Сартай» балабақшасы да көпшіліктің көңілінен шығуда. Мұндағы оқыту,
тәрбие жұмыстары қазақ, орыс тілдерінде өтеді. Он екі топқа арналған
бүлдіршіндер ордасында кабинеттер, ойын-сауық отауы, денешынықтыру залы
қарастырылған. Ұлтымыздың «Бала ойынмен шынығады» деген нақылы осы балабақшадан
көрініс тапқандай.

Мұндай қуаныштан шалғай ауылдың тұрғын­дары
да қалыс қалмады. Бөген ауылдық округінде жаңа мектеп ғимаратының іске қосылуы
соның айғағы. Бұрынғы мектеп үйінің тозығы жеткендігі талай мәрте көтерілген
еді. Ал талапқа сай салынған нысанда бүлдіршіндердің жоғары деңгейде білім
алуына мейлінше жағдай жасалынған. Акт залы, спорт залы, оқу кабинеттері,
асханасы бар. Спорт алаңы заманауи үлгіде жабдықталса, информатика кабинеті
«Pentium 4» маркалы компьютерлермен, мультимедия кабинеттерімен, химия-билогия
зертханасымен, АӘД кабинеті қару-жарақ бөлмесімен, кітапхана оқу залымен
қамтылған.

ЖАСАМПАЗ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ БАСТАМАЛАРМұнан біршама уақыт бұрын Арал қаласында
ауыз судың жайы өте күрделі болатын. Су құбырлары ескірген әрі толықтай
қамтылмаған еді. Сервистік желі мүлде кездеспейтін. Тұрғындар көшедегі қоғамдық
колонкаларды пайдаланып келді. Сапасы төмен су адам ағзасына айтарлықтай әсер
ететіні белгілі. Сол тұста түрлі жұқпалы кеселдердің көбейгені осыған
байланысты болса керек.

Елбасымыздың тікелей жанашырлығымен
қолға алынған игілікті іс бұл тығырықтан да шығарды. «Кувейт» қоры арқылы
Аралда қарқынды жұмыстар жүзеге асты. Қаладағы барша су құбырлары жаңартылды.
Үйлерге тартылды. Сервистік желіге қосылды. Су есептегіштері орнатылды. Енді
Аралдағы ауызсу төңірегінде ешқандай мәселе жоқ. Су сапасы жоғары деңгейде.
«Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры тіршілік нәрін үзіліссіз таратуда. Ең
қуаныштысы, соңғы жылдары жұқпалы кеселдер тіркелмепті. Қаладағы үйлер жүз
пайыз сервистік желімен қамтылған. Әрбір текше метр суға жеке иеліктер небәрі
40 теңге төлейді. «Қалған шығын мемлекет есебінен” дейді өзіміз тілдескен
азаматтар.

Арал қаласындағы «Ranar vip PRODUKT» ЖШС
бастамасымен қайта жаңғыртылып жатқан ұн тарту комбинатының аяқ алысы жұртшылықтың көңіліне үміт отын жақты.
Кәсіпорынға Түрік мемлекетінен әкелінген қазіргі заманғы құрал-жабдықтар
қойылған. Іске қосылған уақытта айына 4500 тонна бидай өңдеп, 3300 тонна ұн,
жем шығаруға мүмкіндігі бар. Толық пайдалануға берілгенде 70 жаңа жұмыс орны
ашылатын болады. 3,5 гектар аумақтағы
аула, теміржол тұйығымен қамтылған. Халықты ас атасы – нанмен қамту басты
мәселе екендігі әмбеге аян. Ендеше осынау игі істің келешегі зор болатынына
сенім мол

Қамбаштағы балаларды сауықтыру және қосымша білім беру
орталығы жанындағы кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету орталығы да
тартымдылығымен ерекшеленеді. «Алтын Арал балаларды сауықтыру және қосымша
білім беру орталығы» МКК мектептен тыс қосымша білім беруді жүзеге асыратын
ұжым болып табылады. Мектеп жасындағы білім алушылар, тәрбиеленушілерге жыл
бойы қызмет көрсетеді. Мұнда тынығу, оқу, сауықтыру, спорттық, мәдени- көпшілік
шаралар өткізіліп тұрады. Мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын
нығайту, шығармашылық еңбегін, қабілеттерін іске асыру үшін қажетті
жағдайлармен қамтамасыз ету. Олардың жан-жақты ынта-ықыласын, білім қабілетін
дамыту, еңбек дағдысын сіңіру, суда жүзе білуге үйрету де басты назарда
ұсталады. Орталық жазғы демалыс кезінде
600 баланы қабылдайды. Бұл егеменді елімізде болашағымыз – өскелең ұрпақ үшін
барынша жағдай жасалатындығының нақты дәлелі.

Ауылдың көркеюі – мемлекеттің нығаюы.
Бұл тұрғыда Арал ауданында оң өзгерістер орын алуда. Ауыл шаруашылығы
кұрылымдары негізінен мал өсірумен шұғылданады. Сала бойынша өндірілетін өнім
көлемі еселенуде. Асыл тұқымды мал өсіру назардан қалыс қалмайды. «Құланды» ЖШС
асыл тұқымды Мұғалжар жылқысы мен қазақтың айыр өркешті түйесін өсірсе,
«Көктем», «Байдаулет», «Бек» шаруа қожалықтары да Қамбар ата түлігін өсіруді
қолға алған. «Берекет», «Ықылас», «Несібе» шаруа қожалықтары қазақтың ақ бас
сиырын күтіп- бағуда. «Сыбағаның» сыйын татып отырғандар да аз емес. Бағдарлама
аясында әлденеше шаруа қожалығы,
серіктестіктер қомақты несие иеленді. Алған қаржыны тиімді жұмсау да ұқыптылық. Несиеге асыл тұқымды
бұқа, аналық сиырлар сатып алынған. Қуаныштысы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша
сатып алынуға тиісті мүйізді ірі қараның межесі жоспардан артық орындалыпты.
Басым бөлігі аудан көлеміндегі асыл тұқымды шаруашылықтардан, қалғандары
Қостанай, Оралдан сатып әкелінген. Мал тұқымын түрлендіру бойынша атқарылған
шаралар ілкімді. Нәтижесі де жоғары. Яғни, облыс көлеміндегі аудандар ішінде
алдынғы қатарда. Мемлекеттен берілетін субсидия­лар төленуде.

Мал басын бірдейлендіру – замана талабы. Бұл үшін
аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ақпараттар компьютерлік дерек қорға енгізілді.
Ветеринария саласы да назардан
қалыс қалмаған. Аса қауіпті және
энзоотиялық аурулардың алдын
алу шараларына да қазынадан ақша
қаралған. Ауданда бұрыннан бар
мал қорымдарының қатары Арал қаласы мен Тоқабай елді
мекенінен салынған мал
қорымдарымен толықты. Қоғамның басты байлығы адам. Адамның қауіпсіздігін
сақтау қашанда ұмыт қалмақ емес. Осы тұрғыда қаңғыбас ит-мысықтарды жою жұмыстары өз нәтижесін беруде.

ЖАСАМПАЗ ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ БАСТАМАЛАР– Ауданға тартылған
инвестицияның басым бөлігін
құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын
реттеу және Арал
теңізінің солтүстік бөлігін
сақтау» жобасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік
көлік дәлізінің құрылысы, «Бозой-Шымкент» газ құбырын тарту жұмыстары, «Жезғазған-Сексеуіл» темір жолының, оның
бойындағы инфрақұрылымның
құрылысы жалғасын табуда. Сонымен
қатар тірек елді мекендерді
дамыту шаралары аясында Сексеуіл,
Шижаға, Қамыстыбас елді
мекендерінде ауқымды шаралар бастау
алуда. Жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен іске
асырылатын болады, – дейді аудан
әкімі Абзал Мұхимов.

Аралда ата-баба кәсібі қайта жанданды.
Кезінде балық шаруашылығы аудан экономикасының негізгі
тірегі болғаны белгілі. «Ғасыр
жобасының» жүзеге асуымен өңір танымастай түледі. Импорт алмастыратын әрі бәсекеге
лайық өнімдерін өндіруге батыл ену мақсатында
«Балық консорциумы» құрылды. Қазіргі таңда кәсіпорындарда балық
өнімдерін өңдеу салыстырмалы түрде артты. Жылдық балық аулау
лимиті де өсті.

Арал өңірінде мәдени-көпшілік шаралардың
жоғары деңгейде өткізілуіне баса мән беріледі. Тәуелсіздік мерекесі де ауданда
кең көлемде аталып өтілді. «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты салтанатты
кеште бір топ азаматтарға «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл
«Еңбек ер атандырады» деген ұлағатты сөздің шынайы қалпын паш еткендей.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз