ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

107

0

Елбасы
өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында толысқандықтың
жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса біліп, барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіс екенімізді, бірлігіміз бен этносаралық келісімді
өзіміз сақтауымыз қажеттігін баса айтты. Ол «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып
келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында
барлық есіктер мен жолдарды ашты!” деп атап көрсете келіп, жастардың
күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы екенін нақтылаған. Ел Президенті
жастарға үміт артып, олардың елді бұрынғыдан да зор биіктерге жетелейтініне
сенім білдіреді. Міне, ертеңгі ел
экономикасын еселейтін маман
бүгінгі мектеп оқушысы саналады. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру
– мұғалім қауымының басты міндеті. Осы
орайда қаладағы «Мұрагер” мектебі жайында айтпай кетуге болмайды.

 

Алғашқы іргетасы сонау 1919 жылы қа­ланған мектеп
тура жарты ғасырдан кей­ін ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын бі­лім ордасы
болса, 2007 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің ар­найы бұйрығымен
үш тілде тереңдетіліп оқы­тылатын дарынды балаларға арналған арнаулы сыныптары
бар «Мұрагер” мектебі болып өзгертілді. Екі ауысымда оқитын мектепте 1612 оқушы
56 сыныпқа топтасқан.

– Мектеп өз жұмысын білім ордасының жылдық
жоспарына, мектептің даму бағ­дар­ламасына сәйкес жүргізеді,– деді мек­теп
директоры, «Шапағат” медалі мен «Ы.Алтынсарин” төсбелгісінің иегері Зәу­ре
Баймағанбетова.– Мектебіміз қала мектеп­терінің алдыңғы қатарынан көрініп,
білім додасы көшбасшыларының бірі болып келеді. 1995 жылдан бері мектептің 63
түлегі Халықаралық білім Кеңесінің FLEX-ACCELS бағдарламасының жеңімпазы бо­лып
табылды. Олар АҚШ-та тегін білім алу­да. Биылдың өзінде тағы 5 түлек
алыстағы Аме­рикада білімдерін жалғастыруға мүм­кін­дік алды. Сонымен қатар
Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ Ұлттық университетінің ұй­ым­дастырумен өткен пәндік
олимпиадаға 3 оқушы қатысып, 11 сынып оқушысы Ақмарал Әлиасқарова 50 пайыз
жеңілдікке ие болды. Қаз ЗГУ-дың ұйымдастыруымен өткен пәндік олимпиадаға
қатысқан 11 сынып оқушылары Нұрбике Қаратай мен Төлеген Айбек білім грантына иеленді. Тағы бір айта
кетерлігі, Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің
ұйымдастыруымен өткен емтиханға мектептен 60 оқушы қаты­сып, оның 16-сы білім
грантын жеңіп алды.

Үш тілде оқытатын,
республикалық таң­даулы 100 мектеп қатарындағы «Мұра­гер” мектебінде 150
мұғалім жұмыс істей­ді. Олардың 28-і – жоғары санатты, 33-і – І санатты, 23-і
ІІ санатты мұғалімдер қатарын­да. Гүлбану Аяпова мен Людмила Егай «Қа­зақ­стан Республикасының білім ісінің
үздігі” атағына ие болса, ұжымның 6 ұстазы
облыс әкімінің әр жылдағы грантының иегері та­нылды. Демек, ұстазы
ізденімпаз болса, шә­кіртінің алғыр болатыны
анық болғаны ғой.

ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН«Тұлпар дүлдүлдігімен,
адам білгірлігі­мен озады” дегендей, мектеп ұжымы жыл сайынғы білім додасында
шашасына шаң жұқтырмайды десе болғандай. Мәселен, мектептің әр жылдары иеленген
атағының өзі көп жайтты ұқтырғандай. «Жылдың үздік инновациялық мектебі”,
«Білім бәйтерегі”, «Үздік білім ордасы”,
«Ұстаз ұлағаты”, т.б. атақтар «Мұрагер” мектебінің өресі мен шық­қан
биігін аңдатқандай. 2009 жылдан бастап «Қазақстанның үздік жүз мектебі” қатарынан берік орын алған мектеп түлектері
соңғы жылдары қала бойынша ҰБТ-дан
жоғары көрсеткішке ие. Биылдың өзінде мек­­теп бітірген 73 түлектің 7-і
«Алтын бел­гі” иеленсе, 2-і «Үздік аттестат” иегері та­нылды. 45 түлек грант
иегері атанса, 25 тү­лек ҚР-ның жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын, 16-сы, жоғарыда ай­тып
өткеніміздей, Мәскеудегі Ұлттық тех­но­логиялық зерттеу университетінің гран­тын егеленді. Сонымен қатар мектеп тү­лек­тері
шет елде алған білімдерін сәтті жалғастыруда. Олардың 14-і Қазақстанның менеджмент және экономика институтының студенті болса, 4-і
«ПетроҚазақстан Кұм­көл Ресорсиз» мұнай компаниясының сти­пендиаты атанды.

Өзі дарынды балаларға
арналған соң онда оқитындардың дені өзінің үздік оқуымен, білімділігімен көзге түсетіні анық. Биылғы жылдың өзінде
ғана мектеп оқушылары Анталияда өткен халықаралық олимпиададан 8 күміс, 8 қола
медальмен оралды. Осы жылы мектеп жалпы білім беретін пәндерден өткен
республикалық олимпиадалардың кезеңдерінде
жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мектеп оқушы­лары республикалық
олимпиаданың қалалық кезеңінде – 36, облыстық кезеңінде 9 жүлделі орынды
иеленді. Соның нәтижесінде рес­пуб­ликалық
олимпиадада 3 оқушы жеңімпаз атанды. 11 сынып оқушысы Елжан Жүніс география
пәнінен қола медаль мен ІІІ дәрежелі дипломмен, 11 сынып оқушысы Данагүл
Өсерхан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қола медаль мен Ш дәрежелі дипломмен
марапатталса, 11 сынып оқушы­сы Дмитрий Мян Ресей мемлекетінің Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік
техникалық университетінің және Назарбаев университетінің білім гранттарына ие
болды. Республикалық ғылыми
жарыстардың облыс­тық кезеңіне 7 оқушы
қатысып, оның 5-і жүлделі орынға ие болды. Олардың арасында Исламбек
Мақышев пен Дана Жәкен бірінші орынға көтерілсе, Ажар Арыстан екінші, Татьяна Багрова
мен Әйге­рім Темірболат үшінші орынды иеленді. Тағы бір атап айтарлығы, арнаулы
мектеп жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша қала бойынша
жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мәселен, 2011 жылы орташа балл 107,4
болса, өткен жылы 98,3, ал биыл 97,6 болды. Бұл қала мектептері арасындағы үздік көрсеткіш саналады.

«Біліммен қаруланған адам – жеңімпаз адам” деген дана
халық. Жыл сайын қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысатын 50 мектеп арасында
өз білімдерінің мықтылығын әркез дәлелдеп тұрған, шәкірттері респуб­ликалық,
халықаралық сайыстардан жүлде­сіз оралмайтын «Мұрагер” мектебі мен оның
ұжымының ел болашағын тәрбиелеуде ерен еңбек етіп жатқаны аян. Білімі мен
білігі, сауаты мен санасы биіктен табылған
елдің өрісі кең, өркені мықты болатынын ескерсек, өркениетке ұмтылған
еліміздің болашағы осындай ұжымдарда тәрбиеленген ұландардың ел ертеңін жарқын етері, туған жер даңқын
алысқа жеткізері айқын. Олай болса, бүгінгі шәкірттерінің бойына шынайы адами құндылықтарды сіңіріп, әр тұлғаның
ар, ұят, намыс негіздерін өмір бойы сақтауына негіз қалаған, оқушы зердесінің,
білім алуға деген талпынысының дамуына, өзінің отбасына, отанына тек мектеп
қабырғасында ғана емес, бүкіл өмір бойы пайдалы болуға ұмтылысын қалыптастыруға
күш салатын мектеп ұжымына сәттілік тілейік.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз