ЖАСТАРДЫ ЖАТТЫҒУҒА БЕЙІМДЕЙІК

49

0

Қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған әлеуметтік-экономикалық маңызы зор мәселенің бірі – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ал ол үшін негізгі қағида – ешбір науқасқа шалдықпай, аурудың алдын алу, денсаулықты нығайту, тұрақты түрде дене тәрбиесі жаттығуларымен шұғылдану. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 37-бабында «Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үрдісі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын ескере отырып, жүзеге асырылады. Білім беру  ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ауруына жол бермеу, денсаулығын нығайту, дене бітімін жетілдіру, салауатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі» деп атап көрсетілген. Осыған сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық», «Дене тәрбиесі», «Экология», «Валеология» кафедралары пәндік оқытушылары студенттер санасына салауатты өмір салты қағидаларын сіңіре отырып, оларды болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу бағытында спорттық-сауықтыру және көпшілік-спорттық шараларды оңтайлы жолға қойған.  Студенттердің денсаулықтарын  нығайту мен сақтауды, салауаттылықты насихаттауда спорттық үйірме жұмыстары (спорттың 18 түрінен), оқу топтары арасында волейболдан, баскетболдан, тоғызқұмалақтан жарыстар жүргізіледі. Спорт түрлерінен бірінші курстар үшін жарыстар, оқытушы-профессор және қызметкерлер арасындағы спартакиадалар ұйымдастырылады. 
Дене тәрбиесі жаттығуларының адам ағзасына тигізетін пайдасы, салауатты өмір салтын насихаттау туралы – темекінің, ішім¬діктің, есірткінің зияны туралы баяндамалар, дәрістер, әңгімелер жүргізіліп отырады.
Бұқаралық спортты дамыту үшін кешендер алаңдар, спорт залға қолжетімділікті арт¬тырғанымыз абзал. Оған қалаған уақы¬тында кіруіне мүмкіндік жасалуы керек. Тұрғындардың көпшілігі жақын жерде кешендер жоқ болғандықтан, спортпен айналысып, шұғылдануына мүмкіндік болмайды. Егер әрбір бос алаңқайда  спорттық алаңдар болса, баскетбол шиттері орнатылып, волейбол торы құрылып тұрса, әрбір тұрғын онда үнемі барып спортпен шұғылдана алады. Қазір кез-келген санаулы алаңдар бос болмайды. Спортзалдарға тегін кіре алмайды. Өзі қалған спорт түрлерімен айналысуға еш мүмкіндік жоқ. Мысалы,  мекеме жұмысшылары облыстық жарыстар кезінде ғана  спортзалдарды жалға алып қана жаттығу жасайды. Күнделікті өмір дағдысына айналдыру үшін әрбір адам таза ауада ертеңгілік және кешкілік жүгіруді әдетке айналдырғаны артық емес. Қызылордалықтар қысқы спорт түрлерінен кенже қалып келді. Облыста шаңғы  тебуден база жоқ. Балалар  шаңғыны қалай пайдалануды білмейді. Мұз айдыны кеше ғана ашылды. Әрбір өркениеті дамыған елдерде халықтың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан «Мәңгілік ел» болуы үшін ұлт саулығы бірінші орында тұруы керек. 
Сондықтан баланы кішкентай кезінен спорттың белгілі бір түріне бейімдеу, жетіл¬ді¬ру қажет. Оған жақсы жабдықталған спортзалдар мен алаңдары қажет етіледі. Жақсы жаттықтырушылар болса тіпті ғанибет. Сон¬дықтан әрбір мектепте спорт үйірмелері жұмыс істесе деймін. Қазір қазақ жастары майдаланып, физикалық тұрғыда әлсіз боп барады. Облыста баскетбол спорт түріне мән берілмейді. Негізінен баскетбол жастардың – жақсы жетілуіне, дұрыс өсуіне көп септігін тигізеді. Секіру, жүгіру, үнемі қозғалыс, адам ағзасының қан айналымының бұлшық ет қозғалысының қызметін реттейді. Дүниежүзі елдері ойнайтын спорт түрімен біз де көбірек айналысуымыз қажет.
Ұлттық ғылыми-практикалық дене шы¬нықтыру орталығы жоғары оқу орындары арасындағы ұйымдастырылып, өткізілетін уни¬версиада жарыстары екі жылда бір рет емес, жыл сайын өткізілсе және универсиададан басқа тағы да жарыстар ұйым¬дастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, ол оқу үдерісіне кедергі келтірмейтін болуы қажет. 
Нақты іске көшетін уақыт келді. Себебі, Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей, халқымыздың орташа өмір сүру деңгейін 80 жасқа жеткізу межесін қойды. Оны тікелей спорт және медицина саласы мамандарына ті¬келей берілген тапсырма деп білу қажет. Қа¬зақ елінің әр перзенті өз елінің спортын дамытуға атсалысса екен деймін. 
Оспан БОҚАЕВ, 
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз