ЖАҚСЫ СӨЗ ЖАНҒА ДАУА

81

0

Біздің елімізде медицина саласында көптеген шаралар жүзеге асуда. Бұл ретте «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы көпшіліктің көкейінен табылуда. 
Денсаулық сақтауда насихат жұмыстарының ықпалы өте зор. Алысқа бармай-ақ қарапайым көше тазалығын сақтаудың өзіне үгіт керек десек, жаңылмаймыз. Осы орайда БАҚ-тың қосар үлесін бөлек атаған ләзім. Мен облыс басылымдарының қарашаңырағы «Сыр бойының» тұрақты оқырманымын. Өңірімізде атқарылып жатқан толымды тірліктермен осы газет арқылы танысып отырамын. Шалғайдағы ағайынның ахуалын боямасыз жеткізетін басылым менің әріптестеріме де тым етене. Қазіргі таңдағы медицинаның жетістігі жоғары деңгейде. Салада сәт сайын алуан жаңалықтар болып жататыны баршаға мәлім. Кеңес одағы кезінде мүмкін еместей көрінген күрделі оталарды облыс орталығында жасау үйреншікті дағдыға айналды. Осы тұрғыда менің «Сыр бойына» айтар ұсынысым бар. Алдағы уақытта «Жан дауа» айдарымен ақ желеңділердің тыныс-тіршілігін, дәрігерлік ақыл-кеңестерді ауқымды түрде қамтыса жөн болар еді. Бұл қадам көпшілік қауыммен қатар қызметін жаңадан бастаған жас мамандарға үлкен көмек болары сөзсіз. Қаламдарыңызға ұшқырлық тілеймін, сұлу сөздің зергерлері!
Арғынбай Асанбаев,
Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, аудандық мәслихат депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз