ЖАҚСЫ ЖОБА – ЖАРТЫ ТАБЫС

34

0

Сейсенбі күні облыс әкімшілігінде облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер
кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Онда облыста басым бағыттағы инвестициялық
жобалар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын
міндеттер жайы ортаға салынды.

Кеңес жұмысын ашқан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының
басшысы Тельман Сүлейменов бұған дейінгі кеңесте қабылданған шешімдердің
орындалу барысы жөнінде қысқаша мәлімет беріп өтті. Атап айтқанда ,өткен
отырыста 11 инвестициялық жоба талқыға салынды. Соның ішінде «Шиелі тас”
ЖШС-ның «Силикат кірпішін шығаратын зауыт құрылысы” жобасы бойынша жер қойнауын
пайдалану құқығын беруді сұраған өтінішіне облыс әкімдігі жанындағы
республикалық және өңірлік Индустрияландыру карталарына енгізу үшін жобаларды
қарау жөніндегі эксперттік комиссия отырысында жоба сараптамадан өтіп, аймақтық
үйлестіру кеңесіне ұсынылған. Мұнан бөлек, «Best-сервис ЛТД” ЖШС «Етті
тереңдетіп қайта өңдеу кешені” жобасы бойынша қала әкімдігімен бірлескен жұмыс
жасалса, «Аквалайн” ЖШС-ның «Газдалған және газдалмаған сусын өндірісі зауыты”
жобасы бойынша екі жылдан бері қолы жетпей жүрген жер алуға арнайы шешім
шығарылған. Жалпы кеңесте мұнай саласы мен құрылыс материалдарын шығару және
туризмді дамыту бағытындағы маңызды деген жобаларды жүзеге асыру үшін бірқатар
істер оңды шешімін тапқан.

Кеңесте қаралған екінші мәселе бойынша облыста жүзеге асырылатын басым
бағыттағы инвестициялық жобалар туралы жоба бастамашыларының хабарламалары
тыңдалды. Айта кету керек, мұнда да он бір жоба бойынша атқарылып жатқан
жұмыстар сарапқа салынды. Соның бірі «Сыр маржаны” ЖШС 500 басқа арналған мал
бордақылау алаңын салу жобасын қолға алған. Бұл жобаның жалпы құны 235,4 млн.
теңге. Жоба толықтай іске асқанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар «Мағжан және К” ЖШС-ның құны 96,6 млн. теңгелік «Күріш зауытын
қайта жаңғырту” жобасы іске асқанда ол мезгілдік 300 адамды, тұрақты түрде
60-қа жуық адамды жұмыспен қамтиды. Бұл екі жоба да инфрақұрылымды, соның шінде
электр желісі мен су құбырын және жол салуды қажет етеді. Ал, жеке кәсіпкер
Жеңсікбаеваның күріш өндіру зауытына да жобаны инвестициялау мен «Бизнестің жол
картасы –2020” бағдарламасы шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін
субсидиялау және несие бойынша ішінара кепілдендіруге мемлекеттік қолдау қажет.
«Ақарыс” ЖШС-ның құны 551 млн. теңге болатын «Жеміс-жидек, көкөніс қоймасын
қайта жаңғырту” жобасы мен «Даму” ЖШС «Пеноблок өндіру зауыты” жобасына да
сондай қолдаулар керек. Сондай-ақ, «Global Energy Company” ЖШС-ның жасыл
технологияға негізделген технологиялық алқап және «Экосервис-К” ЖШС-ның жылына
16900 метр құбыр шығаратын жобаларына да субсидия мен инфрақұрылым жүргізу
қажет. Сонымен қатар кеңесте кірпіш және тротуар плиталарын өндіретін зауыт
құрылысы мен тәулігіне 80 тонна құрама жем шығаратын зауытқа және бекітетін
темір арқауын өндіруді ұйымдастыру жобаларын іске асыру үшін жер телімі
қажеттігі де айтылды. Сондай-ақ, «Жас ғасыр” ЖШС-ның Қоғалыкөл ауылында
туристік демалыс кешені жұмысын ұйымдастыруға гранттық қаржыландыру сұралып
отырғандығы да жеткізілді.

Кеңес жұмысын қорытқан басқарма басшысы облыстың
әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын маңызды жобаларға ешқандай кедергі
жасалмайтынын әрі осы отырыста айтылған бар ұсыныстарды шешу жолында мемлекет
тарапынан қолдаулар көрсетіле беретінін жеткізді. Ал оның нәтижелері алдағы
күндері өткізілетін отырыста қаралатын болады.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз