ЖАҚСЫҒА СЕРІК БОЛҒАН ЖАН

227

0

Қазақта «Құдай шебер» деген сөз бар. Осы бір ұғымның
арғы жағына тереңірек үңіліп, зерделеп, өмір толқындарымен салыстыра қарасаңыз,
Құдайдың шеберлігіне көзіңіз жетеді, оған тәубе етесіз. Шыр етіп өмірге келген
күннен бастап Жаратушымыз бір қалтаңызға өмір атты, екінші қалтаңызға өлім атты
ұғымды қыстырып жібереді. Өмір бар жерде, өлім бар екенін біліп, көріп,
мойындап тіршілік етіп, өлмейтіндей іс-әрекеттердің ортасында жүреміз. Осындай
өткінші өмірде, оны мәңгіліктей сезініп жүруіміз Құдайдың шеберлігі емей не ?
Ал өлімнің пенденің басына қашан келетінін де тек Алла біледі.

 

Жақында ғана аяулы аналардың қатары біреуге кеміді. 87-ге қараған шағында
Қазақтың Қалтайы аталған халық жазушысы, драматург Қалтай (Қалиолла)
Мұхамеджановтың жұбайы Мұхамеджанова Фарида Бекжанқызы ажал тырнағына ілініп,
дүниеден озды. Осы бір суық хабар тек қана Қалағаның жақын тумаларын ғана емес, бүкіл Сыр елін елең еткізді, облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы
Көшербаев орынбасары Ақмарал Әлназарованы жетекші етіп, арнайы делегация
жасақтап Алматыға аттандырды. Оның құрамында: Сыр елінің белгілі педагогы Әлима
Жақыпқызы, облыстың мәдениет басқармасының бастығы Ержан Ахметұлы, Қалағаның
інісі Сұлтан Маханбетов пен осы жолдардың
авторы болды.

Қалтай ағаның жанына жерленген Фарида Бекжанқызының бейітіне Сыр елі
халқының атынан топырақ салдық. Ақмарал
қарындасымыз Фарида жеңгейдің ұл-қыздарына өңір басшысының көңіл қошын
жеткізді.

Жерлеу рәсімінен кейін арнайы дастарқан жайылып, Фарида Бекжанқызының
рухына ас беріліп, құран бағышталды. Ас беру рәсімін белгілі қаламгер, аз
сөйлеп көп ой айтатын Смағұл Елубай ініміз жүргізді. Фарида жеңгеміздің інісі
Алпамыс Қаримжанұлы мен туған сіңлісі Алма Бекжанқызынан Қалағаңның немере
інісі Әбдібек Мұхамеджановтан кейінгі көңіл хош айту кезегі маған келді.
Жиналған жұртты Қалтай ағаның соқпақты өмір жолынан әлім келгенінше хабардар еттім. Мәскеудің театр өнері институтын
(ГИТИС) бітіргеннен кейін, Қалтай ағаны сондағы шетел әдебиеті кафедрасында
қызметке қалдырғанын, кейін Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың Қазақстанға
алдырғанын, осында балалар дәрігері Фарида Бекжанқызымен жұбайлық өмірін
бастағанын, оның Қалағаның табиғи талантының жанашыры, демеушісі, адал жары
болғанын, елдегі ағайын-туыстармен, жекжаттарымен, өмірінің соңғы сағаттарына
дейін қол үзбегендігін, қайғы қуаныштарына ортақ болғандығын айттым.

Асқа Қалағаң негізін қалаған қазіргі аты тек Қазақстан емес, алыс жақын
шетелдерге тарайтын Шамшаддин Паттев бастаған «Түркістан» газетінің ұжымы
түгелдей қатысты. Солардың атынан газеттің байырғы қызметкері, қаламгер,
Қалағаңның інісі, оның өмір жолының білгірі Көлбай Адырбеков көңіл-хошын
білдірді.

– Газеттің ашылуы өткен
ғасырдың 90-жылдарындағы қиын кезеңге тұстас келді. 3-4 ай айлықсыз жүретін
кезімізде Фарида апамыз бізбен бірге болды. Үйіне біздерді жиі қонаққа шақырып,
тойдырып, кей уақыттарда редакцияға тамақ жіберіп тұратын. Фарида апа
Қалағаңның тек рухани демеушісі ғана емес, шығармашылық көмекшісі, кеңесшісі
еді. Шыңғыс Айтматовпен жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасында басты
кейіпкерді таба алмай қиналғанда: – Қалеке-ау, несіне қиналасыздар. Өздеріңнің
мұғалімдерің Айша апайларыңды неге алмайсыңдар – деп ақыл қосқан осы Фарида
апай екен. Қалағаңның басқару шеберлігімен, әрбір газет қызметкерлеріне деген
ағалық қатынасын бетке ұстап, газеттің әлеуетін төмендеткен жоқпыз, қайта
оқырман көңілінен шығатындай мәселелер көтердік. Біразымыз Қалағаңның арқасында
пәтерлі болдық. Сол уақыттарда Фарида апай әр уақытта біздерге тілектес,
жанашыр болды. Апаның жаны жаннатта болсын, – деген тебіреніспен Көлбай ініміз
сөзін аяқтады.

– Мен Қызылордадан Алматыға Қалтай ағаның көмегімен келдім. Көп
жылдар ағамен «Түркістан» газетінде қызметтес болдым, – деп бастады сөзін
жерлесіміз Тынышбай Дайрабай.

Фарида апай үшін әрқайсымыздың
орнымыз бір төбе еді. Мен білетін Фарида апаның үш
арманы болды. Бірінші арманы Қызылордада Қалағаңның есімін иеленген бір
мектептің болуы. Бұл арманы орындалды. Қаладағы 1-май атындағы мектепке Қалтай
ағаның есімі берілді. Қазіргі оқу, тәрбие, шығармашылық жағынан облыстағы
алдыңғы қатардағы мектептер санатында. Екінші арманы облыс орталығынан
Қалағаңның ескерткішін көру болатын. Ол да орындалды. Бұрынғы облыс әкімдігі
ғимараты мен университет оқу ғимараты алдындағы Үш бәйтерекке (Ә.Тәжібаев,
Қ.Мұхамеджанов, З.Шүкіровтер) арналған ескерткіштің дәл ортасында Қалағаң тұр.
Үшінші арманы – Қалағаңның жұмыс кабинетін кітап, барлық жиһаздарымен
Қызылордаға жіберіп, кейінгі ұрпақтар үшін мұражай ашу. Қалағаңның кітаптары Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханаға
жөнелтілуге сақадай сай тұр. Осы жаңалықты естісімен, Сыр елін басқарып отырған
Қырымбек інісіне разылық танытып, дүниемен мәңгілікке қоштасып кете барыпты.
Демек, апа арманы түгел орындалды. Алдыңыз жарық болсын, Апа! – деген
тебіреніспен сөзін аяқтады Тынышбай құрдасым.

Фарида Бекжанқызын Кеңсайға Қалағаның қасына қойдық. Қазақтың біртуар
ұлы Бауыржан Момышұлы өнер қайраткерлері Кәукен Кенжетаев, Байғали Досымжанов,
Ермек Серкебаев, Еркеғали Рахмадиев, академик Зейнолла Қабдолов, Мемлекет
қайраткері М.Оспанов секілді қазақтың жақсылары мен жайсаңдары жатқан қатардан
мәңгілік орын тепті.

Топырағыңыз торқа
болсын, ақ жеңгем!

Қазыбай Құдайбергенов,

ҚМУ-дың профессоры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз