ЖАЗДЫ ЖАЙНАТҚАН ҚАМҚОРЛЫҚ

55

0

Мектеп оқушыларының жазғы
каникул күндерін көңілді әрі мазмұнды етіп өткізу сала мамандарының басты
міндеті болып табылады. Бұл – әуел бастан қалыптасқан үрдіс. Биылғы мау­сымда
облыс көлемінде 9 демалу-сауықтыру лагері жұмыс істеді. Олардың көпшілігі алдын
ала күрделі жөндеуден өткізіліп, жазғы маусымға әзір етілді.

Бірқатар ғимараттар балалар талғамына
сай әрленсе, көпшілігінің материалды-техникалық базасы жақсартылды, төсек-орындары жаңартылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала сыртындағы лагерьлерде тәжірибелі, жаңашыл ұстаздар
топтастырылып, балалардың денсаулығын жақсартуға көңіл бөлінді. Өткен жылдан
көп өзгерген демалыс орындарында биыл
7248 бала демалды. Сонымен қатар, 221 мектеп жанынан құрылған күндізгі
лагерьде дем алған 16521 бала ыстық тамақпен қамтылса, 219 мектеп жанындағы
лагерьдегі 18564 оқушы бір мезгіл қызықты ойын ойнап, танымдық іс-шараларға
тартылды. Әрине, Сыр өңірінің 1-10 сынып аралығындағы 118045 оқушысына бұл
шаралар аздық етері даусыз. Сондықтан
да көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі
шектеулі отбасы балаларын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды
республиканың өзге аймақтарындағы лагерьлерде демалдыру, еліміздің көрікті қалаларына саяхатқа жіберу, сауықтыру
орталықтарында тегін емдету жүзеге асырылды.
Мәселен, осы санаттағы 1000 бала
Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы «Горный” және Алматы
қаласындағы «Тау-Жаңашар” лагерьлерінде демалды. Ал 3700 бала жұмыс берушілердің есебінен облыстан тыс
орналасқан «Ақсу-Жабағылы”, «Бәйшешек”, «Ерке”, «Орбита”, «Дяченко”, «Машат”,
«Мадагаскар”, «Тау самалы”, «Лесная сказка” атты лагерьлерде тынықты. Жалпы балалардың демалуы­на бюджеттен тыс көздер арқылы 40 млн. теңге
бөлінді.

Соңғы жылдары үш ай мерзімде бірде-бір баланың қараусыз қалмауы мақсатында ауыл, қаладағы
клубтар мен мәдениет үйлерінде, кітапханалар мен әуез мектептерінде спорттық
және шығармашылық бағытта түрлі үйірмелер, аулалық клубтар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, жас­тар мен
жасөспірімдерді еңбекпен қамту бағытында
жасыл ел жасақтары, көркейту-көгалдандыру, құрылыс бригадалары
жасақталды.

Жұмыс берушілердің, өзге де
демеушілердің есебінен мектеп оқушылары
ірі қалаларға туристік саяхатқа шығып,
өлкедегі ескі қалалар мен мұражайларды, ескерткіштер мен тарихи орындарды,
өзге де көрнекі жерлерді аралады. Бұған
16252 бала қамтылды. Сондай-ақ аудан, қала әкімдерінің қолдауымен Астана
қаласының «Ақмола-Турист” туристік компаниясы арқылы 322 оқушы еліміздің бас
қаласын аралап қайтты. Сонымен қатар демеушілер мен ата-аналардың есебінен Сыр өңірі бас қаласының көрнекі жерлерін
тамашалауға, Қорқыт Ата ескерткішіне, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет
Яссауи кесенесіне барушылар қатары да
мол болды. Жазғы маусымда үздіксіз жұмыс істеген қаладағы №3 мектеп-лицей жанындағы
«Көгілдір желкен” аула клубында 300 бала өз уақытын тиімді өткізді. Қызылорда
қаласы мен қала аумағындағы елді мекендердегі, көпқабатты үйлер ауласындағы 177
спорт алаңы да балалардың сүйікті
мекеніне айналды.

Жазғы каникул күндері де білімге,
білмекке ұмтылған талапкерлердің талабы аяқсыз қалмады. Назарбаев зияткерлік
мектебінде 120 бала жаз бойы қосымша білім алды.

Жаз жайнатып, күн күлдірген қызықты
каникул күндері де аяқталып келеді. Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы
күндер қалды. Каникулды қызықты да мазмұнды өткізген балалардың бір-біріне айтары да, сабаққа
деген ынтасы да мол болғай.

Жұмагүл
ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз