ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ

70

0

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ

мемлекеттік
шығынды азайтуды көздейді

Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Осы өзекті
мәселенің қажеттілігін Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы –
2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында атап көрсеткен
болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қатысы
бар барлық компаниялардың қызметіне талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке
секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауын тапсырды. Үкімет наурыз
айының соңында «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді
жоспарды» бекітті. Ал енді осы жұмыс біздің облыста қалай жүргізілуде екен? Бұл
туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаевпен әңгімелескен болатынбыз.

– Талғат Өмірзақұлы, Үкімет белгілеген кешенді жоспарға сай аймақтарда
жекеше­лендірудің екінші толқынына кіретін нысандар мен ұйымдар айқындалып
бітуі тиіс. Бiздегi нысандар анықталып болды ма?

– Республика бойынша Жекешелен­дірудің екінші толқынының жүргізілуіне
орай, Қызылорда облыс әкімдігінің қаулы­сы­мен «Қызылорда облысы бойынша жеке­шелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар, жекешелендіруге ұсынылған коммуналдық
меншіктегі квазимемлекеттік сектордың
облыс бойынша 8 нысаны және «Байқоңыр
(Байконур) ҰҚ» ӘКК» акционерлік қоғамының 11 еншілес компаниясы анықталды. Атап
айтқанда:

1. «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» мемлекеттік коммуналдық
қазыналық кәсіпорны;

2. «Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта
даря­лау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы» мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

3. «Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының
«Нұрсәт» теннис орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

4. «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Қызылорда облыс­тық
салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық
кәсіпорны;

5. «Қызылорда облысының дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының
«Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру – дене шынықтыру клубы»
шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік комму­налдық кәсіпорны;

6. «Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көп салалы коммуналдық
мемлекеттік кәсіпорны»;

7. «Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

8. «Сырдария» балалар сауықтыру лагері» мемлекеттік коммуналдық қазына­лық
кәсіпорны.

Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен
ұлттық компаниялар нысандары жалпыға ортақ сатылымға түседі.

– Жалпы, бұл ауқымды шара нені көздейді, түпкі мақсаты қандай?

– Мемлекетіміз қарышты
даму үстін­де. Халықтың әл-ауқаты, рухани өмірдегі оңды өзгерістер барлығы да
заман туғызған талапқа сай жасалып, еліміздің алдыңғы саптан, яғни дамыған отыз
елдің қатарынан көрінуі үшін атқарылып жатқан алғышарттар деуге болады.
Жекешелендірудің мақсаты – мемлекеттің қатысуымен құрылған ұйым­дардың санын
азайту арқылы шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға
мүмкіндік беру. Бүгінгі күні елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен
көңіл бөлініп, кеңінен жол ашылып отыр. Сондықтан, берілген жағдайды ұтымды
пайдалану әр кәсіпкердің біліктілігі мен қабілетіне байланысты болмақ. Қазір
инновациялық жаңа жобаларға жол ашық. Кәсіп етемін, оны өрістетемін деген адамның барлығына да жағдай бар.
Мәселен, бізде де сатып алушының бұрынғыдай әкімдіктің табалдырығын тоздырмай
ғаламтор арқылы мемлекеттік мүлік реестрінің сайтын ашып, әрі қарай жұмысын
жүргізе беруіне болады. Бұл баяғыша адаммен бетпе-бет жұмыс жасап уақыт
жоймауға, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік туғызып отыр. Бұған қоса, бұл
әдіспен ешқандай заң бұзушылыққа, демек, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол
берілмейді. Мүлікті қалай сатып алуға болатындығы туралы нұсқаулық, жалпы
мәлімет осы сайтта толық көрсетіледі.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫЕлдегі жеке бизнестің дамуына серпін беру, экономикадағы мемлекет
үлесін дамыған елдер деңгейіне дейін азайту мақсатында бәсекелі ортаға
берілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің нақты тізімі жарияланды.
Үкімет бұл жекешелендіру аясында ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартып қана
қоймай, ел экономикасына жағымсыз әсер ететін факторларды жұмсарту мақсатында
мемлекеттік шығындарды азайтуды да көздеп отыр.

– Жағымсыз әсер ететін факторлар ретінде нені атаймыз?

– Мемлекет, жай тілмен айтқанда, ендігі жерде бюджет есебінен қаржыны
жұмсауды барынша тиімді етуді жоспарлауда. Қысқасы, біз нарық заңымен өмір
сүруге дағдылануымыз керек. Қараша айында оларды бәсекелестік ортаға беру
басталады. Сонымен квазимемлекеттік сектор дегеніміз не? Жалпы түсінік бойынша
ол мемлекеттің жеке секторға қатысты негізгі үлесі бар кәсіпорындар санатын
құрайды. Мұндай кәсіпорындар Қазақстанда баршылық. Алайда, олар қаншалықты
тиімді жұмыс істеп жатыр? Біз масылдық психологиядан толық арылып болдық па?
Елбасы алға қойған міндет бойынша бұл сауалдың жауабы қазір әрбір қазақстандық
үшін өзекті мәселе болып табылады.

Үкімет қабылдаған «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша
кешенді жоспар» ең алдымен жеке сектордың дамуына әсер ететін маңызды шарттың
бірі болатын. Ол экономикадағы мемлекеттің үле­сін азайтуға бағытталған. Кешенді жоспар бойынша, алдымен коммерциялық
кіріс тү­сіруге бейімделген мемлекеттік компания­лар жекешелендіріледі. Екінші
шара, стра­тегиялық маңызы жоқ бейінді активтерді жеке секторға өткізумен
қатар, холдингтер мен ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтер мен
нысандарды сату аяқталады. Содан кейін мемлекет иелігін тиімді құры­лым етіп
қайта жасақтау мақсатында қал­ған мемлекеттік активтерді қайта құру жү­зе­ге
асырылады. Қорытындысында мем­­­ле­­кет құзырына экономика саласында
стратегиялық маңызы бар активтер мен әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар
ғана қалады.

Жекешелендіруге жататын нысандар тізімі Қаржы министрлігіне қарасты
мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында және баспасөз беттерінде
жарияланды.

Квазимемлекеттік меншікті жекеше­лендіру ұлттық компанияларға артық
салмақ түсіріп отырған кейбір құрылымдарды оларға өз еншісін бере отырып қайта
құрудан басталады.

– Мемлекеттік активтерді сатып алуға әлеуеті жететін сатып алушы кім?

– Бұл сауалдың жауабы да көпшілікті мазалайтыны анық. Біздің
қаныққанымыз, олар – жекешелендіру аясында сатып алуға әлеуеті жеткілікті
отандық және шетелдік инвесторлар мен қарапайым тұлғалар болып табылады. Оны
қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін ешқандай билік орындарының табалдырығын
тоздырудың қажеті жоқ. Ең алдымен ғаламтордан мемлекеттік мүлік реестрінің
веб-порталын ашып, осында, яғни «www.gosreestr.kz» порталындағы ортақ
электронды сауда алаңындағы деректерге қанығуға болады. Мұнда ұлттық холдингтер
мен компаниялар өз нысандарын сатуды жүзеге асырады. Яғни, тендер мен
аукциондар электронды түрде өткізіледі. Бұл жоғарыда атап өткендей, адам
факторын барынша азайту әрі жемқорлықтан сақтану мақсатында жасалған шаралар
болып табылады. Сонымен Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны басталды.
Бұл шараға кімнің де болса қатысуға толық мүмкіндігі бар.

– Жекешелендірудің екінші толқынымен қатар мүлікті жария етуге
байланысты рақымшылық жасау да жүретін белгілі…

– 2014 жылдың 30 маусымында Қазақстан Республикасының «Қазақстан
Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында ықтияр
хаты бар тұлғалардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау
туралы» № 213-V Заңы қабылданды. Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылдың 1
қыркүйегінен 2015 жылдың 31 желтоқсаны аралығы деп белгіленген. Сонымен қатар,
Мемлекет Басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан бұл науқанға облыс
тұрғындарын кең көлемде тарту қажет.

Жалпы айтқанда, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық
капиталына қатысу үлесі, тиесілі емес заңды тұлғаға ресімделген құрылыстар,
Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан жылжымайтын мүлік, жер учаскелерінің мақсатты пайдалануына және
құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін ғимараттар жария етуге
жатады.

Ал жеке адамға қарсы, меншікке, конституциялық құрылыс негіздері мен
мемлекет қауіпсіздігіне, экологиялық, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар
нәтижесінде алынған мүлік жария етуге жатпайды. Сонымен қатар, сот
тәртібінде құқықтар дауланып жатқан
мүлік, несие ретінде алынған ақша жария етуге жатпайды. Ақшаны жария ету екінші
деңгейдегі банк, «Қазпошта» арқылы жүргізіледі. Жария етілетін ақша жинақ шотында күнтізбелік 60 ай жатқан кезде жария етуге жатады. Жария ету рәсімі осы акцияның барысында
алынатын мәліметтердің құпиялылығын сақтау болып табылады.

Қызылорда облысы бойынша мүлікті (ақшадан басқа) жария ету жергілікті
атқарушы органның (Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері) жанындағы
комиссияға жария ету субъектілерінің құжаттарды тапсыру арқылы өткізіледі.
Комиссия жергілікті атқарушы органдардың, салық органдарының, сәулет және қала
құрылысы органдарының, жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органының, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік
тіркеуді жүзеге асыратын органдардың және Қазақстан Республикасының өзге
мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдерінен қалыптастырылады.

Қазіргі таңда қабылданған Заңды орындау мақсатында аудандар мен мен
Қызылорда қаласы орталықтарында халық көп шоғыр­ланатын жерлерге мүлікті жария
ету науқа­нының өткізілуі жөнінде ақпараттық билбордтар орналастырылуда. Жалпы
айт­қанда, жария ету барысында «көлеңкелі» экономиканы қысқартуға, еліміздің экономикасына қосымша қаржы
қаражатын тартуға, ел экономикасына инвестицияны ұлғайтуға, төлем теңгерімін
тұрақтандыруға, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне көмектеседі.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз