ЖЕР ТЕЛІМІН МАҚСАТҚА САЙ ПАЙДАЛАН

52

0

 

«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық
коммуникациялар орта­лығында жер телімдерін сатып алу мен құрылыс жұмыстарына рұқсат
алудың тәртібі және жеке тұлға­лардың заңнаманы
бұзудағы жауапкершілігі туралы облыс әкім­шілігі құрылымдық бөлімдерінің басшылары
БАҚ өкілдеріне түсінік берді.

Брифингте облыстық мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Сәулет Ал­мағанбетов, облыстық
жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау
басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев және қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы
Жақсылық Ержанов өз салаларындағы атқарылған жұмыстар мен жіберілген олқылықтарға
тоқталды.

Үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде
облыс бойынша 44 нысан мен 16 балабақшаның
заңсыз салынғаны анықталды. Сонымен қатар жеке тұрғын үй орнына мейрамхана, сауда
үйін салған жағдайлар да кездесті. Ұзақ жылдар
бойы пайдаланылмай тұрған 172 жер учаскесі анықталып, оған тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы мақсатына алынған 26 жер көлемінің бос тұрғаны және өзге мақсатқа пайдаланғаны белгілі болды. Осыған орай тиісті тұлғаларға 75-700 айлық көрсеткіш
көлемінде айыппұл салынды. Тағы бір айта кетерлігі, саяжайлық жерлерде күрделі құрылыс
салуға болмайды жер телімі екінші бір тұлғаға сатылған кезде жергілікті әкімшіліктің
қаулысы мен сәйкестендіру қағазының болғаны жөн. Солай бола тұрғанымен, көп ретте құрылыс иесі
не сатып алған тұлға құжаттарын ғимаратты салып біткесін заңдастырады. Мұндайда
жер телімдерінің, көше аттарының, үй нөмірлерінің ауысып кетуі жиі кездеседі. Оны болдырмас үшін
жер иесі құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеменің рұқсатымен ғана құрылыс жұмысын
бастағаны дұрыс. Уақыт алғанымен, бәрі де заң талабына сай жүргізіледі.

Брифингке қатысқан құрылымдық
бөлім басшылары аймақта жеке және заңды тұлғалардың ҚР Жер заңнамасын, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды жүзеге асырып,
заңдардың бұзылуына жол бермеуі қажеттігіне баса назар аударды. Әрбір жер телімінің
сұрауы барына тоқталып, журналистердің сұрақтарына толыққанды жауап берді.

 

Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз