ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

159

0

Қазақ елін, Қазақстанды ауылсыз көзге елестету мүмкін емес. Сол ауылымыздың өсіп-өркендеу мәселелерінің негізіне назар аударсақ, осы кезеңде, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық мәселелердің қай саласында да шешімін таппай келе жатқан қиындықтар ауылдық жерлердің үлесінде қалып тұр.

Бұрынғы бір орталыққа топтасқан бір ұйымға бағынған ауыл тұрғындары жекешелендіру саясаты негізінде бірнеше ондаған, жүздеген шаруа қожалықтарына, тіпті кейбір ауылдарда 200-300 отбасының әрқайсысы өз алдына тіршілік етуге дейін ыдырады. Ұсақ шаруашылық жүргізудің қоғам үшін де, жеке шаруашылық мүддесі үшін де тиімсіздігіне қарамастан, оларды ірілендіру бағытындағы шаралар ойдағыдай нәтиже бермей келеді. Соның әсерінен майда шаруашылықтар мемлекеттің беретін жәрдемін де, субсидияны да ала алмайды.

Ең бастысы, майда шаруашылықтарға бөлшектенген елді мекендерде ауылға иелік, қамқорлық жасайтын шаруашылық құрылымы болмай шығады.

Жақында облыста ҚР Парламенті Мәжілісінің эконо­ми­калық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі оты­рысы өткізілді. Онда Ел Президенті Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы ортаға салынды. Әрине, ауыл халқының тұрмыс тіршілігімен елді көркейтіп, көріктендірумен жергілікті атқарушы органдар айналыспайды емес, айналысады. Олардың негізгі жұмысы да сол. Бірақ барлық мәселені шешуге
олардың мүмкіндігі жете бермейді. Ең негізгісі, ауыл әкімдіктерінің бюджеті өз
алдына қаралған жоқ. Міне, осындай жағдайда елді мекеннің, оның тұрғындарының
ортақ мүддесін жүзеге асыру үшін ауылдағы шаруашылық құрылымдарын, мекеме,
кәсіпорындарын, тіпті жекелеген тұрғындардың басын біріктіретін мемлекеттік
емес ұйым – селолық тұтыну кооперативтері болуға тиісті.

Жаңа заманның
талаптарына сай ауылдың әлеуметтік-эко­номикалық дамуын қалыптастыру мақсатында
2006 жыл­дан бастап өзін-өзі басқарудың тиімді формасы ретінде об­лы­сымызда
700 мың халықтың 400 мыңнан астам ауыл тұр­ғындарын қамтитын 160 селолық тұтыну
кооперативтері (ауыл тұрғындары бірлестігі деуге де болады) жүйесі құрылды.
Олар­дың қызметін үйлестіру, мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдарда мүддесін
білдіру мақсатында облыс әкім­ді­гінің қолдауымен тұтыну кооперативтері
қауымдастығы (ассоциациясы) қызмет атқарып келеді. Әрине, бүгін ауылдағы осы
құрылған СТК-лардың барлығы бірдей ойдағыдай жұмыс жасап жатыр деп айту қиын.

Әділдік үшін,
олардың материалдық-техникалық базасы, қаржылық мәселелері шешілмеген жағдайда
өмірге келгенін айту жеткілікті. Оларға жұмыс істету үшін жан-жақты қолдау
керек.

«Қазақстан-2050»
стратегиясын орындаудың мәселелерін қарастырған Үкімет отырысында «ауыл
шаруашылығындағы өнімділік пен тиімділікті арттырудың бір жолы – ұсақ
шаруашылықтарды кооперациялау»,сондықтан «Ауыл шаруа­шы­лық кооперациясы»
туралы бірыңғай Заң әзірлеу қажет­тілігіне ерекше назар аударды. Осы мәселеге
байланысты 2012 жылдың басынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі селолық
тұтыну кооперациясы туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу жобасы дайындалып
жатыр деп, ұсыныс сұрады, пікі­рімізді жолдадық. Одан әзірге хабар жоқ.

Жергілікті
өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өткен жылы жергілікті мемлекеттік
басқару және өзін-өзі басқару туралы еліміздегі заңдарға өзгерістер мен
толықтырулар енгізілді. Бірақ, оларда бүгінгі біз әңгіме етіп отырған ауылдың
жағдайына байланысты мәселелерді реттеудің нақты жолдары айқындалмады. Кейбір
өкілеттіктерді жергілікті өзін-өзі басқару органдарына біртіндеп берудің ғана
жанама жолдары көрсетілді. Міне, осындай жағдайда, облыс әкімі Қ.Көшербаев
облыстағы негізгі дақыл – күріш өндірумен айналысатын майда шаруашылықтарды
селолық тұтыну кооперативтері арқылы біріктіріп, ірілендіру жолымен ауыл
тұрғындарының тіршілігіне ыңғайлы жағдай жасауға бағыттап келеді. Нәтижесінде,
әзірше, 20 мың гектардай егіс көлемі бар ұсақ шаруашылықтар СТК арқылы
қаржыландыруды қолдап отыр.

Мысалы, өткен
жылы Сырдария ауданындағы С.Сейфуллин ауылындағы шағын шаруашылықтар «Қамқор»
СТК-ға бірігіп (төрағасы Мейрамбек Сейтмұратов) 500 гектар жерге күріш егіп, оң
нәтижеге қол жеткізді.

Сонымен қатар,
облыс әкімі бағалы дақыл күріш өндірісінің орынсыз зиянды шаруашылыққа айналып
келе жатқанына ерекше назар аударып, өнімнің тиімді бағамен сатылуын ойластыра
жүргізді. Сыр күрішінің әр гектарына берілетін субсидия көлемі 18-ден 25 мың
теңгеге көтерілді.

Ұсақ, шағын
шаруашылықтарда өндірілген өнімдерді дай­ындау, өңдеу, сату жұмыстарымен қатар
өндіріс үшін қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз ету шараларын да
кооперациялау арқылы атқаруға, арадағы делдалдарды барынша қысқартуға, ұсақ
шаруашылықтарды ірілендіруге баса назар аударылуда.Сол көшпелі отырыста
қаралған мәселе бойынша еске­рілуге тиісті жағдай, ол – мемлекетіміз тарапынан
ауылға деп қаралып, ойластырып жатқан қамқорлық елді мекенге, өнім өндірушіге
тікелей жетпей жатқандығында болды. Оған жоғарыдағы, республикалық деңгейдегі
акционерлік қоғамдар мен корпорациялар иелік жасайды.

Оны айтасыз,
тіпті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, ауыл кәсіпкерлерін несие
ресурстарымен қамтамасыз ету жағдайы республикада таңғаларлық дәрежеде. Мысалы,
2012 жылы ауыл шаруашылығына небәрі 295,9 миллиард теңге немесе жалпы
мемлекетіміз бойынша берілген несиелердің 3 пайызы көлемінде болған болса, ал
енді оның 104,1 миллиард теңгесі, немесе 35 пайызы Алматы қаласына, 88,9
миллиард теңгесі, немесе 30 пайызы Астана қаласына берілген. Яғни, ауыл
шаруашылығы саласына берілген несиелердің 65 пайызы ауыл шаруашылығымен
айналыспайтын еліміздің екі үлкен қалаларында қалып қойған. Қалған 35 пайыздың
14 пайызы – Қостанай, 13,3 пайызы – Ақмола, 7,5 пайызы Солтүстік Қазақстан
облыстарына берілген. Басқа облыстарға – жоқ.

Ауыл үшін, ауыл
шаруашылығы үшін берілетін несие де, түрлі жәрдем де әрбір елді мекендегі
ауылдық тұтыну коо­перативтері арқылы жүріп жатса, құба-құп болар еді. Қаржы
мәселесін шешуде ауыл әкімдіктері негізгі рөл атқаратын болуы керек. Ауылда
кімнің қолынан не келетінін әкім білмесе, кім біледі?!

Ауылды
қаржыландыруды Ресейдегідей
мамандандырылған ауыл банкі арқылы жүргізу барынша тиімді болар еді. Онда
біздегідей коммерциялық банктерге де, «КазАгроға» да, басқа да ортада
жүретіндердің пайдасына кетпес еді. Қаптаған құжаттарды мейлінше азайтып, олардың
да ретін ауыл әкімі шешетіндей ойластырған жөн сияқты.

Қорыта келгенде,
ауылда өзін-өзі басқаруды жетілдіреміз, шаруаға жағдай жасаймыз, ауыл
шаруашылығы өнімдерін арттырамыз десек, мынадай мәселелерге де назар аударған
жөн болар еді.

Ең алдымен, ауылдағы
шаруалар мүддесін қорғайтын ар­найы заң қабылдап, онда жергілікті өзін-өзі
басқарудың тиімді тетігі – селолық тұтыну кооперативінің жұмысына жол ашу
қажет. Сондай-ақ, ауыл еңбеккерлеріне жеңілдетілген, ұзақмерзімді несие беруді
шешу мен ұсақ шаруа қожалықтарын селолық тұтыну кооперативтеріне біріктіруді
заңдастыру қа­жет. Мемлекеттік және жекеменшік машина-трактор стан­цияларын
ашу, техниканы шаруаларға лизинг арқылы сату, сондай-ақ, ауылшаруашылық
өнімдерін тұрақты сатып ала­тын сауда-дайындау кооперативтерін ұйымдастыру
бүгінгі күннің талабына жауап беру болар еді.

 

Сәмит ДАЛДАБАЕВ,

облыстық СТК қауымдастығының
төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз