«ЖЕҢІС» БАҒЫ ЖАЙҚАЛА ТҮСТІ

48

0

Қазалыда көпшілік назарын өзіне аударатын нысандар баршылық. Солардың бірі «Жеңіс» бағы десек, қателеспейміз.
Аумақты саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері жазылған мәрмәр тақталар, мәңгілік алау, мерекелік шара өтетін жабық сахна, алаңдар, аллеялар, субұрқақ, еңселі мәдениет орталығы, өзге де құрылыстар орналасқан. Бүгінгі таңда «Жеңіс» бағында отыз мыңға тарта саялы ағаш жайқала өсуде. Сүйсінерлігі, бұл қадам жалғасын табуда. 
Мұндағы тазалық, көркейту жұмыстары сәт санап қарқын алуда. Бүкілхалықтық шараны кенттегі мекеме-кәсіпорын, ұжымдар іліп әкетті. Бұл күні де ауызбіршілікті еңбектің куәгері болдық. Самат Аманов бастаған кент әкімшілігінің қызметкерлерін де осында жолықтырдық. Бақ ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Әрбір ұжым өздеріне бекітілген бөліктің су жүретін жиектерін тазалап, қураған бұтақтарын қырқып, талдарды әктеп қарбаласуда.  
Кент әкімінің орынбасары Әділхан Әбіловтен білгеніміз, бүгінгі сенбілікке 500-ге тарта адам шығыпты. Тазалық сақтау, көгалдандыру тұрақты күн тәртібіне қойылған. Бұл ретте №204, 170 мектеп, №226 гимназия, мәдениет бөлімі, «Шұғыла», «Ақбота», «Айгөлек» балабақшасы, ішкі істер бөлімі өзгелерге үлгі болуда. Әсіресе Ләззат Ізбасқан қарындасымыз басшылық жасайтын №165 мектеп ұжымына айрықша тоқтала кеткен ләзім. Қашанда көгалдандыруға жіті мән беретін білім ордасындағы жасыл желектің санынан жаңыласыз. Төбенің баурайындағы нысанға тал, терек, жеміс ағаштарын өсіріп, қошеметке бөленген ұжым бұл жолы да белсенділігімен ерекшеленді.
Алдағы сенбі аудан көлемінде «Тал егу» күні ретінде белгіленген. Тек «Жеңіс» бағының өзінде бес мың көшет отырғызылады деп межеленуде. Аяқ су мәселесі толық шешілген. Жиналған қоқыстар «Қазалы тынысы» кәсіпорнының техникаларымен арнайы орынға шығарылуда. Осында ұтырлы істі байқап, сүйсіндік. Ретсіз өскен тал бұтақтарын қиып, қаламша дайындау қолға алыныпты. «Қазалы тынысының» жұмысшысы Пірімбет есімді азаматтың айтуынша, әзірленген қаламшалар бақ ішіне отырғызылуда. Жекелеген тұрғындарға да босатылуда. Шаруақор тірлікке сүйсіндік. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз