ЖІГЕРІ ЖАСЫМАҒАН ЖАНДАР

131

0

Тағдыр әркімге әр алуан сынақ жібереді. Біреулер оған шыдамай, салы суға кетсе, басқа жандар қайсарлық пен төзім танытып, діттеген мақсатқа жетуге тырысады. Қалай десек те, қоғамда өз орнын табуға ынталы, келер күннен күтері мол адамдар аз емес. Олар көпке үлгі, әрқайсысы құрметке лайық. Себебі, тән азабын тартса да, жанын жүдетпеген бүгінгі заманның батырлары кімге болмасын айрықша үміт сыйлайды.
Екі аяғынан айырылып, арбаға таңылған Данияр Ембергенов – бірінші топтағы мүгедек. Бірақ, көлік жүргізіп, халыққа қызмет көрсетеді. Ол – әнші, тіпті, би де билейді. Бұрын әнді тек караокеде айтатын. Ал, қазір оны табыс көзіне айналдырды. Тойларда ән шырқайды. Осыдан екі жыл бұрын басына қиындық түскен қайсар азамат алғашқыда есеңгірегенімен, тез ес жинады. Бүгінде “Ешкімге масыл болмай, отбасымды өзім асыраймын”, – деп тырмысып келеді. Даниярды жары Бақыт та әркез демейді, “Өмірдің өзі өтпелі, қиындық үшін түңілудің қажеті жоқ” деп есептейді.
– Бұл жағдай біз шаңырақ көтерген соң бір жылдан кейін орын алды. Аман-есен босанып, қол-аяғымды бауырыма алған едім. Сол күні Данияр ерекше қуанып, перзентханаға соқты. Әрі қарай жолдастарымен дарияның Көксу деген бөлігіндегі демалыс орнына кетті. Сөйтіп, достарымен биіктіктегі төбеден секіріп, суға түсіпті. Данияр сүңгіген жердің суы таяз болса керек, ол бар екпінімен тірелген. Жетінші мойын омыртқасы сынып кетіпті. Содан бері
жолдасым мүгедек арбасына таңылды. Отбасымыздағы бұл жағдай қай-қайсымыз үшін де оңайға соқпады. Әсіресе, алғашқы жылы қатты қиналдық. Барлығын өткере білдік. Қазір екі жасар Айару есімді қызымыз өсіп келеді. “Өмір, өмір, болмайды түңілуге!” демекші, біз де қайта тұрып, алға ұмтылудан шаршамаймыз. Мен Даниярдың аяққа тұратынына сенемін. Жанашыр азаматтар да болашаққа деген сенімімізді арттырып келеді, – дейді Б.Адамбаева.
Әңгіме барысында Бақыт жарының осы кезге дейін бірде-бір рет қиындыққа мойынұсынбағанын да айтты. Расында, кейіпкеріміз әр қиындықтың артында бір жақсылық барына сенеді. Басты ұстанымы осы. Қабақ шытпайды, үнемі күліп жүреді. Осы жайдары да жайсаң мінезімен ерекше. Қоғамдық өмірде де белсенді. Жаз айында Данияр “Облыстық жастар ресурстық орталығы” КММ тікелей қолдауымен өзінің жеке қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Содан түскен қаржыға Алматы қаласына барып, кезекті ем-домын қабылдады. Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Бірақ, ел қатарлы тік тұруды қалайды. Білікті дәрігерлер оған Оңтүстік Кореяның озық медицинасында емделіп келуге кеңес берген. Алайда, қалтаның жұқалығы қол байлап тұр. Ота жасауға кем дегенде 50 мың АҚШ доллары қажет екен. Ал, пәтерден пәтерге көшіп жүрген жас шаңыраққа бұл қаражатты табу – қиынның қиыны. Олардың ендігі үміті – жомарт жандардың жүрек жылуында.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз