ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

67

0

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛМүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі қашан да болмасын
өзекті және маңызды. Олар ешқашан мемлекет назарынан тыс қалған емес. Оған арнайы
құрылған қоғамдық ұйымдар да өз үлестерін қосып келеді. Соның бірі – халықаралық
«Чернобыль және Арал балалары» қоғамдық қайырымдылық қорының Қызылорда қаласындағы
өкілдігі. 2000-жылдан бері қоғамдық қор жұмысын абыроймен атқарып келе жатқан Құралай
Исаева биыл 3 желтоқсанда Халықаралық мүгедек күніне орай өткен салтанатты жиында
облыс әкімінің қолынан «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын алды. Еңбегі еленіп,
жетістікке жеткен марапат иесін біз де құттықтап, әңгімеге тарттық.

– Құралай Төлеуқызы, қоғамдық қор қашан құрылды, оны бүгінгідей дәрежеге жеткізудің жүгі қанша­лықты ауыр болды?

– Біз өз жұмысымызды 2000-жылы бастадық. Мақсат – тех­но­генді және экологиялық апат­тан зардап шеккен балаларды әлеуметтік қолдау, олардың құ­қы­ғын қорғау еді. Алғашында, әри­не, қиын болды. Себебі ол кезде біздің өңірде қайырымдылық, де­меушілік көмек көрсету ұғымы әлі қалыптасып үлгермеген болатын. Сон­да да болса, өзім мекемелерді аралап, көмек сұрауға кірістім. Маған алғаш болып көмек қолын созған «ҚазГерМұнай» компаниясы болды. Олар алты жыл қатарынан балалардың өзек­ті деген мәселелерін шешуде көмек қолын созды. Сон­дай-ақ, кей қызметкерлері киім-ке­шектермен қамтамасыз етті. Се­бе­бі біздің балалардың көпшілігі әлеу­­меттік жағдайы төмен отбасынан шыққан еді. Ал кино саласынан қоғамдық жұмысқа топ ете қалған маған бұл шаруаны алып кету оңай болмады. Алғашында бүл­­діршіндері науқастанған ата-ана­­лар кабинетіме келіп жылап оты­­ратын. Мен қалай көмектесерімді, жұ­батарымды білмей қосыла көзі­ме жас алатынмын. Солайша дүние­жү­зілік тәжірибелерді оқып, көріп, танысып, шыңдала бастадым. Алдыма кез келген бастаған ісімді аяғына дейін жеткізіп, нәтиже шығару керек деген мақсат қойдым.

– Бүгінде аймағымызда ақ қан дертіне шалдыққан қанша бала бар, оларды толғандыратын мәселе қандай?

– Өздеріңізге белгілі біз экологиялық қауіпті аймақта тұрамыз. Бұл балалардың денсаулығына әсер етпей қоймасы анық. Әсіресе, Арал өңірі балаларының мәселесі біздің басты назарда. Сондай-ақ, 15 жылдан бері онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға қолдау көр­се­тіп келеміз. Егер олардың мәсе­лесін уақытылы шешіп, қолдау көр­сетпесе, көз жұмуы мүмкін. Сон­дықтан емін ешқашан тоқтатпау ке­рек. Бірақ емдеу процесі өте ауыр. Олар3 жыл химиотерапия қа­былдайды. Сол уақытта асқыну бай­­қалмаса, жақсару сатысына өте­ді. Демек, өмір сүру мүмкіндігі артады. Осы тұста балаларға, ата-аналарға психологиялық қолдау өте қажет. Олар жалғыз екендігін се­зінбеу керек. Қазір бізде ақ қан дертіне шалдыққан 46 бала тіркеуде болса, соның жиырмасы осы мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Сондан кейін барып олар оқуға, спорттың жеңіл түрімен шұғылдануға мүмкіндік алады. Сол тұста бүлдіршіндерге қоғаммен араласу, айналасындағылардың қол­­дауы өте қажет. Осы орайда біз­ді толғандыратын бір жайт бар. Бұл дертке шалдыққан балалар негізінен үйден оқытылады. Бүгінгі күні бізде бұл үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі үйден білім алатын балаларға білікті мұғалімдер емес, көбіне жүктемесі аз педагогтар жіберіледі. Ал бұл балалар жоғарғы оқу орнына түсетін шақта қиындық келтіріп жатыр. Себебі олар Ұлттық бірыңғай тестке қатыса алмайды. 2014-2015 оқу жылдарында жан-жақты ізденудің арқасында 4 бала оқуға түсті. Сондай-ақ, жазғы сауықтыру, тынығу орындары да біз үшін үлкен мәселе. 2013-2014 жылдары 15 бала қаламыздағы «Арай Санрайз» және Алматыдағы «Тау-Тұран» лагерінде болып келді.

– Біршама мәселелердің шеші­луіне түрткі болыпсыз. Бұл жо­балардың барлығының нәти­желі аяқталуының сыры неде?

– Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Бұл біздің біріге жұмыла жұмыс жасауымыздың арқасы. Бұл жерде біз балалардың мәселелерін билікке жеткіземіз, ал олар бізге үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда облыс әкімдігін, облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масын, облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасын, «На­мыс» қоғамдық бірлестігін, «Аман-саулық» қоғамдық қорын жоба­дағы серіктестеріміз деп білеміз. Сонымен қатар «ЮНИСЕФ», «Сорос-Қазақстан», «Бота», ресейлік «Өмір сыйла» қоғамдық қор­лары­мен тығыз байланыстамыз.

– Қазір «Балаларды отбасында қалдыру» жобасын жасап жатыр екенсіздер. Жобаның жүзеге асырылу қарқыны қандай?

– Бұл бастама биыл жазда бас­талды. Біз негізінен Қарағанды облысымен тәжірибе алмастық. Ол жақтан арнайы маман келіп семинар-сабақтар өткізді. Қазір қалалық перзентханамен, облыстық «Ана мен бала орталығымен», қаладағы 4 емханамен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Аталмыш мекеме қызметкерлері анасы баласынан бас тартпақ болған жағдайда бізге хабарласады. Арнайы мамандар тобы жиналып босанған әйелмен тілдесіп, бас тартудағы негізгі мәселесін шешуге тырысады. Сол арқылы баланы отбасында қалдыруға жұмыс жасалады. Әзірге еңбегіміз нәтижесіз емес. Шаранасын қабылдағысы кел­­меген келіншектердің 75 пайы­зы осын­дай жұмыстан соң ойынан айнып, өз қателігін мойындады. Бір ай­та кетерлігі, біздің арнаулы топта жұ­мыс жасайтын психолог се­кілді мамандарға төленетін қаржы мар­дымсыз. Соған қарамастан олар әр­кез көмек қолын созуға тырысады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан: М.ҚОЖАХМЕТОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз