ЖҰМЫС КҮШІ ТАПШЫЛЫҒЫ ТУЫНДАҒАН

60

0

теріскейге жастардың бетбұрысы қажет

Құс қанаты талып, ат тұяғы сүрініп
жететін ұлан-ғайыр даламыздың қай қиыры да қазақ баласы үшін өте қастерлі
мекен. Аумағы жұмыр жердегі кейбір мемлекеттерді он орап алатын Қазақстан
жерінде әлі де кәдеге жаратылмай жүрген алқаптар баршылық. Осындай ауқымды
жерлерді қалай игере аламыз? Бүгінгі күннің бедерінде күн тәртібіне қосылып
отырған өзекті проблема біздің еліміздегі әрбір азаматты ойландырады. Иісі
қазақ баласы үшін игерілмеген алқаптарға түрен салып, одан мол өнімге негіз
қалау бас­ты мәселенің біріне айналды десек те
болады. Расында, Қазақстанның әрбір бөлігінің өзіндік ерекшелігі бар емес пе?
Оңтүстік өңірде қалың қазақ ұйысып, онда тұратын ұлт пен ұлыстың басым бөлігін
құрайды. Ал батыс пен шығыста қазақ пен өзге этнос өкілдерінің арасындағы үлес
салмағы шамалас. Теріскей беттегі облыстарда қазақтар саны біршама төмен.
Әрине, оған кезіндегі түрлі саяси жағдайлар әсерін тигізгені белгілі. Тың игеру
жылдарында өзге этностар саны артып, қазақтардың үлес салмағы азайып қалғанын
аңғару қиын емес. Не керек, қазіргі таңда сол аумақтарда қаншама ұлт пен ұлыс
тату-тәтті ғұмыр кешіп, бостандық байрағын бекем ұстауға өз үлесін қосып
келеді.

Бүгінгі таңда әлемдегі көптеген
мемлекеттерде әртүрлі ұлттар өздерінің тарихи Отандарына оралуға ниет танытып
отыр. Әрине, осының салдарынан сол аймақтарда мекен еткен халықтар саны біршама
азайып қалады. Дәл осыған ұқсас жағдай біздің солтүстік аймақта орын алып
келеді. Есесіне еліміздің күнгей бетіндегі жұрт демографиялық мәселеде оң
өзгерістер туғызды. Негізінде Қазақстанның солтүстік аумағында Ақмола,
Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары жатқызылады. Ол жерлерде 2,8-3 млн. шамасында адам тұрады. Мерзімді басылым
беттерінде жария көрген деректерге сүйенсек, олардың саны жыл санап төмендеп
бара жатқанын аңғару қиынға соға қоймас. Мәселен, 2011 жылы Солтүстік Қазақстан
облысында – 17, 2013 жылы 15 мың адам өзге елдерге көшіп кеткен. Бұл өңірге
іргелес жатқан Шығыс Қазақстанда да дәл осыған ұқсас көрініс болып отыр. Онда
2011 жылы – 42, 2013 жылы 34 мың тұрғын өмірінің қалған бөлігін басқа
мемлекетте өткізуге шешім қабылдапты. Қазақстанның тағы бір қиырында қоныс
тепкен Қостанай облысында да жыл сайын көш-көлігін қамдап жүрген жандар
баршылық. Облыста жылма-жыл 20 мыңның шамасындағы адам Қазақстаннан тысқары
аймақтарға аттанып жатыр.

Ендігі кезекте оңтүстік өлкенің демографиялық ахуалы жөнінде аз-кем
тілге тиек ете кетелік. Қазақстанның бұл аумақтарына Қызылорда, Оңтүстік
Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласы енгізіледі. Осы
облыстарда 8 млн. адамнан астам халық тұрады екен. Ара салмағын есептеп
көрсеңіз, екі еседен артық көп екенін бағамдау қиын болмас. Әрине, халық
санының осылайша арта түсуі өзіндік проблемаға итермелейді. Күні ертең олардың
барлығына екі қолға бір кәсіп тауып беруге алып келеді. Тағы бір айта
кетерлігі, демографияда бала туу жөнінен осы облыстар алдыңғы қатарда келе
жатқаны айдан-анық. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2013 жылдың
бастапқы кезеңінде 2,7 млн. адам тұратыны есептелген. Сондай-ақ, Алматы
облысында – 1,9, Алматы қаласында – 1,4, Жамбыл облысында 1 млн. адам тұрса,
Қызылорда облысында 740 мың адам тұратыны белгілі болды.

Осы орайда Қызылорда тұрғын­дарының қарқынды түрде өсіп келе жатқанын
айта кетелік. Өйткені, 2003 жылы біздің облыста 603 мың адам тұрады деп
есептелген. 2013 жылы бұл көрсеткіш 726 мың адамға жеткен. Сонда бас-аяғы он
жылдың ішінде жергілікті жұрттың саны бірден 123 мың адамға артқан. Әрине, бұл
оң көрініс көпшіліктің көңілін көтереді. Дегенмен, алдағы уақытта біршама
қиындық туындатуы мүмкін. Алдын-ала жасалған болжамдарға сүйеніп қарап көрсек,
2030 жылы Сыр өңірінде 1 млн. адам мекен етеді деген пікірлер айтылып қалады.
Несі бар, ол күнге де жетерміз. Алайда, ол уақытта облысымыз соншама тұрғынды
жұмыспен қамтуға шамасы келе ме? Уақыт ағымы бір орында тұрмайтынын ескерсек,
ол адамдар жылдан жылға өсіп, халықты еңбекпен қамту мәселесінде біршама
қиындықтар туындауы ғажап емес.

Бүгінгі таңда елімізде халықты солтүстік өңірлерге қоныстандыру
бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алына бастады. Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрлігі осы мақсатта арнайы жоспар жасауға назар аударып
отыр. Әлеуметтік салаға тың серпіліс алып келеді деген ірі жоба жеті түрлі
бағытта қолдауға арналған. Олардың арасындағы ең маңыздылары ретінде «Көші-қон
саясатын жетілдіру тұжырымдамасы» мен әлеуметтік көмек жүйесін дамыту аясындағы
«Өрлеу» пилоттық жобасын айта кеткеніміз абзал. Расында, еліміздің түрлі
заңдарына сәйкес әрбір азамат мемлекет аумағында қалауынша көшіп, қоныстануына
құқы бар. Осы орайда кейінгі жылдарда демографиялық дүмпу көрініс беріп, халық
саны күрт өсіп келе жатқан оңтүстік өлкенің тұрғындарын солтүстік аймақтарға
бағыттау мәселесі ойластырылуда. Еліміздің статистика агенттігінің
мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның ішкі көші-қонында бұрынғы жылдарда көрініс
бермеген қозғалыс байқалып келеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында
тұрғылықты мекенжайын ауыстырған адамдар 2013 жылдың сәйкес кезеңімен
салыстырғанда 31,5 пайызға артып, соның нәтижесінде 139463 адамға жеткен. Әйтсе
де, олардың көбісі Астана және Алматы қалаларына аттанып, сол жерлерде
қоныстануға ниет білдірген. Шындығын айтқанда, Қазақстанның басты шаһарлары
санатындағы бұл өңірлерде онсыз да халық саны күрт артып келе жатқанын
бағамдауға әбден болады. Мына бір дерекке көз салып көрсеңіз, біраз жайды
бағамдауға негіз бар. Еліміздің статистика агенттігінің мәліметі бойынша соңғы
жылдарда бас ордамыз – Астанаға бет алған аза­маттардың саны артып келеді.
Мәселен, еңселі елордамызға 2011 жылы – 59 мың, 2012 жылы – 51 мың, 2013 жылы –
47 мыңнан астам тұрғылықты мекеніне айналдыруға ниет білдіріпті. Сондай-ақ,
оңтүстік астанамыз – Астана қаласына да ат басын бұрушы ағайын баршылық. Алатау
баурайындағы әсем шаһардың тұрғыны атануға 2011 жылы – 72, 2012 жылы – 51, 2013
жылы – 52 мың адам ниет білдірген.

Әрине, бұған ешкім тоқтау сала алмасы анық. Іргелі қалаларда жұмыс көзі
көп екені белгілі. Осындай мақсатпен жастардың көбісі сол шаһарларға қарай
аяңдай түседі. Рас, біреудің екі қолына бір кәсіп табылуы мүмкін, ендігі бірі
ол жерге келгенімен тұрақты жұмыс таба алмай, ұнжырғасы түсіп кетуі ғажап емес.
Онда көшіп келген қараша жұрттың басым бөлігін оңтүстік азаматтары құрайтыны
айтпаса да түсінікті. Келешекте солардың біршама бөлігі теріскей төсіндегі
өңірлерге бет бұрса, оған мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Мемлекет
тарапынан қолға алынып отырған жобалар негізінде ол жаққа қоныс аударған жұртқа
үй мен жерден бөлек жылыжай мен бау-бақшалық шаруашылықты дамыту үшін
микронесиелер беру қарастырылуда. Оңтүстіктен барған жұрт өздеріне тән кәсіп
түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, ол жақтарда халық санын арттырудың тағы бір жолы – жас
мамандарды көбірек тарту. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
тарапынан қолға алынған істің бірі – оңтүстікте мектеп бітірген түлектерді
солтүстік өңірдегі жоғары оқу орындарына көбірек тарту болып табылады. Бұл мақсатта 1000 грант бөлініп, оған ие
болған жастар университет пен колледжде білім ала алады. Негізінен кәсіптік
білім беруді көздейтін бағдарлама негізінде аталған өңірлердегі жоғары оқу
орындары мен колледждерге грантқа қол жеткізе отырып, жатақханамен қамтамасыз
етіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі тарапынан жас­тар
мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жас­тары – металлургияға» атты арнайы
мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Аталған бағдарламаның мақсат-міндеттері де
біз жоғарыда сөз еткен жайлармен сабақтасып жатыр.

Қысқасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі қолға алған оңтайлы істер
біздің еліміздің болашағының жарқын болуына негіз қалайды. Сондықтан
Қазақстанның көкжиегін кеңейту мақсатында біз сол игілікті істерге белсене
қатысқанымыз артық емес.

 

Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз