ЖҰМЫСШЫЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

42

0

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) әлем жұртшылығының назарын проблема ауқымына, сондай-ақ жұмыс орнында жыл сайынғы адам өлімін азайтуға мүмкіндік туғызатын еңбекті қорғау мәдениетін құру және алға жылжыту  мақсатында 28 сәуірді «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» деп жариялады. Ол алғаш рет 2003 жылы аталып өтті. Еңбекті қорғау күнін өткізу идеясы американдық және канадалық жұмыскерлер мен 1989 жылы жұмыста қайтыс болған және зардап шеккен жұмыскерлерді еске алудан туындаған.
Бұл күні әлемнің жүзден астам елдерінде жұртшылық назарын еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне аударуға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. ХЕҰ бағалары бойынша күн сайын әлемде орташа есеппен 5000 адам шамасында өндірістегі жазатайым оқиғалар мен ауру-сырқау нәтижесінде қайтыс болады. Оның ішінде 350 мың жағдай өліммен аяқталса, 1,7-2 млн.-ға  жуығы жұмыспен байланысты аурулардан болған  өлімдерді құрайды. Сонымен қатар, жыл сайын қызметкерлердің 270 миллиондайы өндірістегі жазатайым оқиғадан және 160 млн.-ы кәсіптік сырқаттардан жапа шегеді. Мұндай жазатайым оқиғалардың көбісінің себебі, жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тараптарынан және зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігі жағдайларын құруға немқұрайлы, жауапсыз қарау мен елемеушілік салдарынан  болады. Дегенмен, әртүрлі салалардағы жарақат себептерінің өз ерекшеліктері бар. Барлығына ортақ нәрсе – жұмыс  өндірісін қанағаттанарлықтай ұйымдастырмау, еңбек және өндіріс тәртіптерін бұзу, көлік құралдарын және тағы басқа пайдалану кезінде техника қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болып табылады.
 Еңбек қауіпсіздігін сақтамау көптеген жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелеріне ауыртпалығын түсіреді, сондай-ақ, олардың салдарынан әлем экономикасы жылына жалпы ішкі өнімнің төрт пайызынан айырылып отырады. Өкінішке орай, мұндай шығындарға біздің ел де тап болып отыр. Қазіргі уақытта, республикада зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында 1 млн.-нан астам жұмыскер еңбек етеді. Жыл сайын еліміздің ұйымдары мен кәсіпорындарында үш мыңнан астам жазатайым оқиға орын алып отырады. Олардың үш жүзінен артығы адамдардың қаза болуына әкеліп соғады. 
Бұл жағдай, ең алдымен, жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне қажетті көңіл аудармайтынынан, жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі нормалары мен ережелерінің сақталуына деген жауапкершілігінің төмендігінен, өндірістік процестің техникалық ахуалынан туындайды. 
Еңбек инспекциясы жүргізетін тексерістер еліміздің көптеген кәсіпорындарында қолданылатын машиналардың, құрал-жабдықтардың, тетіктердің және еңбек құралдарының техникалық күйі стандарттардың, нормалардың талаптарына және оларды пайдалану ережелеріне сай келмейтіндігін анықтап отыр. Шектен тыс тозған негізгі өндірістік қорлар мен шектеулі инвестициялық мүмкіндіктер жағдайында техногенді факторлардың қоршаған орта мен халыққа тигізетін зиянды әсері күннен күнге ұлғайып келеді. Бұл тұрғыда аса үлкен алаңдаушылықты тау-кен металлургия саласының кәсіпорындары туғызады. Себебі, мұндағы негізгі қорлардың 40 пайызға жуығы тозған. Өндірістік жарақаттанудың, әсіресе, жұмыскерлердің өліміне әкеліп соқтыратын жазатайым оқиғалардың ең жоғары деңгейі құрылыс саласында да тіркеліп отыр. Биікте орындалатын және жер қазумен, көтергіш тетіктерді пайдаланумен байланысты жұмыстар жұмыскерлердің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. Көптеген жағдайларда объектілерде қажетті қауіпсіздік шаралары, жеке қорғану құралдары қолданылмайды. Сондықтан, жұмыскерлердің еңбек қызметі процесіндегі қауіпсіздігін және еңбегін қорғауға бағытталған барлық қажетті шараларды қолдану қажет. 
Жалпы, ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы (ЕКХК) 1996 жылдан бастап бұл күнді атап өтіп келеді. Және де биылғы жылдың басты тақырыбы болып «Жұмыс орнында химиялық заттарды пайдаланудағы еңбек қауіпсіздігі» болып бекітілді. 
Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ,
облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының  басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз